«Не үкіметтен, не әкімдіктен көмек жоқ»

Oinet.kz 21-05-2020 1411

Мақтаарал өңірінің халқы биыл көрген қиындығын ешқашан ұмытпайтын шығар, сірә. Сардобадан келген су 1000-нан астам үйді тасқынның астында қалдырды. Қаншама гектар егістік жарамсыз күйге түсті.  Төрт түліктің де шығыны бар.  Ол аз болғандай, ерте көктемнен бері қыруар ақша салып еккен өнім өтпей, егістікте шіріп жатыр. Осындай сындарлы сәтте не үкіметтен, не әкімдіктен қайыр болмай тұр.

image.png

Жалпы, оңтүстіктің шаруалары соңғы жылдары күнгейдің жылы климатын пайдаланып, жылына екі рет өнім алу тәжірибесіне ден қойған. Алғашқы өнім ақпанда егіліп, сәуірде жиналады. Сәуірде  екінші өнім егіледі. Бір жерден екі рет өнім алып, «пайдаға қарық бола қаламын» деген диқандар биыл шетінен банкротқа ұшырап жатыр. Жетісай ауданы Абай ауылдық округі Отан ауылының тұрғыны Ерлан Қарабалаевтың айтуынша, бәріне кінәлі – карантин.

– Қырыққабат егуді биыл алғаш рет қолға алған едім. Үш гектар жерді жалға алып, еккен өнімге 5 миллион 200 мың теңге шығардым. Өнімнің  аздаған бөлігін сатып, 1 миллион теңге шығынымды жаптым. Қалғанының бәрі далада қалды. Енді жалға алған әр гектар үшін 300 мың теңге төлеуім керек. Мені қойшы, екен өнімін мүлдем сата алмай қалған шаруалар да бар. Досым 6 миллион теңге шығарып қырыққабат еккен еді. Шығынның бір тиынын да қайтара алған жоқ, – деді күйінген шаруа. Қырыққабаттың өтпей қалуының басты себебі – сұраныс жоқ. Бұған дейін жетісайлық шаруалар еккен өнімдерін, негізінен, Ресейге апарып сатып жүрген. Биыл карантинге байланысты сұраныс болмады. Сұраныс болмаған соң, өнімнің бағасы күрт төмендеген.

– Былтыр жетісайлықтар қырыққабатты Ресейге апарып, әр келісін 180 теңгеден сатқан. Биылғы баға 80 теңгеден болған күннің өзінде, шығынды жабуға болар еді. Алайда сұраныстың жоқтығынан  10 теңгеге дейін түсіп кетті. Тіпті тегін таратып жатқандар да бар. Өйтпеске амал жоқ, себебі қырыққабат уақыты өтсе тез бұзылады, – дейді диқан Қарабалаев.  5 миллион 200 мың теңге шығынға батқан шаруа сәуірде екінші өнім ретінде қауын-қарбыз егуді жоспарлаған екен. Жоспарды жүзеге асыруға жағдай жоқ. Енді ол  жалға алған жерін басқа бір азаматқа екінші қайтара әр гектарын 150 мың теңгеден жалға беріп жіберген. Қарабалаевтың айтуынша, осы уақытқа дейін не үкіметтен, не әкімдіктен көмек болмаған. Тіпті карантин күшейген кезде қырыққабат алуға келген клиенттер блокпостардан өте алмай, кері қайтуға мәжбүр болыпты.

– Егілген қырыққабатты егістіктен тазартудың өзі де шаш етектен шығын болайын деп тұр. Жиналған өнімді қайда жіберерімізді білмейміз. Оны мал да жемейді екен, – дейді шаруа.

Ауданда тіпті жиналған өнімді тегін таратып жатқан шаруалар да бар. Жуырда бір диқан су тасқынына ұшыраған мақтааралдықтарға азық-түлік, киім-кешек алып келген көліктер бос қайтпасын деп, қырыққабатқа толтырып берген.  «Піскен өнімді тегін алып кетіңіздер» деп жарнама берген диқандар да бар. Сырт қарағанда адамның жүрегін елжірететін қайырымдылық. Бірақ оның ар жағында еткен еңбегі еш, тұзы сор болған шаруаның тұрғанын түсіну қиын емес.  

Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Әбуовтің айтуынша, шаш етектен шығынға ұшыраған шаруаларға өтемақы беру мәселесі қарастырылмаған. Қырыққабат еккен диқанға  субсидия да берілмейді.

– Жетісай ауданы бойынша былтыр 1026 гектар жерге қырыққабат егіліп, 36 мың тонна өнім жиналған. Биыл ауданда егілген қырыққабат одан көптеу. Өнімнің жиналуы карантинмен сәйкес келді. Тауарды Ресейдің шекарасына дейін жеткізуде ешқандай кедергі болмайды. Мәселе – сатып алатын клиенттердің жоқтығында. Егер шаруа қырыққабаттан кейін екінші өнім егетін болса, жеңілдетілген несие беріледі, – деді бөлім басшысы. 

Яғни мемлекет жеңілдетілген несиемен ғана жарылқайды.

– Үкімет тарапынан комиссия немесе тапсырма келді ме? Жалпы, аудан бойынша шаруаларға келген шығынды есептеп жатқан адам бар ма? – деген сауалға бөлім басшысы:

– Ешқандай тапсырма келген жоқ. Біздің есептеуіміз бойынша әр шаруаның шығыны әртүрлі. Шамамен гектарына 1 миллион теңгеден 1 миллион 600 мың теңгеге дейін. Шығын жердің жекеменшікте болғанына немесе  жалға алынғанына, техниканың бар-жоғына байланысты өзгереді, – деді М.Әбуов.

Шаруалар үміт еткен екінші өнімнің қаншалықты қайырлы болары белгісіз.  Екінші өнімге бақша дақылдары егіледі. Негізінен, қауын-қарбыз. Ол маусымда піседі. Биыл Жетісай ауданы бойынша 11 мың гектар жерге қауын-қарбыз егілді. Жиналған өнімді шаруалар Ресейге сатады.  Германияға, Балтық жағалауы елдеріне дейін алып баратын шаруалар бар. Ал Еуропа мен Ресейде коронавирус күшейіп тұр. Әсіресе негізгі тұтынушы Ресей бұл індеттен жуық арада оңала қоймайтын сияқты. Маусым айында «қырыққабат эпопеясы» тағы да қайталануы әбден мүмкін. Қауын-қарбызды ішкі нарықта сатуға болады.  Бірақ мұндай жағдайда өнім бағасы қатты құлдырайды, ол тіпті жол шығынын да ақтамауы мүмкін. Айналып келгенде,  екі пайда табамын деген шаруа екі қайтара банкрот болуы әбден мүмкін.

Жетісай өңірінде мақта егумен айналысатын «Кетебай» өндірістік кооперативінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Сәду Бекеновтің айтуынша, бүгінгі күні шаруалар өте қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр.

– Ел су тасқынына ұшырап жатқан кезде өтемақы сұраудың өзі қиын. Дегенмен қырыққабат, қауын-қарбыз егу шығынды көп талап ететін дақыл. Гектарына миллиондаған теңге кетеді. Еккен өнімін сата алмай, шығынға ұшыраған шаруаларға мемлекет тарапынан өтемақы беріле ме, жоқ па, әлі белгісіз. Қалай десек те,  мұның соңы жалпы ауыл шаруашылығына үлкен соққы болайын деп тұр, – деді төраға.

Мемлекет тарапынан ештеңе істелінбей жатыр деуге болмайтын шығар. Бұған дейін үкімет отырысында облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев бұл мәселені премьер-министр Асқар Маминнің алдына қойып, оңтүстіктегі шаруалардың 300 мың тонна қырыққабатын сатуға жәрдем сұраған. Алайда ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров карантинге байланысты ешқандай жәрдем бере алмайтынын алға тартты.

Қазір әлеуметтік желіде Шымкентте пияз, қырыққабат артқан 40 шақты жүк көлік иелерінің жиналып,  билікке деген наразылығын білдіргені жөнінде ақпараттар пайда болды. Жүк тасушылардың айтуынша, олар Ресейге, Белоруссияға,  Қазақстанның өзге өңірлеріне өнімді тасымалдауға қажетті рұқсат құжаттарын осы уақытқа дейін алмаған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Шымкенттегі аумақтық бөлімшесі «база істемей қалды» деген желеумен фитосанитарлық сертификат бермей отырған көрінеді. Сертификат алу үшін мамандардың қолына 20-40 мың теңге қыстыру қажеттігі де айтылады. Сонда бұл не? Онсыз да шығынға ұшыраған шаруаны мүлдем тоқырату ма? Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров шырылдаған шаруалардың обал-сауабын неге ойламайды?

Жалпы, ауыл шаруашылығы министрлігі осы жолы шыдамы мен төзімінің өте мықты екенін дәлелдеді. Оңтүстікте шаруалар өнімдерін өткізе алмай шулап жатқан кезде министр Сапархан Омаровтың өзі не болмаса орынбасарлары Түркістан облысына ат ізін салған жоқ.  Кеңседегі шаруадан басқаға бас ауыртпайтын бұл неғылған министрлік, сонда? Осы уақытқа дейін министр С.Омаровтың тарапынан не мақта егуді қысқартып,  бір жерден екі өнім алу тәсілін ұдайы насихаттап, жергілікті әкімдерге тапсырма беріп жүретін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тарапынан шығынға батқан шаруаларға өтемақы төлеу жөнінде үкіметке ұсыныс берілді ме? Бұл туралы ешқандай ақпарат жоқ. Егер тиісті орындардан ұсыныс болса, үкімет үнсіз қалмас па еді...

- Наурыз айында шаруалармен өткен кездесуде Өмірзақ Шөкеев: «Шаруалар назардан тыс қалмайды. Елдегі төтенше жағдайға байланысты ауыл шаруашылығы саласының ақсауына жол берілмейді. Керісінше, қайта жұмысты күшейту қажет. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі», – деген еді.  

Сонда осы уақытқа дейін берілген уәделер, төтенше жағдайға, дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген жүз миллиардтаған, триллиондаған теңгелер қайда кетті?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ,

Түркістан облысы

ДДСҰ әлемде коронавирустың екінші толқыны қашан болатынын айтты
Хасан Тоқаевты Иранға шақырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу