Ұлттық олимпиада комитеті тәуелсіздікке дейін, 1990 жылы 3 ақпанда құрылған. Содан бері қазақстандық спортшылардың олимпиада ойындарына қатысу мәселелерімен шұғылданып келеді. Тұңғыш президенті КСРО еңбегі сіңген спорт шебері, бессайыстан әлем чемпионы Тимур Досымбетов.
Еліміздің олимпиада ойындарындағы тарихы сонау 1956 жылдан басталады. Австралияның қаласы Мельбурнде өткен додада Қазақ ССР-нің өкілі ретінде жеңіл атлет Евгений Кадяйкин қатысты. 3000 шақырымға қашықтықпен жүгіруден финалға өте алмады. Содан бергі уақытта Октябрь Жарылғапов, Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Нелли Ким, Анатолий Храпатый, Серік Қонақбаев, Серік Нұрғазов секілді саңлақтар халықаралық байрақты бәсекелерде қазақ жерінің абыройын үстем етті.
Тәуелсіздік алған соң еліміз олимпиада ойындарына дербес команда ретінде қатысуға мүмкіндік алды. Алайда, 1992 жылғы Барселонада өткен жазғы олимпиада ойындарына бұрынғы КСРО құрамында болған елдердің біріккен құрама командасы қатысты. Әйелдер арасында чемпион атағын жеңіп алған команданың құрамында Қазақстанның атынан қатысқан Ирина Герлиц та алтын медальдің иегері саналады. Сондай-ақ, Ирина 1988 жылғы олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Еуропаның екі дүркін чемпионы. Қазір Францияның азаматшасы.
Владимир Смирнов
Шаңғы тебу, Лиллехамер-1994
Тәуелсіздік алғалы қысқы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы жалғыз алтын медальға ие болған. Чемпион атанып, абыройымызды үстем еткен спортшы – Владимир Смирнов. Оның алтын медаль үшін күресі сонау 80-ші жылдардың ортасынан басталды. Ол кезде әлемдік шаңғы тебуде скандинавиялық спортшылар билеп-төстеп тұрған. Әсіресе Гунде Сван есімді спортшы жеңіліс таппайтын. Ал Кеңес Одағы құрамасының біраздан бері жолы болмай келді. Сол Гунде Сванды тұңғыш рет басып озған спортшы қазақстандық Владимир Смирнов еді. Әлем чемипонатында азулы шведтен айласын асырған Смирнов 1988 жылы Калгариде өтетін олимпиада ойындарының алтын медалінен негізгі үміткер болып саналды. Алайда, Смирновтың жолы болмады. Көпшілік күткен алтын медальдың орнына шаңғышы екі күміс және бір қола медальды ғана қанағат тұтты. 90-шы жылдарда атақты Бьорн Дэлидің дәуірі басталды. 1992 жылы Альбервильде өткен олимпиада ойындарында Смирнов алтын түгілі қола жүлдеге де жете алмады. 1993 жылғы әлем чемпионатында Дэли мен Смирновтың арасында нағыз бәсекелестік орнады. Сол додада қазақстандық спортшы күміс және қола медальды қанжығасына байлады.
1994 жылы Лиллехамердегі қысқы олимпиада ойындарында мамандар Смирновтан тағы да ерлік күтті. Владимир өзінің ең сүйікті қашықтығы – 30 шақырымдық жарыста ешқандай медаль ала алмады. Одан кейін 10 шақырымға созылған спринтерлік бәсекеде көпке дейін бірінші орында келе жатқан Смирновты соңғы сантиметрлерде ғана Дэли басып озады. «Смирнов қолында тұрған алтынынан айырылды. Енді ол ешқашан олимпиада чемпионы бола алмайды» деп жар салды сол күні әлемдік спорт басылымдары. Жанкүйерлер де үмітін үзді, себебі соңғы бәсекенің қашықтығы 50 шақырымды құрайтын. Смирнов мұндай ұзақтықта бұған дейін ешқандай жетістікке жетпеген еді. Алайда, жарыс басталған сәттен-ақ топ бастаған Смирнов соңына дейін алдына жан салмады. Владимир Смирнов – олимпиада чемпионы атанып, ерлік жасады. Қазақстан қысқы олимпиада ойындарындағы тұңғыш алтын медальға ие болды.. Смирновтың қатысқан соңғы додасы – 1998 жылы Наганода өткен олимпиада ойындары. Бұл жолы сарапшылар қазақстандық шаңғышының қандай да жетістікке жете алатынына күмән келтірді. Бірақ, Смирнов 15 шақырымдық қашықтықта жоғары деңгейде өнер көрсетіп, қола медальді жеңіп алды.
Өзінің спорттық карьерасында Смирнов төрт олимпиада ойындарына қатысып, 1 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль олжалады. Одан бөлек әлем чемпионатының 4 дүркін жеңімпазы атанды. Скандинавия елдерінде Смирнов тірі аңызға айналған, мұнда оны танымайтын жан жоқ. Норвегияның ең жоғары спорт сыйлығы – Холменколлен медалінің иегері. Қазақстанда Владимир Смирнов «Даңқ» орденімен марапатталды. Оның ендігі арманы – Қазақстанда қысқы олимпиада ойындарын өткізу. Бұл бағытта Смирнов үлкен жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта Халықаралық олимпиада комитетінің белді мүшесі.
Юрий Мельниченко
Грек-рим күресі, Атланта-1996
Қырғызстанда дүниеге келген Юрий кейіннен Қазақстанға қоныс аударады. 90-шы жылдарда боз кілемде талай жеңісін тойлады. Әлемнің екі дүркін, Азияның үш дүркін чемпионы. Алайда Мельниченконың Атлантадағы олимпиада ойындарына бара да алмауы да мүмкін екенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. 1995 жылы көктемде жаттығу кезінде Юрий қолын шығарып алады. Жарақатын емдеуге біраз уақыт кетіп, қолы жазыла бастағаны сол екен, Мельниченко жол апатына түсті. Ал олимпиадалық лицензияны сарапқа салатын әлем чемпионаты күз айында өтуі тиіс. Мельниченко сол додаға жарақаты толық жазылмай аттанды. Соның өзінде қазақстандық палуан мықты қарсыластарының барлығын жеңіп, финалға шықты. Юрийдің мықтылығын қараңыз, төрешілер бұл жекпе-жектің жеңімпазын бірден анықтай алмай, ақылдаса келе чемпион ретінде американдық Деннис Холлды жариялады. Есесіне келесі жылы Атлантада Мельниченконың жұлдызы жанды. Олимпиадалық турнирдің ақтық кездесуінде сол баяғы американдық күресші Деннис Холлды миллиондаған жанкүйерлерінің алдында жығып салды. Спорттық карьерасын аяқтаған соң ұлттық құраманың бас бапкері қызметін атқарды.
Александр Парыгин,
Бессайыс, Атланта-1996
Спорт сарапшылары әлі күнге дейін Парыгиннің жеңісі төңірегінде дауласуда. Кейбіреулер Александр олимпиаданың алтын медалін олжалауы – жай ғана кездейсоқтық деп санайды. Естеріңізде болса, бессайыстың соңғы кезеңі – 5 шақырым қашықтыққа жүгіруде Ресейдің танымал спортшысы, алтын медальдан негізгі үміткер Зенков бірінші орында келе жатты. Ақтық сызыққа дейін санаулы ғана метрлер қалған. Бұл сәтте оның артында жүгіріп келе жатқан Парыгин әбден әлсіреп қалған еді. Жеңе алмайтынын түсінгендей, екі қолын төбеге көтеріп, жылдамдығын бәсеңдетті. Кенет Зеньковтың аяғы тайып кетіп, мәре сызығына қол созым жерде жығылды да қалды. Тікелей эфирде отырған орыстың спорт комментаторлары жүректері тоқтай жаздап, еріксіз айғайлап жіберді. Осы сәтті күткендей Парыгиннің бойына алабөтен күш бітіп, мәре сызығын бірінші болып кесті. Қазақстанның қоржыны тағы бір алтынмен толықты! Ал одан соң... бессайыс саласында бұрынсоңды болмаған талқылау мен пікірталас басталды да кетті. Жеңісті күннің ертесіне Ресейдің беделді басылымы - «Спорт-Экпресс» газетінің бетінде «Казахи! С вас бутылка!!!» деген мақала жарық көрді. Ал кейбір спорт журналистері «Зеньков құлап бара жатқан сәтінде Парыгиннің аяғынан шалып құлатуға тырысты» деп те жазып жатты. Қалай дегенмен, тарихта чемпионның есімі ғана қалады.
Алайда Парыгиннің кейінгі өмірі сәтсіздеу болды. Атлантадағы жеңісінен соң Александр кенет Австралияға қоныс аударды. Атын Алекс Парэго деп ауыстырды. Тіпті Қазақстаннан қашқандай болып көрінді. Сондағы ойы, бөтен елдің азаматтығын алып, тиімді келісім-шартқа отырып қаржылық жағдайын жақсарту. Бірақ, сол кезден бастап Парыгин үлкен сопртта ешқандай жетістікке жете алмады. Осыдан бірер жыл бұрын журналистке берген сұхбатында олимпиада чемпионы «Қазақстаннан бекер кеткен екенмін. Сол елде қала бергенімде жағдайым қазіргіде әлдеқайда жақсы болар еді. Мұнда ешкімге керек болмай қалдым», деп ащы өкінішін білдіріпті. Бірақ, қалай дегенмен Парыгин олимпиада чемпионы болып қала береді.
Василий ЖИРОВ
Бокс, Атланта-1996
Балхаш қаласында туған Василий Жиров әлемдік бокстағы ең танымал есімдердің бірі. Бір қызығы, әуесқойлар арасында әлем чемпионы атағын жеңе алған жоқ. 1993 және 1995 жылдардағы әлем біріншіліктерінде екі рет қола медальды қанағат тұтуға мәжбүр болды. Бірақ, «Балхаш жолбарысы» атты лақап атқа ие былғары қолғап шеберін дүние жүзі олимпиада чемпионы және кәсіпқойлар арасында IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы ретінде таниды. Атлантадағы олимпиада ойындарында Жиров ең таңдаулы боксшыға берілетін «Вэл Баркер» кубогының иегері атанды. Бұдан соң Жиров үшін нағыз талас басталды. Талантты спортшыға кәсіпқой боксының алпауыт промоутерлерінен түрлі ұсыныстар түсті. Жировтың алғашқы қарқыны шынында да мықты еді. Қарсыластарының барлығын дерлік есінен тандырып, нокаутқа жіберу оның үйреншікті әдісіне айналды. Қазақстандық былғары қолғап шеберінің тегеурінді соққыларынан шошынған бірнеше қаранәсілді боксшылар Жировпен шаршы алаңға шығудан да бас тартқан. 2003 жылы 86,2 келі салмақта IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған «Балхаш жолбарысы» аса ауыр салмаққа өтуді көздеді. Алайда, бұл салада оынң жолы болмады. Бірнеше рет жеңіліс тапқан соң Жиров жұрттың назарына көп ілікпейтін болды.
Бекзат Саттарханов
Бокс, Сидней-2000
Сидней олимпиадасының ең үлкен сенсацияларының бірі – Бекзат Саттарханов. 20 жасында олимпиада ойындарының чемпионы атану – санаулыларға ғана бұйыратын бақыт. Бұған дейін оңтүстікқазақстандық жас боксшыны көпшілік танымайтын десек қателеспейміз. Сондықтан Бекзаттан Сиднейде мамандар алтын жүлдені күтпеген еді. Финалдық кездесудің алдында оның қарсыласы американдық боксшы Рикардо Хуарестің мысы басым болып көрінді. Себебі, Хуарес бір жыл бұрын ересектер арасында әлем чемпионы атанған болатын. Ал Саттархановтың ең үлкен жетістігі - 1998 жылы жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында күміс медаль олжалады. Алайда, шаршы алаңда Хуарес керісінше қорғануға мәжбүр болды. Бірінші раундтан соң есеп 5:2, қазақ жігіті алда. Екінші кезеңнен соң таблодағы көрсеткіш 15:4-ке жетті. Хуарес үшінші раунда ғана ұйқыдан оянғандай болып, қарсыласына қарай ұмтылды. Американдықтың шамасы есепті 22:14-ке дейін қысқартуға ғана жетті. Бекзаттың талантына тәнті болған беделді мамандар «бұл жігіт үш дүркін олимпиада чемпионы атанады» деп те болжам айтқан.
Ермахан Ыбрайымов
Бокс, Сидней-2000
Ермахан Ыбырайымовтың олимпиаданың алтынын жеңіп алудағы жолы ауыр болды. Оның алдындағы олимпиада ойындарында жартылай финалға қарсыласына жол беруге мәжбүр болды. Алайда намысқа тырысқан Ыбрайымов Сидней алаңында жеңіске лайық екенін дәлелдеді. Жартылай финалда американдық Джермэйн Тейлормен жұдырықтасқан Ыбрайымов алғашқы раундты 3:3 есебімен аяқтаса, екінші раундта қарсыласын төпелетті-ай кеп. Есеп 16:8. Бұдан соң американдық тек қашумен болды. Ақыры есеп 29:14-ке жеткенде Тейлорды аяған төрешілер кездесуді тоқтатып, Ермаханның қолын көтерді. Дегенмен, келесі жекпе-жектің орны бөлек еді. Қазақ боксшысының қарсыласы румын Марин Симион өте шымыр әрі техникалық тұрғыдан шебер спортшы ретінде танылған. Ермахан секілді Атлантадағы олимпиада ойындарында қол жүлдені қанжығасына байлаған Симион 1999 жылы әлем чемпионы атанды. Өте тартысты өткен кездесуде жерлесіміздің мерейі үстем болды. Үшінші раундтан соң румын боксшысы 19:18 есебімен алда қеле жатқан. Алайда, төртінші раундта Ермахан тегеурінді соққыларымен қарсыласын есеңгіретіп, 25:23 есебімен жеңіске жетті. Былғары қолғабын шегеге ілген соң Ыбрайымов 2002-2004 жылдар арасында ұлттық құрама команданың бас бапкері болды. 2008 жылы Бейжіңдегі ойындарда ауыр атлет Илья Ильин мен боксшы Бақыт Сәрсекбаев мықтылығын дәлелдеп, елге жеңіспен оралды.
Ольга ШИШИГИНА
Жеңіл атлетика, Сидней-2000
Әйелдер арасындағы қазақстандық жеңіл атлетика тарихында небір жарқын спортшы қыздарымыз болды. КСРО чемпионаттарында жеңімпаз атанып, Олимпиада ойындарына жолдама алғаны қаншама. Сол жұлдыздар тобында Ольга Шишигинаның орны ерекше. Ол әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында жеңіске жеткен жалғыз қазақстандық жеңіл атлет.
Сиднейде Шишигинаның алдына жалғыз-ақ мақсат қойылды - 100 метрге кедергілермен жүгіруден алтын медальды жеңіп алу. Австралияға Ольга жеңістен негізгі үміткерлердің бірі ретінде аттанғанымен, сарапшылардың пайымдауынша мәре сызығын нигериялық атлет Глори Алози кесуі тиіс еді. Алғашқы 50 метрде шынында да оқиға спорт мамандарының ойындағыдай өрбіді: ысқырық естілісімен Алози алға қарай ұмтылды. Бірнеше кедергіден сәтті секіріп өткен нигериялық спортшы қыздың аяғы кенет соңғы кедергілердің біріне тиеді. Ал бұл дегеніңіз уақыттың жоғалуын білдіреді. Қашықтықтың соңғы метрлерінде бірінші орынға Шишигина озып шығып, олимпиада чемпионы атанды. Ольганың оның алдындағы жетістіктері де жоғары: 1994 жылы Хиросимада өткен Азия ойындарындағы жеңісі, 1995 жылдардағы жазғы (Гетеборг) және қысқы (Барселона) әлем чемпионаттарының күміс медаль иегері. Одан кейін 1999 жылғы жабық жайда өткен (Маэбаши, Жапония) әлем чемпионатында алтын жүлдені олжалады. Ұзақ жылғы үзілістен соң Шишигина тағы да биікке көтерілді. 2007 жылы Канаданың Эдмонтон қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдені иеленді. Алайда, көп ұзамай чемпион спортшымыз жарақат алуына орай үлкен спортпен қоштасты.
Бахтияр АРТАЕВ
Бокс, Афины-2004
Бокс секциясына 10 жасынан бастап қатысқан Бақтияр 1998 жылы жасөспірімдер арасында ел чемпионы атанды. Олимпиада ойындарына дейін Артаевтың айтарлықтай жетістіктері болмады. Әлем чемпионатында тек 7-орынға қол жеткізді. Дегенмен, Афиныда Артаев өзгеріп сала берді. Жартылай финалда олимпиаданың екі жүркін чемпионы, танымал былғары қолғап шебері Олег Саитовты жеңуі Ресейде нағыз сенсация ретінде қабылданды. Себебі, Ресей құрамасының сапында алтыннан бірден-бір үмітрке дәл осы Саитов еді. Ал финалдық бәсекеде Бақтиярға әлемнің екі дүркін чемпионы кубалық Лоренцо Арагон қарсы тұрды. Мақтаулы кубалық бокс мектебінің түлегі жамбылдық жігітке қарсы ештеңе көрсете алмады. Алғашқы раунда шамасы келгенше қарсылық көрсеткенімен, Арагон кейінгі кезеңдерде Артаевтың қарша жаудырған соққыларына дұрыстап жауап қайтара алмады. Қорытынды есеп 36:26. Бақтиярдың жеңісіне бүкіл қазақ елі қуанды. Себебі, бұл Афины олимпиадасында қол жеткізген жалғыз алтын медаліміз болды. Айтпақшы, Артаев та әріпетсі Василий Жиров секілді ең үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогын иеленді.
Бақыт Сәрсекбаев
Бокс, Бейжің-2008
Сәрсекбаев Өзбекстанда туып, өсті. 2002 жылы осы елдің құрамасында Азия ойындарының қола жүлдегері атанса, 2003 жылы Афро-Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Бірақ соған қарамастан Сәрсекбаевты Өзбекстан бокс федерациясы олимпиадаға аттанаты ұлттық құрама алмай қойды. Бұдан соң Бақыт азаматтықты өзгерту жайлы шешім қабылдайды. 2004 жылдың желтоқсан айында Қазақстан чемпионы атанады. 2006 жылы студенттер арасында әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Сол жылы Қатар астанасы Дохада өткен Азия ойындарында алтыннан алқа таққан жалғыз қазақ боксшы да осы Сәрсекбаев.
2008 жылы Бейжің олимпиадасы енді басталған тұста американдық боксшы, 2007 жылғы әлем чемпионы Джордж Андраде «Нью-Йорк таймс» газетіне берген сұхбатында «менің жалғыз қарсыласым Бақыт Сәрсекбаев, себебі ол нағыз әлемдік деңгейдегі боксшы. Өзге қарсыластарды қаперіме де алып отырғаным жоқ», деп мәлімдеме жасады. Алайда, Андраде жартылай финалда кореялық Ким Чон Джуға жол беріп қойды. Өз кезегінде Кимді жартылай финалда Сәрсекбаев талқандады. Ал ақтық жекпе-жекте қазақ боксшысы кубалық қарсыласы Карлос Бантеураны айқын басымдықпен тізе бүктірді. Олимпиададағы жеңісінен соң Бақыт бокстан кеткені жайлы мәлімдеме жасады.
Илья Ильин
Ауыр атлетика, Бейжің-2008
«Қызылордада нағыз талант өсіп келеді!». Илья Ильинді көпшілікке бапкерлер осылайша таныстырды. Ауыр атлетикада Бейжің олимпиадасына дейін еліміз әлі алтын медаль алып көрген жоқ еді. Сол міндет Ильяға жүктелді. Бейжің ойындарына дейін әлемнің екі дүркін чемпионы атанып, 17 жасында әлемдік рекордты жаңартып үлгерген Ильин Қытайға бас жүлдеден негізгі үміткер ретінде аттанды. Кезекті әрекеттердің бірінде Илья штанганы ұстай алмай, қолын шығарып ала жаздады. Дегенмен, ауыр атлетіміз жеңіске жете білді. жиынтық есепте 406 келі салмақты көтеріп, бақталастарынан озды.