Тәуелсіздік күні қарсаңындағы қоғамдық тәртіп мәселесі қаралды
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Кеңес барысында Тәуелсіздік күні қарсаңында қоғамдық тәртіпті және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары туралы баяндамалар тыңдалды.

Сондай-ақ, Табиғи монополияларды реттеу комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің 2025 жылғы жұмысының нәтижелері және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттауына жол бермеу бағытында қабылданып жатқан шаралар қаралды.
Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қуанар Базарбаев жаңа жылдық мерекелер кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған ведомствоаралық жоспардың бекітілгенін хабарлады. Жоспар аясында «Газ баллоны», «Қауіпсіз Жаңа жыл» және «Пиротехника» сияқты алдын алу акциялары қамтылған. Қазақстанда аталған профилактикалық акция 2025 жылғы 1-желтоқсаннан бастап қолға алынды. Бұл шаралар Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) мен Ішкі істер министрлігі (ІІМ) бірлесіп жаңа жылдық мереке қарсаңында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл акциялар ел бойынша өткізілетін рейдтер, түсіндіру жұмыстары мен профилактикалық әңгімелер арқылы азаматтарды қауіпті жағдайлардан сақтандыруға бағытталған. Мақсат – мереке кезінде жарақаттар мен өрттің алдын алу, тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақыру.
Желтоқсан айында газ баллон жабдықтары орнатылған автокөліктерді тексеру бойынша рейдтер жүргізіліп, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау туралы түсіндірілді, мектептерге, медициналық және әлеуметтік мекемелерге ерекше көңіл бөлінуде.
«Газ баллондары» акциясы аясында тұрмыста және көлік құралдарында пайдаланылатын газ баллондарын сақтау мен қолдану талаптарының сақталуына бақылау күшейтілді. Мамандар қала аумағындағы газ құю бекеттерінде, тұрғын үйлерде және автокөлік тұрақтарында рейдтік тексерулер жүргізіп, газ жабдықтарын дұрыс пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстарын өткізуде. Негізгі мақсат – газ баллондарынан туындайтын өрт пен жарылыс қаупінің алдын алу.
Жаңа жылдық мерекелер кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына ерекше көңіл бөлінуде. «Қауіпсіз Жаңа жыл» акциясы шеңберінде сауда және ойын-сауық орталықтары, білім беру мекемелері, көпшілік жиналатын орындар тексеріліп, эвакуациялық шығу жолдарының ашық болуы мен өртке қарсы жүйелердің жұмысқа жарамдылығы қадағалануда. Сонымен қатар мекеме басшыларына қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде нақты нұсқаулықтар берілуде.
«Пиротехника» акциясы жаңа жылдық мерекелер кезінде салюттер мен отшашуларды қолдану барысында орын алатын жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған. Рейдтік іс-шаралар барысында пиротехникалық өнімдердің заңды саудасы, сертификаттарының болуы және қауіпсіздік талаптарының сақталуы тексерілуде. Тұрғындарға пиротехниканы тек рұқсат етілген орындардан сатып алып, нұсқаулыққа сәйкес пайдалану қажеттігі түсіндірілуде.
Желтоқсан айында пиротехника бұйымдарын сату және пайдалану талаптарының сақталуын бақылау мақсатында сауда және ойын-сауық нысандарында қосымша тексерулер жоспарланған. Жаңа жылдық іс-шаралар өтетін алаңдарда өрт сөндіру техникасы мен ТЖД қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылады.
Шымкент қаласының төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды газ жабдықтарын, электр құралдарын және пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде барынша сақ болуға шақырады. Қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау арқылы ғана мерекені шаттыққа толы, алаңсыз өткізуге болады.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің басшысы Кенжеболат Көшекбаевтың айтуынша, 2025 жылы Шымкент қаласында 75 қызмет түрі бойынша 55 табиғи монополия субъектісі жұмыс істейді. Бес базалық кәсіпорын бес жылдық тарифтер негізінде қызмет көрсетуде.


