Қытайлықтар мамырда аяқталуы тиіс аурухананы екі күнде салып бітірді
Қытайда коронавирус ошағы болып саналатын Ухань қаласына жақын жерден 1300 науқасқа арналған аурухана ашылды. Жоспар бойынша мамырда аяқталуы тиіс медициналық мекеме екі тәулікте салынып біткен деп хабарлайды Oinet.kz порталы Хабар24-ке сілтеме жасап.
Аурухана қазіргі уақытта короновирустың жаңа түрін жұқтырғандарды қабылдауда.
Жоспар бойынша көпсалалы емхананың құрылысы осы жылы мамыр айында аяқталуы тиіс болған. Алайда Қытай билігі дерттің тез таралуына байланысты оны бар болғаны 48 сағаттың ішінде салып бітіп, жабдықтап үлгерген.
Айта кетейік, Ухань қаласының өзінде де коронавирусты емдеуге арналған арнайы екі аурухана құрылысы қызу жүріп жатыр.
Қос емхана ақпан айының басында қолданысқа беріледі.
Телеарна мәліметінше, бірінші медициналық мекеме басында 1300 адамға жоспарланыпты. Алайда қытайлықтар ойлана келе, орындар санын 1600-ге дейін арттыру туралы шешім қабылдаған.
Онда 2 мыңнан аса дәрігер жұмыс істейді деп күтілуде.
Аурудың тез таралуына байланысты Хубэй провинциясының билігі төтенше жағдай режимін енгізген.
Онда карантинге тұрудан, емделуден және тексеруден өтуден бас тартқандар енді қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ.
Айта кетейік, ҚХР аумағында тараған коронавирустың жаңа түрінен көз жұмғандарың саны 213-ке жеткені хабарланды.
Ал елімізде қауіпті дертті жұқтырды деген күдікпен 38 адам ауруханада жатқаны белгілі болды.