Шымкенттегі №6 қалалық емханасы
Тұрғындардың денсаулығын сақтап, нығайту және емдеу ісінде емханалардың алар орны ерекше. Денсаулығымыз сыр бере бастағаннан дәрігерден кеңес алуға бірінші кезекте емхана қызметкерлеріне жүгінетініміз рас. Күніне бірнеше пациентті қабылдайтын емханалардың әр күні қарбаласқа толы. Бұған Шымкенттегі №6 қалалық емханасына бас сұққанымызда куә болдық.
Елбасының «100 мектеп 100 аурухана» бағдарламасы бойынша 2010 жылы ашылған мекемеде таңғы сағат 08:00 қызу тіршілік басталады. Зертхана қызметкерлері келген пациенттерден анализдер алып, талдау жұмыстарына кіріседі. Ал дәрігерлер тексеруден өтуге, кеңес алуға асыққан тұрғындарды жеке-жеке қабылдап, толыққанды емдік шара жүргізеді. 2014 жылы Оңтүстіктің «Ең үздік мекемесі» атанған емхана жалпы 72820 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Бір күнде 500 адамды қабылдауға қауқарлы мекемеде 26 түрлі сала дәрігерлері қызмет етеді. Мамандардан кеңес алғаннан кейін пациенттер қажет жағдайда процедуралық кабинет пен клиникалық диагностикалық зертханасына жолданады. Процедуралық кабинетте дәрігерлер тағайындаған барлық манипуляцияларды атқаратын білікті мейіргер жұмыс істейді. Дәрігерлерге күрделі дәрігерлік манипуляцияларды атқаруға белсенді түрде көмектесіп, науқастарға егу жұмыстарын жүргізеді. Емханадағы егу бөлмесі – бұл «қасиетті орын». Мұнда балаларға вакцинация жүргізіледі. Мамандардың айтуынша вакцинациялау ісінің арқасында жұқпалы аурумен ауыратын науқастар санын азайту мүмкін болып отыр. Соңғы жылдары гепатиттің «А» түрімен ауыратын балалар саны күрт төмендеген. Сондай-ақ пневмониямен ауыратын балалар саны да азайды. Егу бөлмесінде вакцинация жүргізу бойынша арнайы оқудан өткен жоғары білікті маман жұмыс істейді, профилактикалық екпе жасауға рұқсат-сертификаты бар. Кабинет заманауи жабдықтармен жабдықталған. Мейіргер екпе жасағаннан кейін ата-анасына екпеден кейінгі баланың күтімі жөнінде кеңес береді.
11:00. Ауқымы кең емхана заманауи жабдықтармен толығымен қамтамасыз етілген деуге болады. Мұны функционалды диагностика кабинетінен байқауға болады. Кабинетте соңғы заманауи аппараттардың көмегімен түрлі процедуралар жасалады. Мәселен реоэнцефалографиялық зерттеулер: бас ми қан тамырларының хал-күйін бағалайды (тамыр соғысындағы қантолықсуы, түрлі калибрлі тамырлардың эластикті-тоникалық қасиеті, күре тамырдағы кері ағыстың хал-күйі). Физиотерапиялық блок – фототерапия процедурасы көкшіл-жасыл сәулелендірудің қуатты көзімен емдеу жаңа туылған нәресте терісінде билирубиннің изомеризациясына алып келеді, сол арқылы нәресте зәр мен нәжіс арқылы сыртқа шығара алатын күйдегі билирубин бірігулерінің биотрансформациясын жеңілдетеді. Ал ультра жоғары жиіліктегі электр өрісін қолдану қан тамырларын кеңейтетін, ауруды басатын, гипотензивті, қабынуға қарсы әсерге ие. Қан және лимфоалмасуды жақсартып, дәнекер тіндердің өсуіне оң ықпал етеді. Рентгендиагностикалық аппарат көкірек клеткасы органдары, ас қорыту органдары, сүйек-буын жүйесі мен басқа да органдарға диагностика жасайды. Эндоскопия кабинетінде «OLIMPUS EVIS EXERA-180» эндоскопиялық құрылғы жұмыс істейді, пайдалануға 2014 жылдың 1 желтоқсанында берілген. Бұл аппарат жоғары деңгейде диагностика жасап, қатерлі ісік ауруларын бастапқы стадияда анықтау қасиетіне ие. Асқазан-ішек жолдары ауруларын зерттеуге арналған «Pentax LN-150 PC» аппараты асқазанның қатерлі ісігі кеселін ерте бастан анықтауға септігін тигізуде.
– Ауруды емдегенне гөрі алдын алудың тиімді тәсіл екенін бүгін әлем медицинасы мойындап отыр. Осы ретте емханадағы қажетті құрал-жабдық, заманауи аппараттардың көмегімен түрлі аурулардың алдын алып отырмыз, – дейді емхананың бас дәрігері Гүлнар Жомарқызы.
Емханадағы маңызды бөлімнің бірі – күндізгі стационар бөлімшесі. Бұл – медициналық мекеменің алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсететін, сырқаттанған кезде және тәулік бойына дәрігерлік бақылауды қажет етпейтін жағдайда емдік және диагностикалық іс-шараларды іске асыратын құрылымдық бөлім болып табылады. Стационарды алмастырушы көмекке жүгінетіндер көп екен.
– Бөлімшеде 50 науқасқа арналған төсек орын бар. Мұнда оларға ауруханадан кем күтім көрсетілмейді. Пацинеттерді дәрігерлер күн сайын тексеріп кетеді. Мейіргерлер болса қажетті инелерін егіп, дәрілерін ішкізеді», – дейді бөлім меңгерушісі Дәулет Күлниязов.
12:00. Жұмыс күнінің жартысында дәрігерлер мен мейіргерлер ауысымға түседі. Емханада да жұмыс уақыты аяқталған және басталған мамандар бірін-бірі алмастырып жатты. Дәрігердің негізгі жұмыс уақыты 8 сағатты құрайды. Оның бес сағатын пацинеттерді қабылдауға жұмсаса, қалған үш сағаты науқастардың үйін аралауға беріледі екен. Мамандардың айтуынша науқас дәрігерді мынадай жағдайда үйіне шақырта алады: басы айналып, көп құсқан жағдайда, дене қызуы жоғары болса және жүрегі ауырса.
15:00. Облысымыздың денсаулық сақтау саласы күннен-күнге ерекше қарқынмен дамып келеді. Қазіргі таңда медициналық көмекті жақсарту мақсатында облыстағы барлық денсаулық сақтау ұйымдарына медициналық ақпараттандыру жүйесін орнату үстінде. №6 Шымкент қалалық емханасы шаһардағы пилоттық жүйе енгізілген бірден-бір емдеу орны. Осы тақырыпта Алдын-алу және психикалық әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Дәулет Ержановпен әңгімемізді жалғастырдық. Оның айтуынша мекеменің ақпараттық жүйеге көшуі көптеген мүмкіндіктерге жол ашқан.
– Аталған өңірлік жүйе медициналық ұйымдарда ішкі процессті автоматтандырып қана қоймай, медициналық көмек көрсету деңгейлерінің бір-бірімен интеграциясын қамтамасыз етеді. Пилоттық жобаның нәтижесінде амбулаториялық картаның орнына электронды карта енгізілді. Енді пацинеттер емханаға бұрпығыдай қағаз картасын арқалап келмейді. Тек жеке басын куәлатындыратын құжаты болса жеткілікті. ЖСН номерін енгізу арқылы пациенттің мекен-жайы, жұмыс орны туралы ақпараттар автоматты түрде шығады. Сондай-ақ бұған дейін қай дәрігерге қаралғаны, қандай препараттар қабылдағаны, бір сөзбен айтқанда денсаулығы туралы мәліметтердің барлығы базада сақтаулы тұрады. Қазір дәрігерлеріміз қабылдаған пациенттің жағдайын қағазға емес компьютерге толтырады. Бұл медицина қызметкерлерін қағазбастылықтан арылтуға себеп болуда. Аталған жүйемен ұжым 2017 жылдың наурыз айынан бастап жұмыс істеп келеді. Демек біздің пациенттердің базада 1,5 жылдағы денсаулығы туралы ақпараттары жинақталған. Пациент Қазақстанның кез-келген медицина мекемесіне барған жағдайда ЖСН номерін теру арқылы денсаулық паспортын көре алады. Бүгінде емделушілер тіркелім емханасын дербес таңдауды, дәрігердің қабылдауына телефон арқылы жазылуды «электронды үкіметтің» порталы және облыстың медициналық порталы арқылы жүзеге асыра алады. Ақпараттық жүйе қызметкер мен пациенттің уақытын үнемдеп жатыр, – дейді Дәулет Маратбекұлы.
Алдағы уақытта мұнда дәрігерге тіркелу журналы мен жолдамалар да электронды форматқа өтетін болады. Айтпақшы, емханаға кіре берісінде «Өз-өзіне электрондық қызмет көрсету бұрышы» орналасқан. Халықтың компьютерлік сауаттылығын жетілдіру мақсатында бекітілген маман пациентке дәрігермен, емханамен электронды байланыс орнатудың жолдарын үйретеді. Жоғарыда атап өткеніміздей емхана 70 мыңнан астам тұрғындардың денсаулығына жауапты. Жыл сайын бала туу көрсеткіші де жоғарылеп келеді екен. Ана мен бала денсаулығын жақсарту мақсатында мұнда Алдын-алу және психикалық әлеуметтік көмек көрсету бөліміне қарасты «Сау бала кабинеті» ашылған. Аталған кабинетте ата-аналар үшін жаңа туылған баланы күту жөніндегі тренингтер өткізіліп тұрады. Бала сырқаттанып қалған жағдайда көмек көрсетуге, баланы омырауға дұрыс қоюға үйретіп, салмағы аз балаларды тамақтандыру мен күтім жасау, ананың өз денсаулығына қатысты мәселелер төңірегінде кеңестер беріледі.
– Емханаға қаралушылардың басым бөлігі болашақ және жас аналар. Сондай-ақ балалар да көп. Біздің мақсатымыз осы аудиторияның денсаулығын жақсарту. Жас ата-анаға нәрестенің күтімін білу өте маңызды. Себебі бала 1 жасқа дейін ерекше күтімді қажет етеді, – дейді кабинет меңгерушісі Дәулет Ержанов.
17:00. Медициналық ұжымда емхананың жұмысын үйлестіріп, пациенттерге қолдау көрсететін тағы бір маман бар. Ол – әлеуметтік қызметкер. Мұнда олардың арнайы кабинеті бар. Бөлмеге бас сұққанымызда ақ халат киген жандар әлеуметтік-психологиялық көмекке мұқтаж пациенттермен жұмыс істеп отыр екен.
– Біздің негізгі миссиямыз – пациенттердің жағдайының тұрақтануы мен сауығуы үшін қажет әлеуметтік қызметті ұйымдастыру, өмірлік қиын ситуациялармен бетпе-бет келгенде, оны жеңіп шығуға жағдай жасау. Тұрғындарды салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақыру. Қазір науқастардың көзі ашық, көкірегі ояу. Өз құқықтарын жақсы біледі. Дегенмен мүгедек жандар мен зейнеткерлер біздің көмекке мұқтаж. Себебі қарияларға медициналық көмектен басқа рухани күш беру қажет. Олармен жылы-жылы сөйлесіп, ашық-жарқын әңгімелессеңіз ауруын бір сәтке ұмытып, жеңілдеп қалады, – дейді әлеуметтік қызметкер Жанар Тәжібаева.
Бизнесмендердің Ұлттық одағы рейтингісі бойынша «Сала көшбасшысы – 2013» медалімен марапатталған емхананың жетістіктері мұнымен бітпейді. Емхана құрылымы екі отбасылық денсаулық орталығынан (ОДО), консультативті-диагностикалық, профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімдерінен және әкімшілік-шаруашылық блоктан тұрады. ОДО құрамында 18 терапевтік, 26 педиатрлық, 9 акушерлік-гинекологиялық бөлімше бар. Демалыс және мереке күндері 9.00-ден 18.00-ге дейінгі аралықта кезекші дәрігер мен орта дәрежелі медициналық персонал науқастарды кестеге сәйкес қабылдай береді. Жетекші мекемеде 22-ден астам мамандық бойынша дәрігерлер білікті медициналық көмек көрсетеді. 100-ден астам дәрігер, 200-ден аса орта дәрежелі медициналық қызметкер бүгінде емхананың негізгі ұйытқысы болып отыр.