Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің тізгінін ұстап атқа қонғанына 6 ай толған Асқар Мырзахметов осы өңірдегі 15 аудан-қаладағы әрбір ауылға алдағы уақытта қандай көмек көрсету керектігін айқындап алу үшін командасындағы кадрлерден бірнеше жұмысшы тобын жасақтап аптасына екі мәрте ел аралауға шығып жүр. Осының нәтижесінде бос байбалам салушылар мен шындыққа жанаспайтын құжаттты алға тартып шырылдаушылар баяғыдай бақай есепке бара алмай енді көзбен көріп, көкейге түйген өзекті мәселелерге ғана бюджет қаражатын бөлу көзделіп отырғаны көпшіліктің көкейіндегісін дөп басып отыр. «Оңтүстіктегі игі істер» атты іс шара аясында зиялы қауым өкілдерінен құрылған арнайы керуеннің оңтүстіктегі аудан, қалаларға түгелдей ат басын бұрып тыныс-тіршіліктерімен танысып қайтқанына да көп бола қойған жоқ. Елмен етене байланыс орнатып олар үшін шер тарқатып, сыр бөлісетін, талап-тілектерін тыңдайтын, мұң-мұқтаждары оңынан шешілуіне септігін тигізетін арқа тұтар азаматтар болуы тиіс зиялы қауым өкілдерінің соңғы кездері бұл биіктен көріне алмай жүргендері жасырын емес. Бір жағынан қоғамдық жұмыстарға қатынастыруға, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірлесіп тірлік атқаруға атқарушы биліктегілер мүдделілік танытудың орнына шетқақпайлық жасай берсе өгей баланың күйін кешкен зиялы қауымды кінәлаудың өзі қисынсыздау сияқты. Қалай десек те облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей бастамасымен «Оңтүстіктегі игі істер» атты іс шара аясында зиялы қауым өкілдерінен арнайы керуен құрылып ауылдарды аралауы елдің, атқарушы билік пен зиялы қауым үшеуінің арасындағы үзілген сабақтастықты қайта жалғастырған жарасымды тірлік болды. Осы керуенге қосылған зиялылардың бірқатарымен тілдесіп, ой-пікірлерін сұраған едік.
Қасымбек Бейсенов, Оңтүстік Қазақстан облыстық өлкетану мұражайының директоры:
«Мұражайдың жай көрме ғана емес»
«Оңтүстіктегі игі істер» іс шарасының аясында мен арнайы топтың құрамында Шардара ауданына бардым. Біраз шаруашылықтар, салынып жатқан құрылыстарды араладық. Жағымды жаңалықтың бірі, «Жол картасы» бағдарламасы бойынша аудан орталығынан он шақырымдай жерде орналасқан Жаушықұм ауылында үлкен мектеп салынған екен. Мұнда 600-дей бала білім ала алады. Ауылдың бұрынғы мектебін де көрдік, әбден ескіріп, тозығы жеткен бір қабатты ғимаратты қанша жөндесең де қалпына келмейтіні анық. Жаңа мектептің пайдалануға берілуі ауылдағы білім деңгейінің өсуіне оң әсерін тигізері сөзсіз. Сондай ақ, Шардарада тағы бірнеше әбден ескірген мектепті күрделі жөндеуден өткізуге қомақты қаражат бөлінгелі отыр.
Байқағаным, су бейпіл екен. Жұмыс істеп тұрған каналдары бар. Осыған байланысты шығымы азайған мақталардың егудің орнына одан да бұрынғыдай күріш өсіруге көшу қажет деген ұсынысымды айттым. Олай деуге екі себеп бар. Біріншіден, ауданда бұрынғы ирригациялық жүйелер толық сақталған. Екіншіден, қазіргі таңда мақта егуден гөрі күрішпен айналысу экономикалық тұрғыдан әлдеқайда тиімді есе пайдалы.
Әрине, Шардарадағы ең басты мәселе ауыз су. Бұл мәселе бойынша бір бастама қолға алынуда. Шардараның өзінде жуық арада барлық көшелерге су құбырлары жүргізілмекші.
Өзім мұражай саласында қызмет атқаратындықтан, осы мәселеге тоқталып өтсем деймін. Шардара ауданының бұрынғы әкімі Серік Ибадуллаевтың кезінде асарлатып жүріп мұражай салынған еді. Президенттік саябақтың маңында орналасқан жаңа мұражайды осыдан үш жыл бұрын сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев лентасын қиып, салтанатты түрде ашты. Сол мұражайдың ғимараты қазір тозығы жетіп, қабырғасы жарыла бастапты. Аудан әкіміне мұражайды жөндеу ісін келесі жылдың «Жол картасы» бағдарламасына енгізу қажет деген ұсынысымды айттым. Мұражай – жай ғана көрме емес, халықтың тарихын сақтайтын, жүріп өткен жолын бейнелейтін бірден-бір мәдени мекеме.
Шардарада бұған дейін аудандық мұражай болмаған. Жаңа мұражай ашылғанымен, шешімін күткен ұйымдастырушылық әрі қаржылық мәселелері көп-ақ. Айталық, мұнда құнды жәдігерлер жоқтың қасы. Жалғыз аядай ғана бөлмеде құмыра, көрпе, домбыра секілді бірнеше ұлттық заттар қойылған. Ол жәдігер болып есептелмейді, мұндай экспонаттарды кез-келген мектептің де мұражайынан табуға болады. Жаңа мұражайға ешкімнің келмеуі де сондықтан. Демек, мекеменің ешқандай табысы жоқ.
Мұражайды жаңа деңгейге көтеру үшін не істеу керек?
Біріншіден, Шардара ауданында Ұзын ата деген кесене бар. Оған туристер лек-легімен ағылып жатады. Кесененің жанында жекеменшік кәсіпкерлер кешен салып тастаған. Келген қонақтарға жағдай жасап, жататын, жуынатын бөлмелері дайын тұр. Садақа тастайтын жәшігі де бар. Бірақ, осы бизнестің заңдылығын әлі тексеру керек. Меніңше, Ұзын-ата кесенесін аудандық мұражайдың бақылауына берген жөн. Біріншіден, мұражай үшін қосымша табыс көзі. Екіншіден, бюджеттен қаражат қарастырып, қазба жұмыстарын жүргізуге болады. Сол жерде көне қорғандар бар. Яғни, осы өлкенің тарихына байланысты құнды экспонаттар міндетті түрде табылады. Адамдар мұражайға осындай тарихи жәдігерлерді көру үшін келеді. Басқасын былай қойғанда, мұражайға мектеп оқушыларын экскурсияға апаруға толық мүмкіндік бар.
Мұражайға қатысты айтатын тағы бір ұсынысым - әкімдер галереясын жасау. Ауданды бұған дейін қандай әкімдер басқарды, олар нендей шаруа атқарды? Осының барлығын көрме ретінде ұйымдастыруға болады. Бұл іс-шара да мұражайдың дәрежесін бір саты жоғары көтереді, келушілер үшін де қызықты мағлұмат болып табылады. Мұражайдың артқы жағында он соттық жерге кітапхана ашқан жөн. Кейін уақыт өте келе мұражай мен кітапхананы ағарту орталығына айналдыруға болады. Қазба жұмыстарынан табылған құнды жәдігерлерді тақырып бойынша орналастырып, экспозиция жасаса нағыз мұражайға айналар еді. Ал қазіргі жалғыз бөлмелі мекеме ретінде күй кешуі ұят-ақ.
Амантұр Мұсаев, журналист-жазушы:
Нарқасқа жігіттер нарықты меңгере бастапты
Біздің топ «Оңтүстіктегі игі істер» іс-шарасының аясында үш ауданды аралап қайтты. Төлеби ауданында ең ұнағаны жергілікті кадрларды көптеп тарту ісінің мықтап қолға алынғаны. Токарь деген сияқты техникалық қиын мамандықтар бар ғой, солардың барлығын қазақтың жігіттері өздері меңгеріп кеткен. Үлкен зауыттар салынып жатыр.
Арыста бір жігіт бес жүз гектар жерге қызанақ егіпті. Қызанақ бітік шығыпты. «Әй, осының барлығы рәсуа болады ғой», деген күдігімді жасырмадым. Сөйтсем, іскер жігіт Италиядан соңғы үлгідегі екі комбайын сатып әкеліпті. Үлкен зауыт салыпты. Әлгі шетелдік комбайын піскен қызанақты бір бункерге, піспегенін екінші бункерге, жарамсызын үшінші бункерге іріктеп жинап береді. Ол жерден жемістер цехқа жөнелтіліп, сол мезетте-ақ шырын, томат ретінде дайын өнім шығарылады. Қазақтың нарқасқа жігіттері нарықты мықтап меңгере бастапты. Осыған қуандым. Тағы бір жерлесіміз 32 мың түп жеміс ағашын егіп тастаған. Төлеби мен Отырар аудандарында жаңа мектептер мен балалар бақшалары салынып жатыр. Бұл іс-шараны ұйымдастыру өте дұрыс бастама болды. Жасырмаймын, қайран қалдым! Мемлекеттің халықтың жағдайын жақсартуда атқарып жатқан оң істері шынында да көп екен. Тәуелсіздігіміздің осылайша салтанат құрып жатқанына мерейім тасиды.
Шойбек Орынбай, жазушы, «Евразия КZ» журналының бас редакторы:
Көлік жүргізушісіне дейін шеттен шақырудың қажеті қанша?
«Оңтүстіктегі игі істер» іс-шарасы аясында өзімнің туып, өскен Сарыағаш ауданына бардым. Жиі барып тұратын өлке болғандықтан, бұл жолы елеулі өзгеріс пен жаңалықты көре алмадым. Себебі, жаңа әкімнің тағайындалғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Біраз жұмыс атқару қажеттігі көрініп тұр. Әуелі бұрынғы әкімнің бастаған жобаларын соңына дейін жеткізу керек. Су тасқынынан зардап шеккен аумақтарда атқарылған жұмыстармен таныстық. Жаңа мектептер салыныпты, тағы да біраз құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен, бұл жобалардың жүзеге асуына ауданнан гөрі Үкіметтің қосқан үлесі басым екені белгілі. Байқағаным, осы құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар әлі де толық тартылмай отыр. Сырттан келген жұмысшылар аз емес. Тіпті көлік жүргізушілеріне дейін шеттен шақырудың қажеті қанша? Бұл да ойланарлық жағдай.
Қолға алынған бірқатар жаңа жобалармен таныстық. Бірақ, бұл әзірше тек бастама ғана. Оның әрі қарай қалай жүзеге асырылатынын уақыт төреші көрсетер. Себебі, қаржы тапшылығына байланысты біраз жұмыстар соңына дейін орындалмай қалады. Тіпті толық бөлінген қаржыны да жұрыстап игере алмай жататындарды көріп, естіп жүрміз.
Ауданға ең керегі – ауыз су мен жол. Онда да республикалық деңгейдегі үлкен тас жолдар емес, ауылдың арасында қатынайтын жолдар. Шалғайдағы ауылдан аудан орталығына қарай жүретін сапалы жолдар жоқтың қасы. Тағы бір шешімін күткен мәселе - ауыз су тапшылығы. Бірқатар жобалар басталып қойғанымен әзірше соңына дейін жеткен жоқ. Одан соң аурухана мәселесі әлі дұрыс шешілмей жатыр. Кез-келген ауруға алғашқы көмек бере алмайтындар да бар. Осы мәселелер бойынша аудандағы жауапты қызметкерлердің «атқардық, жүзеге асырдық» дегеннен гөрі «атқарамыз, игереміз, орындаймыз» деген уәделері басым.
Әрине, жағдайды жақсартуға бағытталған ұмтылыс бар. «Оңтүстіктегі игі істер» атты іс-шараның мән-маңызы өте зор. Себебі, жергілікті халықтың пікірін жоғары жақтағыларға жеткізу ісі анағұрлым жеңілдеді. Егер биілк халықтың арасынан шыққан ұсыныстарды ескеріп барып әрекет етсе, әлеуметтік мәселелер тезірек шешілер еді. Өйткені, шешімін күткен мәселе қандай, оны қалай шешу қажет екенін кабинетте отырған шенеуніктерден гөрі сол ауылда тұратын азаматтар әлдеқайда жақсы біледі.
Мәжит Илясқаров, Жұмат Шанин атындағы облыстық сазды-драма театрының әртісі:
Ажыраған байланыс қайта жалғасын тапты
Соңғы рет Шардара ауданына театр ұжымының құрамында сонау сексенінші жылдардың орта шегінде, қайта құру науқаны енді басталған кезде гастрольдік сапармен барған екенмін. Содан бері ол жаққа жолымыз түспеді. Баратын көлігіміз де, көрерменнің театрға келетін жағдайы да болмаған соң халықтан қол үзіп кеттік қой. «Оңтүстіктегі игі істер» іс-шарасының аясында жуырда Шардара ауданына барып қайттым. Көп өзгерістер бар екен. Жаңадан балалар бақшалары мен мектептер салынған екен. Шардараның орталығында Президент саябағы, мұражай ашылып жұмыс істеп жатыр. Жергілікті оқу орындарын араладық. Жаңадан балық зауыты ашылыпты. «Жол картасы» бойынша атқарылып жатқан жұмыстар шын мәнінде де орасан зор екен.
Елуінші жылдары баяу ұшқан құстың қанаты, жүгіріп өткен аңның табаны күйетін ыстық Қызылқұмның бос жатқан даласында ортасына канал қазылып, «Восход» кеңшары пайда болған еді. Көз алдымызда кеңейіп, гүлденген елді мекенге театрымыз талай рет гастрольмен барғанбыз. 90-жылдары ауылдың жағдайы нашарлап, тозып кеткен еді ғой. Қазір соның барлығы қалпына келіп жатыр екен. Жалпы, «Оңтүстіктегі игі істер» акциясының ең маңызды тұсы сол, ауылдағы жағдайды өз көзімізбен көріп қайттық. Әрине, аудандардың тыныс-тіршілігі жайлы газеттен оқып, теледидар арқылы көріп отырамыз ғой. Мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп, ауыл жаңару үстінде екенін біліп жүрміз. Дегенмен, осыны өз көзіңмен көріп қайтқанға не жетсін? Осы сапардан ел болашағына деген үлкен сенім арқалап қайттық. Халықтың жағдайын зиялы қауым өкілдерінің барып көруінің маңызы аса зор. Неге десеңіз, зиялы қауым қашанда жол сілтеп, жетістігіміз бен кемшілігімізді түгендеп отырады. Бұған дейінгі уақытта елден ажырап қалған еді, осы іс-шараның арқасында қайтадан байланыс орнағандай болды.
Өнер адамы болғандықтан, жүрген жерімде ауылдық мәдениет клубтарының жағдайын сұрастырдым. Шардарадағы бірқатар клубтардың жағдайы нашарлау екен. Мұнда қандай-да іс-шара өткізудің өзі аса қиынға соғады. Есік, терезесі жұлынып кеткен, ғимараты жарамсыз. Соларды жөндесе, өнерпаздардың жұмыс істеуіне жағдай жасаса деген ұсынысымды білдірдім. Бұл мәселені мықтап қолға алудың уақыты келді. Бұрындары театрымыз облыс түгілі гастрольмен сонау Өзбекстан, Қарақалпақстанға жиі барып тұратын. Қаншама қазақ мектептері бар еді. Сол жақтағы қазақ бауырларымыз «сіздер келмегенде қазақ тілін ұмытып қалады екенбіз» деп, ризашылығын білдіріп жататын. Енді біздің Өзбекстанмен, Өзбекстанның бізбен шаруасы жоқ. Ол жаққа барып спектакль қою мүмкін емес. Дегенмен, тым болмаса өзіміздің ауылдарымызбен мәдени байланысымызды орнататын кез туды. Әрине, экономикалық, әлеуметтік мәселелер дер кезінде шешілуі тиіс. Алайда, мәдени, рухани саланы да қатар алып жүрген жөн. Ауылдағы жастардың рухани жағдайы жұтаң болса олардың жаны су құймаған жер секілді жарыла бастайтыны сөзсіз.
Әңгімелескен Ғалымжан Қамытбекұлы,
Оңтүстік Қазақстан облысы
"Рейтинг" газеті №37, 16 қазан 2009 жыл