Ордабасыда озық технологиялар қолданылуда

Oinet.kz 24-10-2019 1644

Screenshot_18.jpg

Түркістан облысының қасиетті жері туралы әңгіме болғанда «тасын түртсеңіз, тарихы сайрап қоя береді» деген сөз жиі айтылады. Айтса айтқандай, өңірде әулиелі, тарихи орындар көп. Солардың бірі жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыста исі қазақтың басын қосқан, бірліктің символы саналатын - Ордабасы.

Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев “Ордабасы - қазақ рухының қағбасы” деген болатын. Ордабасы биігінде 1993 жылы мамырда үш елдің президенттері бас қосып, ұлан-асыр той өткен. 1997 жылы биіктігі отыз метрге жуық зәулім монумент орнатылды. Бүгінде ол туристер тамашалайтын орынға айналған. Ордабасы Тәуелсіздікпен бірге қайта жаңғырды. Биыл осындай құт-береке дарыған қасиетті мекен-Ордабасы ауданының құрылғанына 55 жыл толып отыр. Аудан 1964 жылы шаңырақ көтерді. 1993 жылға дейін ол Бөген ауданы деп аталғаны белгілі.

Ордабасы өндірісі өркендеген, ауыл шаруашылығы жақсы дамыған аудан ретінде белгілі. Облыстағы аудан, қалалардың ішінде қай кезде де оқ бойы озық жүреді. Соңғы жылдары өңірдің өнеркәсібінде көп өзгерістер бар. Бір емес екі бірдей индустриалдық аймақ құрылып, онда көптеген жобалар жүзеге асуда. Мәселен аудан аумағында «Standard Petroleum & Co» ЖШС-нің мұнай-химия зауыты салынуда. Кәсіпорынды жобалаушы компаниясы – ресейлік «ЭТН-Циклон» ғылыми өндірістік бірлестігі. Зауытта АИ-92 және АИ-95 маркілі бензин, дизель жанармайы, сұйықталған газ бен кокс шығарылатын болады. Жылына 2 миллион тонна шикізат өңдейтін өндіріс орнының құрылысы 2021 жылы аяқталуы тиіс. Ал «Бадам» индустриалдық аймағында орналасқан «Green Technology industries» ЖШС-і ("ABF INVEST" ЖШС) Шанхай, Гонконг елдерінің инновациялық технологияларын пайдаланып, полиэтилен бұйымдарын қайта өңдеу арқылы синтепон талшығын өндіру зауытының екінші кезеңін іске қосуда. Былтыр жобаның алғашқы кезеңі жүзеге асырылған еді. Жобаның жалпы құны - 1,3 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорында 60 жаңа жұмыс орны ашылды. Жобаның қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайды. Зауыт заманауи құралдармен жабдықталған. Құрал-жабдықтарды пайдалану барысында инновациялық технологиялар қолданылған. Полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу жобасы елімізде алғаш рет іске асырылуда. Шығарылатын өнімнің 50 пайызы экспортталады. Мұндай жобаны жүзеге асыру қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау мен сақтауды ғана емес, қайта өңдеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ауданда сүт өнімдерін өндірумен айналысатын «Бөрте-Милка» ЖШС-інің таурлары де бүгінде елге танымал.

Screenshot_19.jpg

Ауданның ауыл шаруашылығы саласында да ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар. Шаруалар озық технологиялардың қолдану арқылы мол өнім алуды меңгеруде. Жуырда облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев Ордабасыға жасаған сапары барысында аудандағы бірқатар шаруашылықтардың жұмысымен танысқан болатын. Солардың бірі «Ақ-Орда-Б» ЖШС-і биылдан бастап жылына 2 рет егін жинауды қолға алған. Ерте көктемде голландиялық картоп егіп пайда көрген кәсіпкер артынша қырыққабат отырғызған. Ауданның диқандары биыл 130 гектар жерде жаңа технологиямен, сусыз қарбыз өсіруді қолға алды. Олар алдағы уақытта 40 гектардан жиналған қарбыз дәнін АҚШ-қа экспорттауды жоспарлап отыр.

-Шетелдіктер дәл осы қарбыздың дәнін косметика индустриясында пайдаланады, -дейді шаруалар. Жалпы, Ордабасы ауданының ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, халықты жұмыспен қамту мақсатында 18 бағыт бойынша 46 жобаны іске асыру жоспарланған.

Ауданның тізгінін Әліпбек Өсербаевтың қолға алғанына көп бола қойған жоқ. Бұған дейін Түркістан қаласын басқарған әкімнің іскерлігін жұрт жақсы біледі. Соңғы үш айдың көлемінде аудан орталығы Темірлан ауылында құрылыс жұмыстары қарқын алды. Әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өткізілуде. Жолдар, аяқ жолдар жөнделуде. Саябақтар абаттандырылып, спорт алаңшалары салынуда.

Биыл Ордабасыда өңірлік өнім көлемі айтарлықтай өсіп отыр. Аудан әкімінң айтуынша, қаңтар-қыркүйек айларында ол 55 миллиард 353 миллион теңгені құраған. Бұл былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,2 пайызға көп. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 456 мың 300 теңгені құрады немесе былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 55 мың 700 теңгеге артқан.

- Экспортқа шығарылатын өнімдер қатары да арта түсті. Биыл 8 кәсіпорын жалпы құны 2 миллиард 862 миллион 800 мың теңгені құрайтын 5804,6 тонна өнімді экспортқа жіберді. Мысалы, «Ордабасы құс» серіктестігі 663,1 тонна күрке тауық етін, «Аделя» шаруа қожалығы 934,7 тонна көкөніс өнімін Ресейге, ал «Ордабасы нан» ЖШС-і 721,3 тонна өндірілген 472,7 миллион жоғарғы сұрыпты бидай ұнының 80 пайызын Өзбекстанға, сондай-ақ бірқатар кәсіпорындар мақта талшығын Чехияға, Белоруссияға экспортқа шығарды. Ауданға тартылған инвестиция көлемі 14 миллиард 955 миллион теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 161,3 пайызды құрады,-дейді Әліпбек Шәріпбекұлы.

Айта кетері, ауданның 55 жылдығын аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Негізгі шаралар осы аптада өтеді. «Қазақ рухының қағбасы-Ордабасы» мерекелік шараның бағдарламасында халықаралық ақындар айтысы, ұлттық спорт ойындары, ауыл шаруашылық өнімдерінің көрмесі, концерттік бағдарламалар бар.

Б.ЕРНАЗАР,

Түркістан облысы, 

"Жас Алаш" газеті, 24 қазан, 2019 ж

Текст информационного сообщения о проведении Глобального опроса
Әліпбек Өсербаев: «Әрбір оң көрсеткіш еселі еңбектің нәтижесі»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу