Ерекше балалар үшін үміт орталығы ашылды

Oinet.kz 11-12-2025 30

Шымкент қаласында мемлекеттік қолдаудың арқасында әлеуметтік маңызы зор кәсіпкерлік бастама іске қосылды. Қала тұрғыны, көп балалы ана Ақмейір Қабылбек әлеуметтік осал топтарға арналған қайтарымсыз грантты тиімді пайдаланып, ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған түзету-дамыту орталығын ашты. 

Screenshot_10.jpg

Биылғы жылы комиссия шешімімен 431 тұрғынға бөлінген қолдаудың бірі Ақмейір ханымның жобасы әлеуметтік кәсіпкерліктің жарқын үлгісіне айналды. Ол комиссия алдында өзінің жобасының өміршеңдігін, қажеттілігін және жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігін толық дәлелдеп, 400 АЕК мөлшеріндегі қаржылай қолдауға ие болды.

Бұл қаражат, атап айтқанда, 2025 жылғы айлық есептік көрсеткішке сай 1 572 800 теңгені құрайды. Кәсіпкер алынған грантты бірден орталықтың негізгі қызметіне қажетті заманауи құрал-жабдықтарды сатып алуға бағыттады. Ақмейір Қабылбек ерекше балалардың физикалық дамуына арналған велосипед-тренажерлер, электрлі жүру жолағы, сенсорлық интеграция сабақтарына қажетті батут, татами сияқты жабдықтарды, сондай-ақ, толыққанды логопедиялық құрал-саймандарды сатып алды. Осылайша, мемлекет бөлген қаражат тікелей мақсатына сай  қызмет көрсетудің сапасын арттыруға жұмсалды. Айта кетерлігі, орталыққа арналған ғимаратты жалдау шығындарын кәсіпкерлікке деген үлкен жауапкершілікпен Ақмейір ханым өз қаражаты есебінен өтеген.

Бүгінгі таңда жаңадан іске қосылған бұл орталықта бес жасқа дейінгі 20 балаға арнап, жоғары сапалы түзету-дамыту қызметтері ұсынылуда. Балаларға логопед, АВА-терапевт, сенсорлық интеграция мамандары және АФК  мамандары кешенді көмек көрсетеді. Бұл – ерте жастан түзету-дамыту жұмыстарын бастаудың маңыздылығын түсінген ананың қоғамға қосқан үлкен үлесі.

Гранттық қолдауды тағайындау кезінде комиссия жобаның өміршеңдігіне, ұсынылатын қызметтерге нарықтық сұраныстың болуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және үміткердің таңдаған саладағы тәжірибесіне баса мән береді. Бұл қағидалар мемлекеттік қаржының тиімділігін арттыруға және кәсіпкерліктің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, қайтарымсыз гранттың мақсатты жұмсалуы қатаң қадағаланады: бұл қаржы үй мен жер телімін сатып алуға, несиені өтеуге, сондай-ақ, акциздік тауарларды өндіруге берілмейтінін ескеру қажет. Ақмейір Қабылбектің бұл игі бастамасы Шымкенттегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үміт сыйлап, мемлекеттік бағдарламалардың адам капиталын дамытудағы маңызын айқындай түседі.

Шымкентте 2026 жылға жоспарланған ірі жоба
Shymkent Invest–front office түркия тәжірибесін зерттеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу