Шымкент: 10 айдағы экономикалық өсім 14,8%
Шымкент қаласы биылғы он айдың қорытындысы бойынша елдегі ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. Қала экономикасының өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,8 пайызға жоғарылап, республика бойынша алдыңғы қатардан көрінді.

Бұл деректер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен жарияланды.
Әкімнің айтуынша, мегаполистің экономикалық белсенділігі бір ғана көрсеткішпен шектелмейді. Нақты сектордан бастап, қызмет көрсету саласына дейін бірқатар бағыттарда айтарлықтай өсім байқалған. Соның ішінде сауда айналымы 24,6 пайызға, байланыс саласының көрсеткіші 18,3 пайызға артқан. Бұл қаланың ішкі сұранысы мен тұтынушылық белсенділігінің тұрақты екенін көрсетеді. Ал өнеркәсіп өндірісі 14,7 пайызға ұлғайып, Шымкенттің өңдеу саласындағы әлеуетін тағы да айқындай түсті.
Құрылыс жұмыстары да баяулаған жоқ. Биыл қалада жүргізілген құрылыс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға көбейген. Жаңа шағынаудандардың бой көтеруі, жолдар мен әлеуметтік нысандардың салынуы, инженерлік инфрақұрылымның кеңеюі осы көрсеткіштің негізгі себептері. Сонымен қатар, жыл басынан бері 982 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгені қала халқының өсімі мен тұрғындарға қолжетімді баспана ұсынысы артып келе жатқанын білдіреді.
Инвестиция көлемі де оң динамикада. Әкімнің мәліметінше, Шымкентке құйылған инвестиция мөлшері он ай ішінде 4,7 пайызға артқан. Бұл инвесторлардың қалаға деген сенімінің жоғары екенінің айқын дәлелі. Қаржы құюға қолайлы ортаның қалыптасуы, инфрақұрылымдық мүмкіндіктердің жақсаруы, жеңілдетілген алаңдардың көбеюі және индустриялық аймақтардың дамуы инвесторлар үшін тиімді жағдай туғызып отыр.
Қаладағы экономикалық өсімнің негізі өнеркәсіп саласының дамуы. Әкім сөзінде бұл бағыттың мегаполис үшін басты күш екенін ерекше атап өтті. Өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 16,5 пайызға жоғарылаған. Бұл Шымкенттің өндірістік қана емес, технологиялық орталық ретінде де қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Соңғы үш жылда құны 150 миллиард теңгеге бағаланған 40 жоба іске қосылған. Аталған жобалардың нәтижесінде 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.
Мегаполистің индустриялық әлеуетін күшейту бағытында кең ауқымды жұмыстар жалғасып жатыр. Қалада жаңа өндіріс орындарын орналастыру үшін екі жаңа индустриялық аймақ салынып жатыр, ал қолданыстағы үш аймақ кеңейтілуде. Осы аймақтарда жалпы сомасы 900 миллиард теңгеден асатын 300-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарланған. Бұл өз кезегінде 13 мыңға жуық жұмыс орындарының ашылуына жол ашады. Мұндай көлемдегі өндірістік және инфрақұрылымдық жоба Шымкенттің экономикалық картасындағы салмағын одан әрі арттыра түсетіні анық.
Шымкент – соңғы жылдары қарқынмен дамып, жаңа тыныс алған қалалардың бірі. Қаланың экономикалық өсімі тек сандармен емес, нақты өзгерістермен сезіледі. Жаңа жолдар, жаңа мектептер, жаңа өндіріс орындары, заманауи тұрғын үй кешендері – бәрі де мегаполистің өсіп-өркендеп келе жатқанынан хабар береді. Қала тұрғындары үшін жасалып жатқан жағдайлар мен инфрақұрылымның жақсаруы да әлеуметтік ахуалдың тұрақты екенін көрсетеді.
Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, алдағы уақытта Шымкентті дамытуға бағытталған ірі жобалар одан әрі жалғасын табады. Мақсат тұрақты жұмыс орындарын көбейту, инвестициялық тартымдылықты арттыру және қала халқының әл-ауқатын жақсарту.


