Адамзат тарихындағы ең атақты аяқдоп шеберлерінің бірі Пеле Аргентина командасының бас жаттықтырушысы Марадонаның бапкерлік қабілетіне көңілі толмайтынын білдірді.
--Марадона құраманың бас жаттықырушысы болуына ақшасы болмағандықтан келді. Федерация оған бұл міндетті жүктеп, үлкен қателік жіберді. Соның арқасында Аргентина әлем чемпионатына іріктеу жарыстарынан әзер дегенде өтті. Бірақ бұл Марадонаның кінәсі емес, оған осы жұмысты тапсырғандардың кінәсі,--деді ол.
Ал, мұның алдында Марадона да Пеленің атына да ыңғайсыз әңгімелерді айтып қалған болатын. Ол Пеленің атын айтпаса да түсін түстеп, яғни «әлдебір қара шашты сеньер» әлем чемпионатының Африкада өтуіне қарсы болды» деген еді.
Бір айта кетері, әлем чемпионатындағы бас жүлдеден үміткер Аргентина өз тобындағы Нигерияны бар-жоғы 1-0 есебімен ұтқан болатын. Бұл әрине, Аргентинаның тақиясына тар келетін жеңіс. Матчтан кейін бас бапкер Марадона жанкүйлеріне былай деді:
--Мен сиқыршы емеспін, жай ғана бапкермін. Қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмын. Әлі де жетілдіретін тұстарымыз көп. Бірақ абыржудың, қорқудың қажеті жоқ. Қорқыққан адам футбол ойнамайды, үйінде отырады.