Көпбалалы аналардың жәрдемақысы неге тоқтап қалды?

Oinet.kz 18-10-2019 1050

Іле ауданының көпбалалы аналары атаулы әлеуметтік көмектің кешіккеніне наразылық білдірді

Әлеуметтік жәрдемақымызды заңсыз тоқтатып тастаған Алматы облысы Іле ауданының көпбалалы аналары шу шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv арнасына сілтеме жасаған OINET.KZ сайтының тілшісі.

Көпбалалы аналардың көпшілігі тамыздан бері мемлекеттен берілетін әлеуметтік жәрдемақыны ала алмай келеді. Оның үстіне ешкім не үшін тоқтатылғанын ашып айтпаған. Ал, құзырлы органдар бүгін-ертең түсіреміз деген желеумен күнде қайтарып жіберетін көрінеді.

«Алтын алқа» иегері Әлия Маратова жеті баланы тәрбиелеп отыр. Ол көппен бірге сәуір айынан бастап мемлекет тарапынан берілген атаулы әлеуметтік көмекті алып келді. Бірақ, тамыз айында белгісіз себептермен қаражаттың берілуі тоқтатылған. Неге берілмей жатыр деп сұрап барғанда, бірнеше рет сылтау айтып қайтарып жіберіпті.  Тіпті, үйіме тексеріп те келмеді дейді ашулы ана.          

«Тамыздың аяғында түскен жоқ. Қыркүйектің 10-ы түседі деді Жұмыспен қамту орталығындағылар, солардың сөзіне сеніп қалдым. Айтылған кезде барсам, «үйіңізді тексеруге уақыт жоқ, сурете түсіріп жібере саласыз ба?» дейді»,  - деді  көпбалалы ана Әлия Маратова.

Мемлекеттің көмегінен қағылдық деген олар бүгін аудандық әкімшілік алдына жиналып, ақиқат сұрады. Олардың айтуынша, атаулы көмекті бермеу үшін әрнәрсені бір сылтауратады дейді. Тіпті, жолдасының жұмыстағы жалақысы қысқарып қалса да, күдіктеніп тоқтатып тастаған.  

«Көбейіп тоқтаса, менің ренішім жоқ еді. Ал, бірақ азайып кеткен. Үйімді барып көріп кетті. Суретке түсіріп алып кетті. Мұқтаж деп жазып кетті. Бірақ әлі түспей жатыр», - деді көпбалалы ана Ғалия Алмабекова.

Әкімдік алдына жиналған аналарды аудан әкімінің орынбасары өзі қабылдап, әрбірінің айтарын уәжін жеке тыңдап шықты.

Белгілісі, аудан бойынша көктемнен бастап берілген көмекті 4000 аса отбасы алған. Бірнеше заңсыздық анықталғандықтан тамыз айынан бастап 1000-ға жуығын қайта тексерген. Тексеру барысында жартысы жалақысын жасырған, тұрақты тіркеуін ауыстырған деген секілді бірнеше заңсыздықтар анықталып көмек беру тоқтатылды, дейді жұмыспен қамту орталығындағылар. Ал, құжаттарында кінәрат жоқтарына ақша міндетті түрде беріледі деп уәде етті.    

"Қараша мен желтоқсанға ақша есептеліп жатыр. Бар ол жетпейді. Біз облыстан сұрадық. Қазіргі таңда энергетик округпенен Байсерке округі, Ащыбұлақ округі бітірілмей жатыр. Учаскелік комисияның қорытындысын шығара алмай жатырмын. Қанша адам мұқтаж, қанша адам мұқжат еместігін дәлелдей алмай жатырмыз. Сол себептен сіздерге айттым шамалы күтіңіздер. Бірақ ақшаның барлығын қарашаның 10-ына дейін түседі», - деді Алматы облысы Іле ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Жанар Сатыбалдинова.          

Қыстың алдында көмірсіз қаламыз ба деген ашулы аналарды сабырға шақырған әкімдіктегілер қарашада құжаттардың барлығы реттеліп, тамыздан бергі ақшасын да бірге түсіреміз деп сендірді. Осы сынды байбалам орын алмас үшін мамандар енді аудан-ауданды аралап түсіндірме жұмыстарын бастамақ.

Азия чемпионатында қазақстандық балалар төрт «алтын» алды
Минскіде қазақ кинолары көрсетіледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу