Заң талаптарын бұзған нысандар жауапқа тартылды

Oinet.kz 15-12-2025 14

Шымкент қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қауіпсіз әрі қолайлы қалалық орта қалыптастыру мақсатында құрылыс саласына және қалалық инфрақұрылым нысандарына бақылау күшейтілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар қала әкімдігінің тікелей бақылауымен жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

image.png

Қала аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының заңдылығы, жобалық-сметалық құжаттамалардың сақталуы, құрылыс нормалары мен талаптарының орындалуы тұрақты түрде тексерілуде. Әсіресе тұрғын үй кешендері, әлеуметтік нысандар мен инженерлік инфрақұрылым объектілерінің сапасына ерекше назар аударылуда.

Қалалық орта сапасын арттыру аясында рұқсатсыз және талапқа сай келмейтін құрылыстарды анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданып, заң аясында жауапкершілік жүктелуде. Бұл жұмыстар қаланың сәулеттік келбетін сақтау мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қала әкімдігіне қарасты Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы 2025 жылдың 11 айында сәулет-құрылыс саласында ауқымды мониторинг жүргізіп, заңсыз және талапқа сай келмейтін құрылыс нысандарына қатысты жүздеген әкімшілік шара қолданған.

Басқарманың мәліметінше, жыл басынан бері құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы жөнінде 1909 хабарлама түскен. Оның 1309-ы басқарма реестріне тіркелсе, 600 хабарламаға бас тарту берілген. Сонымен қатар, нысандарды пайдалануға қабылдау актілеріне қатысты 1721 өтініш қаралып, тек 642-сі ғана мақұлданған. Қалған 1079 өтініш заң талаптарына сәйкес келмегендіктен кері қайтарылған.

Лицензиялау және аттестаттау бағытында да бақылау күшейген. 11 айда құрылыс саласына қатысты 479 лицензиялық өтініш түскен. Нәтижесінде 40 лицензия беріліп, 181-і қайта рәсімделген, ал 61 өтінішке бас тартылып, 197 өтініш кері қайтарылған. Бұған қоса, 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айлары аралығында 196 сарапшыға аттестат берілген.

Әкімшілік бақылау нәтижесінде 178 құрылыс нысаны бойынша 422 құқық бұзушылық анықталып, жалпы сомасы 102,3 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Оның 80,5 млн теңгесі өндірілген. Айыппұлдардың басым бөлігі заңсыз құрылысқа қатысты. Атап айтқанда, 125 нысан бойынша 369 хаттама толтырылып, 70,7 млн теңге айыппұл салынған.

Аудандар бойынша алғанда, құқық бұзушылықтар Абай, Әл-Фараби, Тұран және өзге де аудандарда тіркелген. Сонымен қатар, құрылыс сапасына байланысты 38 нысанға, ал үлестік қатысу туралы заң талаптарын бұзған 15 тұрғын үй кешеніне қатысты істер сотқа жолданып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Мониторинг барысында қала аумағында 185 құрылыс нысанында заң бұзушылық анықталған. Оның ішінде 102 нысан қажетті құжаттарсыз құрылыс жүргізген. Қазіргі таңда олардың бір бөлігіне шара қолданылып, қалған нысандар бойынша тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұдан бөлек, басқарма тарапынан 25 құрылыс нысаны бойынша сотқа талап арыз жолданып, оның 11-і қанағаттандырылған. Сот шешімімен Әл-Фараби, Абай және Еңбекші аудандарында орналасқан бірқатар заңсыз құрылыс нысандары толықтай бұзылған.

Қалалық орта сапасын жақсарту барысында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері де назардан тыс қалмайды. Азаматтардан келіп түскен өтініштер мен шағымдар тиісті сала мамандары тарапынан зерделеніп, нақты шешімдер қабылдануда. Шымкент қаласында құрылысқа бақылауды күшейту – қаланың тұрақты дамуына, сәулеттік үйлесімділікті сақтауға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, қала аумағында қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға қызмет ететін болады.

Тәуелсіздік күні қарсаңындағы қоғамдық тәртіп мәселесі қаралды
Қалада тұрғын үй қауіпсіздігі күшейтілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу