Құрылыс материалдарын өндіру ісі – экономиканың маңызды драйвері
Құрылыс материалдарын өндіру саласы ел экономикасының тұрақты дамуына тікелей ықпал ететін стратегиялық бағыттардың бірі болып саналады. Бұл сала тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылым, өнеркәсіп және әлеуметтік нысандарды салу үдерісінің негізін қалайды.

Былтыр елімізде 1 336 миллиард теңгенің құрылыс материалы өндіріліп, 6,9%-ға артық өсім көрсеткен. Не өндірілді дегенге келсек, ескерткіштерге арналған тас өндірісі, минералды және шлак мақта өндірісі, отқа төзімді емес керамикалық кірпіш өндірісінің көлемі еселеп ұлғайған.
«QazIndustry» Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясының хабарлауынша, саладағы өндіріс көлемінің өсуі құрылыс жұмысының 18,5%-ға артуымен байланысты. Өндірілген құрылыс материалдарын өзге елдерге сатудан түскен табыс көлемі – 276,3 млн доллар. Импорттық көрсеткіш те экспорттан қалыспай өсіп жатыр. Жыл бойына 1 300,2 млн доллардың тауары сатып алынған.
Қазақстанда құрылыс материалдары өндірісі жалпы өнеркәсіптің маңызды бөлігін құрайды, ал Шымкент қаласы өндірістік көлем бойынша республикадағы жетекші өңірлердің бірі болып табылады. Мұнда цемент, бетон бұйымдары, кірпіш және басқа да өнімдер өндіріліп, ішкі нарыққа жеткізілуде. Бұл өндірістер жұмыс орындарын құруға үлес қосып, экономикалық өсімді қамтамасыз етуде. Сондай-ақ инфрақұрылым мен тұрғын үй құрылысын дамытуға ресурстармен қамтамасыз етіп келеді.
Үшінші мегаполисте мемлекеттің қолдауымен ашылып, бүгнде тұрақты жұмыс жасап, қаланың экономикасына, бизнес саласының дамуына үлесін қосып отырған өндіріс орындары баршылық. Солардың бірі Шымкент қаласындағы «Әділет құрылыс LTD» серіктестігінің негізі 2011 жылдың күзінде қаланған болатын. Кәсіпорын өңірдегі Vifesa маркалы испан қондырғысымен жұмыс жасайтын жалғыз зауыт.
Су өткізу құбырлары, темірбетон қадалар, тіректер, портал қабырғалары, жиектестар, қоршау және бетон блоктарының барлығы да осы жерден шығады. Бағасы да қолжетімді. Темірбетон бұйымдарын өндіру үшін компания беріктік пен жоғары сапалы өнімге кепілдік беретін арнайы қоспаларыларды тұтынады. Айта кетейік, бұл кәсіпорын өңірдегі электрлендіру, сумен жабдықтау, құрылыстар мен автожолдар салу үшін пайданылатын құрылыс заттарын өндіретін жалғыз зауыт.
Өндіріс процесі зертхананың қатаң бақылауында. Темірбетон бұйымдарының әр компоненті алдын-ала сынаудан өтеді. Осылайша, өндіріс ошағына тек жоғары сапалы шикізат таңдалады. Қажетті шикізат Оңтүстік өңір мен Ресейден жетеді. Шығарылған өнімнің 70 пайызы Тараз, Шымкент, Қызылорда, Астана және Алматы қалаларына тасымалданады. Зауыт басшысы алдағы уақытта нарыққа жаңа өнім түрін ұсынуды көздеп отыр. Сондай-ақ жұмыс орындарын көбейтіп, жылдық қуаттылығын арттыру да жоспардағы іс.
Қаланың қарқынды дамуы, тұрғын үй құрылысының артуы және инфрақұрылымдық жобалардың көбеюі отандық құрылыс материалдарына деген сұранысты жыл сайын өсіріп отыр. Қала аумағындағы индустриялық аймақтарда жаңа зауыттар іске қосылып, қолданыстағы кәсіпорындар өндіріс көлемін ұлғайтуда. Заманауи технологиялармен жабдықталған бұл өндірістер энергия үнемдеу, экологиялық қауіпсіздік және өнім сапасын арттыру талаптарына сай жүргізілуде. Құрылыс материалдарын өндіру саласына тартылған инвестициялар нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік туып отыр. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес субъектілері үшін де қосымша серіктестік пен қызмет көрсету бағыттары қалыптасуда.
Кәсіпкерлікті қолдайтын мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көрген «Компания WDA» ЖШС шымшаһардағы алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың бірі. Бүгінде металл-пластикалық терезе мен есіктерге жаңа технология бойынша керек-жарақтар шығарады.
Қуаттылығы айына 30 тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Аталған зауыт Түркияның қондырғыларымен жабдықталған. Мұндағы тауардың ерекшелігі- беріктігінде. Әрбір деталі мен пішініне мән беріледі. Сондықтан болар тың технологияның арқасында зауыт сапалы әрі төзімді өнім шығаруда. Қажетті шикізат-отандық.
Бүгінде компания өнімі ең сапалы шикізаттардан дайындалады. Мұнда әбден тексерістен өткен материалдар қолданылады. Керек-жарақтар өндірісіндегі ең басты шикізат – мырыш. Оны KAZZINK компаниясынан алады. Ол Қазақстандағы және әлемдегі ең озық мырыш өндіретін кәсіпорын саналады. Серіктестік өнімі жүз пайыз отандық шикізаттан тұрады. Осылайша «Компания WDA» ЖШС қазақстандық өндірушілерді қолдап, ұлттық экономиканың дамуына айрықша үлес қосуда.
Айтып өтейік, зауытта «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» аттестациялаған өз зертханасы бар. Аталмыш мекемеде сырттан әкелінген шикізаттардың тазалығына және керек-жарақтар шығару ісі мен дайын бұйымның сапасына жіті бақылау жүргізіледі. Зертхана соңғы үлгідегі техникамен жарақталған, шығарылған өнімді қажетті деңгейде бақылап отыратын сынама стендтермен қамтамасыз етілген.
Құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындарының экономикаға тигізер пацдасы орасан. Біріншіден, құрылыс материалдарын өндіретін зауыттар мен кәсіпорындарда мыңдаған адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар көлік, логистика, қызмет көрсету салаларында да қосымша жұмыс орындары пайда болады. Зауыттардың көбісі өңірлерде орналасқандықтан, жергілікті экономиканың жандануына серпін береді. Инфрақұрылым дамып, шағын және орта бизнеске сұраныс артады. Отандық құрылыс материалдарының өндірісі импортқа тәуелділікті азайтады. Бұл ел ішінде қаржының сақталуына, ұлттық валютаның тұрақтылығына оң әсер етеді.
Құрылыс материалдарын өндіру – тек өндірістік сала емес, ол экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін, халықты жұмыспен қамтитын және елдің даму қарқынын жеделдететін маңызды сектор.


