Рашид Аюпов: «Түркістан қаласына келетін туристер 4 категорияға бөлінеді»

Screenshot_18.jpg

Түркістан қаласының туристік әлеуеті мол. Оған дәлел, Түркістанға саяхаттап келуші туристер саны жылдан-жылға артуда. Статистикаға сүйенетін болсақ, өткен жылы Түркістанға 1 млн. 200 мың шетелдік келген. Бұл тек қана сыртқы туризм. Кентаудан, Шымкенттен, Жетісайдан келгендерді, жалпы Қазақстан саяхатшылары есептелген жоқ. Шетелден келген адамдарды ғана есепке алынып отыр. Осы қарқында түсіріп алмаған абзал. Биыл Түркістан қаласының жаңа әкімі болып Рашид Аюпов тағайындалған болатын. Рашид Абатұлы бүгінде қаланың туристік әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар жұмыстарды қолға алды. Жақында ол журналистерге берген сұхбатында қаладағы туристік ахуал жөнінде ой-пікірлерімен, жоспарларымен бөлісті. 

– Естеріңізде болса, 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдығы қарсаңында жолдар жөнделіп, дайындық шаралары жүргізілді. Ол кезде мен студентпін. Мерейтойда ұйымдастырылған үлкен шарада Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Түркістан қаласына уақыты келгенде арнайы мәртебе беріледі» деп атап айтқан болатын. Шынымды айтсам, мен сол күнді асыға күттім. Бірақ, ол кезде Түркістан облыс орталығы бола ма, өз алдына қала бола ма, қандай мәртебе берілетінін ешкім білген жоқ. Содан арада 18 жыл өткенде Елбасының Шымкенттің республикалық мәртебе алуына байланысты тарихи Жарлыққа қол қойғанын жақсы білесіз. Тағдырым солай шығар, арада бір жылдан астам уақыт өткенде Ұлт көшбасшысының назарындағы қалаға әкім болып тағайындалдым. 

Бүгінде қалада ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түркістанның инфрақұрылымына көбірек көңіл бөліп, қалыптастыру қажет. Қаланы  көгалдандыру керек. Сонда ғана шаһарымызға келетін туристерге жағдай жасай аламыз. Өйткені Түркістанда өндіріске қажетті мұнай, газ жоқ. Бар байлығы – 6 ғасырдан басталатын терең, бай тарихы.  Туристерге Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сияқты «Әзірет Сұлтан» кешенінің маңына топтасқан тарихи орындарымызды көрсетіп, қаланың статусын халықаралық деңгейге жеткізуіміз керек. Көп адам бізде халықаралық деңгей дегенді дұрыс түсіне бермейді, 40-50, 100-ге дейінгі көпқабатты үйлері бар қала деп ойлайды. Бірақ, олай емес. Еуропаның кез келген қаласына барсаңыз, барлығы ескі үйлерден құралған. Сондай жәдігерлерді тамашалауға жыл сайын қаншама адам Еуропаға ағылады. Ал, біздің тарихи дүниелеріміз олардікінен әлдеқайда көп, 

Бізде қазір басты мақсат – қаланың деңгейін көтеру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, барынша ыңғайлы жағдай жасау және әлемге таныту. Бұл аз жұмыс емес, көп еңбектенуді талап етеді. Бірнеше халықаралық ұйымдар бар, оларға кіру және стандарттарына сәйкес болу керек. Әрбір берген ақпаратымызды аңыз қылып баяндау емес, қызықты еткіп жеткізе білуіміз де маңызды. Оған арнайы инфрақұрылым қажет. 

Түркістан қаласына келетін туристер 4 категорияға бөлінеді. Біріншісі – тарихи жерді көргісі келетіндер. Екіншісі – тек архитектуралық ғимараттарды тамашалауға қызығатындар. Үшіншісі – зиярат етушілер. Төртіншісі – өтіп бара жатып орайы келсе Түркістанды көргісі келетіндер. Туристердің көбеюі үшін әр категорияға мүмкіндік жасалғаны жөн. Мысалы, зияратшыларға – жуынатын, киім ауыстыратын, намаз оқитын орындар, ал, сырттан келетіндерге мавзолейден бөлек тамақтануына ыңғайлы, ас мәзірі бай, тынығатын, уақыт өткізетін орындар ұсынуымыз керек. Қонақүйі дұрыс болуы тиіс және қауіпсіз де жайлы қоғамдық көлік те аз рөл ойнамайды. Ақпараттың мейлінше мол болғаны дұрыс. Бұл тарихи ғимараттың кірпіші неден жасалды? Қай жылы құйылды? Қандай шебер, қандай сәулетші тұрғызды? Туристер тұрмақ, жергілікті тұрғындардың көбі толық білмейді мұны. Қожа Ахмет Ясауидің кім болғанын айтуымыз керек. Түркі әлеміне әйгілі ғұламаның шәкірттері Жерорта теңізіне дейін барып, қазіргі Түркия жерінде қалып қойған. Олар туралы мағлұматтар көп. Бірақ, Ясауидің өз өмірі туралы ақпарат өте аз. Халық арасында айтылатын аңыз әңгімелердің бәрін жинап, қорытып, сан-саққа жүгіртпей ғылыми негіздеуіміз қажет. 

 «Болашақ» бағдарламасымен Британияда оқып жүрген кезімде қалаларын, туристер көп баратын орындарын көбірек көруге ұмтылдым. Сонда өзіңіз білетін Стоунхендж деген жері бар. Жәй ғана қада тастар тұр...  Кейбір суреттерде «өздері жасаған» деп көрсетеді. Кейбірінде «ең бірінші пайда болған адамдар жасаған» деп айтады. Екеуіне де сенуге болатын дәлелдері бар. Бірақ, соншалықты жағдай жасап тастаған. Күніге сол тастарды көруге мыңдаған турист барады. Визит орталығы бар, кірсең адам көп. Бірақ, бірде-бір гид жоқ. Өйткені барлығында заманауи құралдар пайдаланылады. Егер тіл білмесеңіз, арнайы аппарат береді, сондағы әр тасқа, әрбір жәдігерге жақындатсаңыз қажетті мағлұматты аласыз. Әлемдік деңгейде мойындалған 6 тілде мәлімет ұсынады, видеосын көрсетеді. Смартфоныңыз болса, сол арқылы да көруге болады. Мәтіні шығып тұрады, оқуыңызға да ыңғайлы. Одан басқа біздің дәуіріміздің 64-інші жылында салынған Бат деген қаласы бар. Атауының аудармасы монша деген ұғымды білдіреді. Рим әскері кіріп, үлкен қаланың барлығын жауынгергерлеріне монша жасайды. Барлығы монша! Кірсең ыстық су, кәріз жүйесі, бәрі қарастырылған. Оны да соншалықты жағдай жасап қойған. Бірде-бір 9-10 қабатты ғимарат жоқ. Барының өзі 3-4 қабаттан биік емес. Бірақ, сондай керемет! Таң қаласың, сол кезде осындай заттар болған ба деп. Айтайын дегенім, біздің де тарихымыз олардан кем емес. Бірақ, біз соны жеткізе алмай жатырмыз. Туризмді дамыту жолындағы біздің басты мақсатымыздың бірі осы. Туристер келгенде қысқа ақпаратпен шектелмей, кеңірек нақты  да толыққанды мағлұмат беруіміз керек, - деді Рашид Абатұлы журналистермен болған сұхбатында. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Түркістанда 1,3 миллионнан астам көшет отырғызылуда
  • Түркістанда су жаңа қоғамдық көліктердің қатары артып келеді
  • «Түркістан қаласы елді бірлікке шақыратын миссиясын жалғастыра береді»
  • Түркістанда шәйнек үлгісіндегі субұрқақ іске қосылады
  • Кесене аумағына жасыл шым және гранит тастар төселуде
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика