ОҚМПУ 80 жылдығын дүркіретіп атап өтті
Оңтүстіктегі іргелі білім ордасы һәм қарашаңырағы – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтына биыл 80 жыл толып отыр. Институт дейміз-ау, бұл жоғары оқу орны жақында ғана университет мәртебесіне ие болды. Қабырғасынан талай сарыауыз балапанды түлетіп ұшырған аталған жоғары оқу орны бұл мәртебеге әбден лайық еді.
Осынау мерейтой өткен аптада дүркіреп өтті. Мерейтой шымылдығы оқу орнының студенттер қалашығындағы «Ұлттық мұра» мұражайында ашылды. Ерекшелігі сол, мұнда көбіне студенттер маңдай терін төге, көз майын тауыса отырып жасаған дүниелер қойылған. Әрбір экспонаттан қазақ болмысы себезгілеп тұрды. Қамшы, ер-тоқым, қобыз, кебеже, асадал... Тізе берсек, бойыңа ұлттық рухты сіңіретін мұндай экспонат санынан жаңыласыз. Ең ақыры, университет студенттерінің ұлтжандылығына сүйсінесіз. Қуаныштысы сол, олар – болашақ ұстаздар. Яғни, бойындағы дәнді шәкірттеріне егеді. Университет ректоры Оңалбай Аяшев бастаған құрметті қонақтар яки байырғы түлектер аталған мұражай лентасын салтанатты түрде қиып, студенттерге еңбектері жана беруін тіледі. Және мұражай атауының өте сәтті шыққанын тілге тиек етті. Ұлттық мұрасын тәрк етпей, көз қарашығындай сақтаған жастарды жарқын болашақ күтеді. Ең бастысы, олар келер ұрпақ алдында абыройлы болмақ.
Бұдан кейін қонақтар жатақхана маңында заманауи ашық спорт алаңының ашылу салтанатына куә болды. Біле білсек, білім спортпен қатар жүретін егіз ұғым десе болады. Енді қат-қабат ой еңбегінен шаршаған студенттер мұнда бір сәт бой жазып алатын болады. Сергек студент білімді санасына тез сіңіреді, сергек студент өмірге сергек қарайды. Бүгінде қазаққа керегі осы сергектік болса керек. Осы сергек күйде ректор бастап, байырғы түлектер қолдап, университет маңына тал егілді. 80 түп. Яғни, мерейтойға тарту ретінде. Дарақтар тамыр алып кетсе, келешекте қалам-қағаз, оқулық құшақтаған студенттер ағалары еккен жасыл желек саясында дем алатын болады.
Мерейтой қарсаңында нысандар өз ретімен, өз кезегімен ашылып жатқанына қуанасыз. Спорттық алаңшада жүздеріне қан жүгірген қонақтар күн қыза бастаған шақта студенттер үйіне кіріп кетті. Бұл бекер емес еді. Мұнда бірде қос нысан пайдалануға берілді. Атап айтсақ, «Көркем әдебиет» орталығы мен «Сәндік өнер» орталығы. Жүріс-тұрысы, ең ақыры ойына дейін сергек, бойында ұлтына деген махаббаты жалындап тұрған жасқа әдебиетті қалай оқытсаңыз да жарасады емес пе? Кітап оқып, эстетикалық рахат алған жас сән өнеріне қызықпайды деп қалай айтасыз? Осы іс-шараға арнайы келген филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы:
-Оңтүстік – қазақ халқының ұлттық ортасы. Дәл осы жерде тарих та, әдебиет те қайнауы керек. Бізде докторлар өзге өңірлерге қарағанда сиректеу шығып жатады. Мұны реттеу керек. Университет атанған бұл институт үлкен кадр дайындайтын жағдайға келді, - деп оқу орнының болашағына зор сенім білдіріп, үміт артатынын айтты. Іргелі оқу орнын асқан іскерлікпен басқарып келе жатқан ректор Оңалбай Аяшұлы осы уақытқа дейін пединститутта магистратура, докторантура болмағандығын алға тартты. Енді мұнда жастар баклаврды бітіргесін де де білімдерін жалғастыра алады. Бұрынғы пединститут енді ізбасарларын өздері дайындап, зерек шәкірттерін қайта тәрбиелеп, ғылым саласының дамуына үлестерін қосатын болады.
Сол күні мерекелік іс-шаралар легі толастамай, торқалы той университет қабырғасында жалғасын тапты. Мұнда «Нұр Шаңырақ» студенттер театры құрылған болатын. «Ел іші – өнер кеніші» дейді емес пе? Білім ордасындағы сахнаға бейім студенттер театр жұмысына білек сыбана кірісіп, алғашқы қойылымдарын қойып та тастады. Қойылым – «Алғашқы махаббат» деп аталды. Неге алғашқы махаббат? Бұл жөнінде университет ректорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақлима Байғұт:
– Бұл тақырыпты студенттер өздері таңдап алды. Себебі, бұл оларға жақын болды. Бұл қойылым көпшілікке алғашқы махаббаттарын еске түсіреді деп ойлаймын. Сонымен қатар, осы қойылым арқылы олар университетке деген махаббатарын да білдірді, - деп айтты. Расында залда отырған көрермендерді «алғашқы махаббат» шат-шадыман күйге бөледі.
Ертесіне мерейтой «Рухани жаңғыру: ұлттық білім беру жүйесі және әлемдік тәжірибе» халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның пленарлық мәжілісіне ұласты. Мәжілісті оқу орнының бірінші проректоры – оқу ісі жөніндегі проректоры Баршагүл Исабек жүргізіп отырды. Бұл жиында шетелден келген ғалымдар білім сапасын арттыру жөнінде ойларын ортаға салды. Венгриялық Кинг Сигизмунд университетінің ректоры Петерс Сатмари:
– Білім мен тәжірибені арттыру – уақыт талабы. Бұл жолда білім ордасының мақсат – міндеттері айқын екеніне көзім жетті. Университет шәкірттері өте талантты, ғылымға құштар екен. Ендігіде, осы озат студенттерді біздің елде тегін оқытуға жағдай жасайтын боламыз. Өз кезегінде бұл білім ордасына Будапешт жастары да келіп оқитын болады. Әріптестік қарым-қатынасты нығайту үшін меморандум түзілді, - деп ақжолтай хабармен бөлісті.
Пленарлық жиын секциялық мәжілістерге жалғасты. Мұнда «Қазақстанның рухани жаңғыруындағы Ұлттық кодтың мәні», «Алаш қайраткерлері: тарих тағдыры мен мұрасы», «Заманауи білім беру ресурстары және әлемдік тәжірибе», «Латын әліпбиіне көшу: тарихи және филологиялық аспектілер», «Қоғамдық сананы жаңғыртуда педагогикалық және психологиялық ғылымдардың алатын орны», «Зияткер ұрпақты дайындаудағы жаратылыстанудың әдістемелері» тақырыптарында баяндамалар оқылды. Студенттер ғалымдармен пікір алмасты. Көкейлерінде жүрген сауалдарға жауап алып, алыстан ат арылтып келген ғалымдарды зор қошеметпен шығарып салды.
Ал, сенбі күні «Түркістан» сарайында салтанатты мәжіліс өтті. Мәжіліске облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, Ұлттық ғылым академиясының академиктері, облыстық мәслихат депутаттары мен жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорлары қатысты. Мәжілісте сахна төріне көтерілген өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы:
– Сапалы профессорлық-оқытушылық құрамымен отандық ғылым мен білімнің көшбасшысы атанған бұл білім ордасы – 60 мыңға жуық педагогтар мен көптеген мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлерге алтын ұя болды. Шымкент мұғалімдер институты болып ашылған 1937 жылдан бастап ұлттың зиялы, мәдени және рухани әлеуетін құрудың негізі бола білген университет күні бүгінге дейін қабілетті, бәсекелестікке алғыр жаңашыл мамандарды дайындап келеді. ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында қоғамдық қажеттіліктен дүниеге келген екі жылдық мұғалімдер институты өз тарихында даму мен өркендеуге қол жеткізді, - деп университет беделі жылдан-жылға артып, алымды да қарымды түлектерінің арқасында даңққа бөленіп жатқанын айтып, білім беру саласында жемісті еңбек еткен бірқатар азматтарды марапаттады.
Ал, өз кезегінде министр Ерлан Сағадиев Елбасының университет ұжымына арнаған құттықтау хатын оқып берді:
– Құрметті ұстаздар мен студенттер! Баршаңызды институттың 80 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. ОҚМПИ – елімізде ұстаздар дайындайтын ежелгі оқу орнының бірі. Алдымен екіжылдық ұстаздар институты болып құрылған аз ұжым бүгін дәстүрге бай үлкен шаңырақ болып отыр. Оқу орнының бітірушілері тек облыста ғана емес, барлық аймақта халық үшін қызмет етуде. Институт елдің дамуына, қоғамның рухани жаңғыруына зор үлес қосып жатыр. Бәсекеге қабілетті маман дайындау жолында табысты еңбек, бақ-береке тілеймін!
Одан кейін Білім және ғылым министрі институтқа не үшін университет атанғанына тоқтады:
– Бұл мерейтойға арналған ешқандай да сый немесе марапат емес, жүктелген үлкен жауапкершілік. Бұл тақырып Үкімет отырысында қаралды. Нәтижесінде, Үкімет басшысының қаулысымен аталған институтқа университет мәртебесі берілді. Құттықтаймын! Өздеріңіз білесіздер, Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес, елімізде білім саласында оң өзгерістер басталып кетті, - деп университет ұжымы осы өзгерістерді қызу қолдап жатқанын айтып, осының басы-қасында жүрген ректорға алғысын білдірді.
Әрине, мұндай жетістікке жету жолында университет талай қызық пен шыжықты қатар кешті. Бұрнағы институт аспанына қара бұлт төнген кездер де аз болмапты. Осы бұлтты сейілтуге бар күшін сарп еткен Оңалбай Аяшұлының қажырлы еңбегін қалай айтпай кетуге болады? Мәжілісте ауқымды баяндама жасаған ректор пединститут 80 жылда кешкен, өзге оқу орнының меншігіне өте отырып қайраңға шығып қалып, сонсоң қайта арнаға түскен кезеңдерді еске алып, бүгінгі жетістік барша ұстаздар қауымының жеңісі екендігін салтанатты түрде хабарлады. Қиын кезеңде пединстиутқа қол ұшын созған, дем берген жанашыр азаматтарды арнайы марапаттады.
Мерейтойда ақындар айтысы да қамтылды. Атағы жер жарған елімізге танымал, цәр тараптан келген айтыскер ақындар қарашаңырақ оқу орнының тарихын саралап, бүгінін насихаттап, болашағына көз жүгіртті.
А. Сматуллаұлы