Даниал Ахметовтің қарындасын ұрламақ болғандарға қатысты сот үкімі шықты
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің қарындасын ұрламақ болғандарға қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Stan.kz порталына сілтеме берген Oinet.kz.
Үкімді тыңдауға сот залына сырттан ешкім кірзілмеді. Тек онлайн түрде ғана бақылауға мүмкіндік болды. Сотталушы Асхат Тезекбаев пен Игорь Милованов абақтыда отырып тыңдады.
Бұл қылмыс жарты жыл бұрын болған. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің қарындасы Гүлфаз Аубанованы ұрлап кету үшін олар бірнеше ай бойы дайындалыпты. Ол тұратын үйдің көше бойындағы бейнекамераларды алдын ала бұзып, таң атпай жұмысқа шығар кезін аңдыған. Сыртқа шыққан әйелді қос сотталушы күштеп көлікке отырғызбақ болады. Сол кезде Гүлфаз Аубанова оларды сөмкесімен ұрып, қашып құтылған.
Қылмыскерлер жәбірленушінің ағасынан қарындасы үшін ақша бопсаламақ болыпты. Тіпті 200 миллион теңге аламыз деп ойлаған. Бірақ ойлары іске аспады. Сот кезінде олар мұндай қылмысқа "қарызға белшеден батқан соң бардық" деп отыр.
Енді қылмыскерлер тек түрмеде отырып қана қомай, бұрын Павлодардың денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық бақылау департаментін басқарған Аубановаға бірі 2 миллион, екіншісі 4 миллион моральдық өтемақы төлеуі тиіс.
"Сотталушы Тезекбаев кінәлі деп танылып, 13 жылға бас бостандығынан айырылсын. Игорь Милованов та кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айрылсын. Жазаларын қатаң тәртіптегі түрмеде өтейді. Жаза уақыты 2019 жылдың 28-қыркүйегінен бастап есептеледі", - деді Павлодар қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Қыдырбек Сатабаев.