Шымкенттің макарондары Орта Азияны бағындыруда
Қазақстанда макарон өнімдерін өндіру саласы тамақ өнеркәсібінің қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі болып табылады. Елдің астық әлеуетінің жоғары болуы, қатты бидай қорларының жеткіліктілігі және өңдеуші өнеркәсіптің дамуы макарон өндірісін өркендетуге қолайлы жағдай жасап отыр.

Бүгінде республика аумағында макарон өнімдерін шығаратын қырыққа жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың жылдық өндіріс көлемі 120–130 мың тоннаға дейін жетеді. Бұл көрсеткіш ішкі нарықтағы сұраныстың 90–95%-ын қамтамасыз етеді.Олар ішкі нарықты толықтай дерлік отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімдерін шетелдік нарықтарға да экспорттауда.
Қазақстан – әлемдегі ірі бидай өндіруші елдердің бірі. Осы артықшылық макарон өндірісін дамытуда шешуші рөл атқарады. Көптеген зауыттарда заманауи, автоматтандырылған желілер орнатылып, халықаралық сапа стандарттарына сай өнімдер шығарылуда. Өндіріс процесінде қатты бидай ұнын пайдалану макарон өнімдерінің сапасын арттырып, қазақстандық брендтердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуде.
Соңғы жылдары қазақстандық макарон өнімдері көрші мемлекеттердің нарығында сұранысқа ие болуда. Отандық өнімдер Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және басқа да елдерге экспортталады. Бұл Қазақстанның азық-түлік өнімдерін сыртқы нарыққа шығару мүмкіндігін кеңейтіп, елдің экспорттық әлеуетін арттырады.
Жыл сайын елімізде макарон өнімдеріне сұраныс өсіп келеді, бұл халық санының артуы мен тұтыну деңгейінің өсуіне байланысты. Қалалық тұрғындар арасында макарон өнімдері күнделікті рационның негізгі бөлігі болып табылады, бұл тұрақты нарықтық сұраныс қалыптастыруда.
Макарон өндіретін кәсіпорындарда азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Өндіріс санитарлық-гигиеналық талаптарға сай жүргізіліп, өнім сапасы тұрақты бақылауда болады. Көптеген зауыттар халықаралық стандарттарға сәйкес сертификатталған.
Статистикалық деректерге сүйенсек өткен жылы Қазақстаннан 33,8 мың тонна макарон экспортталған, оның негізгі бөлігі ТМД елдеріне жөнелтілген.
Еліміздегі макарон өндіру ісінің өркендеуіне өз үлесін қосып отырған кәсіпорынның бірі Шымкенттегі макарон өнімдерін шығаратын «БАРЫС 2007» ЖШС-і. Нысан 2007 жылы құрылған.
Жобаның ұйымдастырушысы, ауылшаруашылығы саласында және астық өңдеу саласында, диірмен және макарон өндірісін құруда үлкен тәжірибесі бар кәсіпкер – Мұқан Наимбеков.
Кәсіпорын Тассай шағынауданында 3,25 гектар өндірістік алаң сатып алды. Бұл аумақта өндірістік, қоймалық және әкімшілік корпустар, сондай-ақ жеке қазандық орналасқан. 2008 жылы компания төртінші (соңғы) буынды компьютерлендіру деңгейімен жабдықталған, осы салада әлемдік көшбасшы «PAVAN Mapimpiati SPA» итальяндық компаниямен келісімшарт жасасты. Бұл желінің өнімділігі мен IT-технологияларды қолдануы бойынша Қазақстан мен Орта Азияда аналогтары жоқ.
«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында цехтың өндірістік қуаты кеңейтілді. Қаражат – жаңа цех құрылысы, жабдықтар сатып алу, қоймаларды қайта құру және айналым қаражатын толықтыру үшін жұмсалды. Жобаны Халық Банкі қаржыландырды. Сондай-ақ, 2024 жылы Компания эмитенттің ағымдағы қызметін қаржыландыру мақсатында айналым қаражатын толықтыру үшін облигациялар шығарды. Бұл жобада да «Даму» қоры сенімді серіктес ретінде әрекет етіп, кәсіпкерлік субъектілері шығарған облигациялар бойынша купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау арқылы қолдау көрсетті.
Кәсіпорынның жалпы сатылымының 20 %-ы экспортқа тиесілі. Кәсіпорынның алдағы жоспарларында экспорттық әлеуетті 35% - ға дейін арттыру көзделген.
Бүгінгі таңда «БАРЫС 2007» ЖШС – ТМД елдері мен Орта Азия өңірі нарығында үздік макарон өнімдерін өндірушілердің бірі. Заманауи, қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорын. Компания алғашқы күннен бастап тұрақты өсімді көрсетіп, технологиялық жаңашылдықты, сапаның жоғары стандарттарын және стратегиялық дамуды табысты үйлестіріп келеді.
Компания келесі өнім түрлерін өндіреді:
- Жоғары сұрыпты ұннан жасалған макарон өнімдері;
- Құрғақ нан, печенье және ұннан дайындалған кондитерлік өнімдер;
- Минералды су.
Өнімдер «MADINA», «Южная Корона» және «BARYS» брендтерімен шығарылады.
Жалпы инвестиция сомасы 3 млрд.теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 36 мың тонна макарон өнімдерімен қаламызды толығымен қамтамасыз етумен бірге Республика аумағы мен көршілес елдерге де экспорттауда. Атап айтқанда Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан және Пәкістан елдеріне де экспортталады. Автомобиль және теміржол көліктерін пайдалану компанияға икемді әрі сенімді логистиканы қамтамасыз етіп, шетелдік сауда байланыстарын тұрақты түрде кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.
Бүгінде Компанияда 250-ден астам қызметкер еңбек етеді. Компания басшылығы корпоративтік мәдениетті дамытуға, жайлы еңбек жағдайларын жасауға, кадрларды оқытуға тұрақты инвестиция салып, командалық рухты нығайтуға ерекше мән береді.
«Барыс 2007» — нарықтың соңынан ермей, өз стандарттарын қалыптастырып, болашаққа сеніммен қадам басып келе жатқан табысты қазақстандық компания. Оның тәжірибесі мен табысы — келешек кәсіпкерлер үшін шабыт көзі.
Макарон өнімдерін өндіру саласы жұмыс орындарын құруға ықпал етеді; өңдеуші өнеркәсіптің дамуы арқылы қосылған құнды арттырады; импортты алмастыруды қамтамасыз етеді; мемлекеттік бюджетке тұрақты салық түсімдерін қалыптастырады. Сонымен қатар, макарон өндірісі ұн тарту, ауыл шаруашылығы, логистика және сауда салаларымен тығыз байланысты болып, экономиканың бірнеше секторын қатар дамытады.
Қазақстандағы макарон өнімдерін өндіру ісі – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, өңдеуші өнеркәсіпті дамытатын және экспорттық мүмкіндікті кеңейтетін стратегиялық маңызы бар сала.


