Коронавирустан қаза болғандар саны мыңға жуықтады
Қытайда коронавирустан қаза тапқандар саны артып, 908-ге жетті, деп жазды "Хабар 24"-ке сілтеме берген Oinet.kz.
Ал қауіпті дертке шалдыққандардың саны 38 мыңға жуықтаған.
Олардың 6 мыңнан астамы ауыр халде жатыр. Тағы 29 мыңнан астам кісі індетті жұқтырған деген қауіппен тіркелді. 2 мың 600-ден астам адам жазылып шықты. Ауруға шалдыққандармен байланысқа түскен 300 мыңнан астам тұрғын бақылауға алынған. Жұқпалы індеттің Еуропаға кеңінен таралу қаупі күшейді. Францияның Контамин-Монжуа тау курортында Сингапурге барып қайтқан британдық азаматтан 7 адам қауіпті вирусты жұқтырғаны анықталды, оның бірі – бала.
Оқиғаға байланысты француз билігі 2 мектепті жауып, тексеріс жүргізіп жатыр.
Індетті жұқтырған баламен байланысқа түскен жасөспірімдердің алғашқы тобын тексердік. Бүгін, ертең тағы 25 бала қаралып, дертке шалдыққандармен қарым-қатынаста болған өзге де адамдарды тексеретін боламыз, - деді Франция денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Жером Саломон.
Осылайша Францияда коронаваирусты жұқтырғандардың саны 11-ге жетті. Қытайдың Ухань қаласынан тағы 35 азаматын арнайы ұшақпен алып қайтты. Олар Францияның оңтүстігіндегі әскери базаға жеткізілді. Бұл – Францияның Уханьнан өз азаматтарын қайтару бойынша үшінші рейсі.