Бекзат Саттархановтың соңғы сұхбаттарының бірі: "Үш дүркін Олимпиада чемпионы болғым келеді&quo

c77baa6c89f00c1125a8cc86f269b2fa.jpg       

Маңдайға сыймаған марғасқа ұл, Сидней Олимпиадасының чемпионы  атанып, тәуелсіз елімізді жұмыр жердің жұртшылығына танытқан, абыройын асқақтатқан Бекзат Саттарханов пәни дүниедегі талқаны тым ерте таусылмағанда келер жылы орда бұзар отызға толар еді. Түркістаннан шығып, Шымкент шаһарында жаңа жылды қарсы алуға асыққан спорт саңлағы жол апатына ұшырап, бақилыққа атанарынан бірер күн бұрын ғана сырласып,  сұхбаттасқан едім. Қарапайым  қалпынан аумай, табысқа дандайсымай, «жұлдыздық ауруға» шалдығып, шалқаймай-ақ ел аузында есімі аңызға айналған жанмен қол алысып,,құшақ қауыштырып, шат-шадыман күн кешкенім енді елес, көрген түс секілді. «Үш дүркін Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алып, елімнің мәртебесін өсірсем» деген үмітін үкілеп жүретін бекзат болмысты бауырымызбен, абайсызда жоғалтып алған алтын асықтай азаматпен арадағы сол сұхбатты қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдім.

АЛТЫННАН ДА ҚҰНДЫ ҚҰМЫРА

      - Бастапқыда ағаларым Бағдат пен Болатқа еліктеп, күреске қатыстым. Боз кілемдегі белдесу бойдың өсуіне кедергі келтіреді екен. Ата-анам осы жағын жаратпаған соң, бокс секциясына ауыстым. Бұл қадамыма сол мезгілде, яғни 1995 жылы Қанатбек Шағатаев, Нұржан Сманов сияқты былғары қолғап шеберлерінің Азия чемпионы атануы да түрткі болды, - деген-ді Бекзат. – Бокстың «әліппесін» үйреткен бапкерім Нұрлан Жұмабаевтың баулуымен алғаш Түркістанда өткен облыстық біріншілікте оздым. Сондағы сыйға тартқан құмыра талай дүбірлі додаларда  таққан алтыннан да құнды десем, қателеспеймін.

       - Бокс әлеміне кездейсоқ келмеген тұлға екеніңді тап басып таныған Толыбай  сыншы кім?

        -Түркістан қаласында спортпен шындап шұғылдануыма қаражат жағы қолбайлау жасап жүргенде, білікті бапкер  Александр Визирякинге жолықтым.  Оның назарына шалынуыма Қостанай облысында 1996 жылы ұйымдастырылған жастар арасындағы республикалық біріншілікте ақтық айқастағы қарсыласым Серік Елеуовтен бағымды асырып, бас бәйгені иеленуім әсерін тигізді. 1997 жылы белгілі бокс ардагері Ақжол Асқаров басқаратын облыстық олимпиада ізбасарларын даярлайтын арнаулы спорт мектебіне қабылдандым.

 

20 ЖЫЛДАН КЕЙІН ҚАЙТҚАН ҚАРЫМТА

       - Әуел бастан-ақ техникалық әдіс-айласы, сұлу қимылы шөліңді қандыратын саңлақ боксшы Серік Қонақбаевты үлгі тұттым. Сидней Олимпиадасына аттанар алдында Серік ағамның жекпе-жектері жазылған бейнетаспаларды қайта-қайта тамашалап, маған тиімді тұстарын көкейге түйдім. Олимп биігін бағындырғанымды телефон арқылы естіген анам Сырлан екі минут бойы жылап тұрды. Аузына ерелеткенде айтатын  «Сарғалтайым-ай» дегеннен басқа сөз түспеді. Түсінемін. Мен жарық дүниеге келген 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиадада Серік Қонақбаев қолда тұрған алтыннан айырылғанда, анам өкініштен егілген екен. Шүкіршілік. Сондағы қарымта 20 жылдан кейін қайтарылып, шаттықтан анамның жанары жасқа шыланды.

       - Сидней рингінде ең ауыр соққаны қайсы кездесу, қандай қарсылас?

       - Жұдырықтасу ауыр-жеңіл деп бөлінбейді. Шаршы алаң еркелікті, еркінсуді кешірмейді. Ойламаған жерден опық жеуің әбден мүмкін. Сондықтан қай-қай бәсеке де ерекше екенін ескерген жөн. Ал Сиднейдегі  мықты қарсылас ретінде кезінде Ресейдің «жыртысын жыртқан», Кеңес Одағының бокс мектебінде тәлім-тәрбиеге сусындаған Еуропа және әлем чемпионы, түрік боксшысы Рамазан Палианиді айрықша атау керек. Одан ойын аяқталатын соңғы секундтерде ғана жалғыз ұпайды жұлып алдым. Есеп 12:11. Қалай десем де өзімнің мерейім өсетініне сенімді едім. Себебі, Олимпиада алдында түсімде аруақтар аян берген-ді. «Түс – Алланың аяны» деген осы да.

        - Жасөспірімдер тобынан ересектердің құрама командасы сапына қай жылы ауыстың?

        - 1998 жылы Қазақстан біріншілігінде, Тайландта, Чехияда, Венгрияда өткен халықаралық жарыстарда топ жардым, Буэнос-Айрестегі әлемдік бәсекеде күміске қол жеткіздім. Келесі жылы ересектер құрамасына қабылданып,  Түркияда, Испанияда, Францияда, Ресейде, тағы басқа да мемлекеттерде ұйымдастырылған жауапты сындарда өнер көрсеттім. Сиднейге баратын бақытты «билетті»  маған Ташкенттегі Азия біріншілігі «сыйлады».

ЖҰБЫМДЫ ТАПСАМ ҮЙЛЕНУДЕН ҚАШПАЙМЫН

         - Өз басым хор қызына құмартқан емеспін. Қарапайым ғана қазақтың қызы кездескенін қалаймын.

         - Оқу мен спорттан қалт еткен уақытта немен шұғылданасың?

         - Үй шаруасында құс өсіруге қызығамын. Сонымен қатар, бос уақытымды компьютерді меңгеруге, ағылшын тілін үйренуге жұмсап жүрмін.

         - Досым деп бірінші кезекте  кімді айтасың?

         - Арманды. Түркістанда тұрады.

         - Соңғы оқыған кітабың...

         - Көпшілікке мәлім «Бандитский Петербург» дейтін киноның жалғасы жазылған «Сочинитель» атты кітап.

         - Қандай тағамды ұнатасың?

         - Әрине, ет қой.

         - Мектепте қай пәндерді ерекше жақсы көрдің?

         - Қазақ әдебиеті, тарих, география сияқты гуманитарлық пәндерден кітаптың бетін ашпастан, мұғалімнің айтқанын құлағыма құйып алған күйі қайталап айтып  беріп, «5» алатынмын.

         - Келешекте ұлыңның жолыңды қуғанын қалайсың ба?

         - Жүрек қалауы спортты таңдап, боксқа бейімделсе, қуана қолдайтыным анық. Ал ән мен күйге әуестенсе, спортқа еріксіз сүйрелеп, әурелеудің қажеті қанша?

         - Өзің ән жырға қалайсың?

         - Ондай өнер дарымапты. Өзім әндерін сүйіп тыңдайтын «АБК» тобымен тығыз достық қарым-қатынастамын.

         - Дінге көзқарасың?

         - Құдайға қатты сенемін. Қол жеткізген атақ-даңқтың барлығы алдымен Алланың назары ауғаны, ата-бабаларымның аруағы желеп-жебегені деп бағалаймын. Ішімдіктен аулақпын. Мешітке жиі барамын. Алла жазса, тұрақты түрде намазға жығылсам деген ниетім бар. Өзге дінге қандастарымыздың өтуі ислам днінің құдіретін халыққа өз деңгейінде ұғындыра алмай келе жатқан молдалардың кемшілігінен ғой. Әйтпесе, әлемге әйгілі темір Тайсонның ислам дінін қабылдауы тегін деймісің?

         - Алдағы мақсатың...

         - Жаттығу, тек қана жаттығу... Сөйтіп, ел намысын байрақты бәсекелерде абыроймен қорғау...

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қазақ боксшысы өзбекстандық қарсыласын нокаутқа жіберді
  • Головкин бұрынғы бапкері жөнінде өз пікірін білдірді
  • Франц Беккенбауэр. Алаңдағы абыз
  • Головкин 8 маусымда өтетін жекпе-жекте қанша гонорар алады?
  • Головкиннің 8 маусымда кіммен жұдырықтасатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: