Шымкент: Бес жылда 6,6 трлн теңге инвестиция тартуды жоспарлады
Шымкент қаласы алдағы бес жылда экономикасын тұрақты дамыту мақсатында 6,6 триллион теңге көлемінде инвестиция тартуды жоспарлап отыр.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мегаполистің инвестициялық әлеуеті мен жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде жан-жақты баяндады.
Әкімнің айтуынша, Президенттің тапсырмалары аясында өңірге инвестиция тарту стратегиялық міндетке айналған. Бұл бағытта қала әкімдігі тұрақты жұмыс жүргізіп, инвесторларға қолайлы жағдай жасауға, оларға әртүрлі қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлуде. Соңғы үш жылда Шымкент экономикасына 2 триллион теңгеден астам инвестиция жұмылдырылған, оның 75 пайызы жеке инвесторлардың есебінен келген. Орташа жылдық өсім көрсеткіші 11 пайызға жетіп отыр. Қазіргі таңда жалпы құны 4,6 триллион теңге болатын 221 инвестициялық жоба пулы жасақталған, бұл жобалар аясында 29 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылуы жоспарланған.
Қала әкімі экономиканың дамуына серпін беріп отырған ірі жобаларды атап өтті. Олардың қатарында еліміздегі ең ірі заманауи жылыжай кешені бар. Түрік компаниясы «Alsera KZ» жүзеге асырып жатқан бұл жобаға 322 миллиард теңге инвестиция бағытталған. Жобаның алғашқы кезеңі биыл аяқталып, құны 98 миллиард теңге құрайтын 42 гектарлық жылыжайдан алғашқы өнім жиналды. Бұл еліміздегі жылыжай өндірісін жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, жергілікті өнімнің экспортқа шығуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Польшаның «Fabe Agro» компаниясымен 68 миллиард теңге инвестициясы салынатын жоғары технологиялы жылыжай құрылыс жобасы қолға алынды. Бұл жобада 144 гектар жер телімі бөлінген. Жылыжайдан жыл сайын 36 мың тонна қызанақ пен қияр өнімін алу жоспарланып отыр. Жобаның іске асырылуы нәтижесінде 800-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Әкімнің сөзінше, мұндай жобалар қала экономикасын әртараптандыруға және ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі серпін береді.
Өндірістік секторда да ірі жобалар жүзеге асырылуда. Түркиялық «YDA Group» компаниясымен өндірістік технологиялық материалдар өндіретін зауыт құруға 313 миллиард теңге, ал отандық «INTERTRANS» компаниясымен мұнай өнімдерінен ұнтақталған полипропилен шығаратын зауытқа 80 миллиард теңге инвестиция жұмылдырылмақ. Бұл жобалар тек қаланың өндіріс әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді.
Энергетика саласында да инвестициялық жобалар қолға алынған. Жуырда Астана қаласындағы инвестициялық форумда қытайлық «Shaanxi Construction Engineering» компаниясымен тұрмыстық қалдықты жағу арқылы 24 мВт қуаттылығы бар электр энергиясын өндіру жобасы бойынша келісім жасалған. Жобаны іске асыру үшін қаланың қоқыс полигоны жанынан 12 гектар жер телімі бөлінген. Бұл бағыт қалада экологиялық таза энергия өндіруді дамытуға және қалдықтарды тиімді басқаруға септігін тигізеді.
Қала әкімі атап өткендей, аталған жобалардың бәрі мегаполисте инвестиция тарту бағытындағы жұмыстардың оң нәтижесін көрсетеді. Шымкенттің инвестициялық стратегиясы тұрақты әрі ұзақ мерзімді болып, әр саланың дамуына бағытталған. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, энергетика және инфрақұрылымдық жобалар қатар жүзеге асырылып, қала экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.


