Шымкент – мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы қала

Oinet.kz 09-12-2025 7

Шымкент қаласы соңғы жылдары инклюзивті қоғам қалыптастыру және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Қала әкімдігі әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде кедергісіз орта құруды, инфрақұрылымдық қолжетімділікті арттыруды және арнайы әлеуметтік қызметтердің сапасын жақсартуды айқындаған. Нәтижесінде мегаполис мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы, қолжетімді әрі қауіпсіз орта қалыптастырып келе жатқан елдегі жетекші қалалардың біріне айналды. 

image.png

     Қала аумағындағы әлеуметтік, қоғамдық және әкімшілік маңызы бар нысандарды мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттіліктеріне бейімдеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Мамандардың айтуынша биыл Шымкент қаласында 277 нысанды бейімдеуден өткізу іс-шара жоспары бекітіліп, бүгінгі таңға 50 нысан бейімдеуден өткен. Сонымен қатар, мүгедектерге арнайы жабдықталған «Инватакси» 38 көлігіне 371 өтініш қабылданып, қызмет көрсетілуде,бюджеттен 242,0 миллион теңге қарастырылыпты.  Қала аумағындағы әлеуметтік, қоғамдық және әкімшілік маңызы бар нысандарды мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттіліктеріне бейімдеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда Шымкентте  әлеуметтік инфрақұрылым нысандары пандустармен, тактильді жолақтармен, шақыру түймелерімен, арнайы көтергіштермен және бейімделген санитарлық бөлмелермен жарақталған. Мемлекеттік мекемелердің басым бөлігі толық қолжетімді форматқа көшірілді. Жаңа құрылыстарды жобалау кезеңінде «Қолжетімді орта» ұлттық стандарты міндетті талап ретінде енгізілген. Инфрақұрылымның қолжетімділігі тек ғимараттарды бейімдеумен шектелмей, қоғамдық көлік жүйесі мен жол инфрақұрылымында да көрініс табуда. Автобустардың басым бөлігі төмен еденді, арнайы көтергіш платформалармен және қосымша хабарландыру жүйесімен қамтамасыз етілген.

    Инклюзивті білім беру – барлық балалардың жеке ерекшеліктеріне, денсаулық жағдайына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, сапалы білім алуға тең қолжетімділігін қамтамасыз ететін білім беру саясаты мен практикасы. Бұл жүйе ерекше білім беру қажеттіліктері бар (ЕБҚ) балалардың жалпы білім беру ортасына толыққанды кірігуін, әлеуметтенуін және қоғамның белсенді мүшесі ретінде қалыптасуын көздейді. Инклюзивті білім беру – балаларды бөлмей, керісінше қоғамға біріктіруге бағытталған дамыған елдер мойындаған білім беру моделі. Бұл жүйе ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың ғана емес, барлық оқушылардың білім алу сапасын арттырады, әлеуметтік жауапкершілікті күшейтеді және қоғамдағы тең мүмкіндіктің нақты көрінісін қалыптастырады. Ресми мәліметтерге сүйенсек қалада жалпы білім беру саласына 287 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның ішінде инклюзивті білім беру мен ерекше жандарды қолдауға 9,3 млрд теңге жоспарланған.  Бұл – жалпы бюджеттің 3,2 пайызы. Оның ішінде  оңалту орталығында дамуында проблемалары бар 167 балаға — 481,9 млн. теңге; мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау мемлекеттік тапсырыс бойынша 1 000 балаға — 1,3 млрд теңге; психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес және психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттеріне — 932,5 млн. теңге; санаториялық бала бақшалардағы 620 балаға — 1,6 млрд теңге; жалпы орта мектептеріндегі 522 штаттық бірлік мұғалім логопед, дефектолог, педагог ассистенттің жалақы қорына — 1,2 млрд теңге;  5 арнаулы интернаттардағы 868 балаға – 3,7 млрд теңге бөлінген.  Инклюзивті білім беру – адам құқықтарының сақталуының, дамыған қоғамның және өркениетті мемлекет тұжырымдамасының басты көрсеткіштерінің бірі. Инклюзивтілік тек инфрақұрылыммен шектелмей, қоғамның көзқарасын өзгертуді де қамтиды. Қалада жыл сайын ақпараттық және түсіндіру іс-шаралары, әлеуметтік акциялар, волонтерлік жобалар өткізіледі. Бұл бастамалар азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, мүмкіндігі шектеулі жандарға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыратыны сөзсіз. 

     Шымқалада ерекше жандарды жан-жақты қолдау шараларына бөлінетін қаражат көлемі де жыл сайын ұлайып келеді. Айталық биыл мүгедектігі бар азаматтарға қолдау шараларын көрсету мақсатында жергілікті бюджеттен – 14 897,3 млн теңге қарастырылған. Қазіргі таңда, Шымкент қаласында 42 702 мүгедектігі бар азамат тіркелген, оның ішінде  бірінші топтағы мүгедектер – 4 883; екінші топтағы мүгедектер – 15 5582;  үшінші топтағы мүгедектер – 13 889; 18 жасқа дейінгі 8 348 мүгедек балалар тіркелген.

    Мүгедектігі бар азаматтарға оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес 47 924 өтінім келіп түсіп, бүгінгі таңға 37 254 (77,8%) қамтамасыз етілді дейді сала мамандары.  Атап айтқанда: протездік-ортопедиялық көмек құралдарына 8 430 өтініш қабылданып, 5 304 құралмен қамтылды (63%); сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдарға 20 536 өтініш қабылданып, 17 834 құралмен қамтылды (86,8%); мүгедектерге арналған қоларба құралдарына 1 283 өтініш қабылданып, 1 123 құралмен қамтылды (87,6%); жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметіне 2 988 азамат мұқтаж болса 2 954 азаматқа қызмет көрсетілді (98,7%); 14 687 азаматтан шипажай орындарына емделу үшін жолдамаға өтініштер қабылданып, 10 039 азамат қамтылды (68,4%).

    Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау – бұл тек әлеуметтік көмек немесе инфрақұрылымдық өзгерістер ғана емес. Бұл – қоғамның мәдениетін, санасын өзгерту.

    Инклюзивті қоғам – тек пандус пен жәрдемақы емес, әрбір адамның өз орнын тауып, өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жағдай жасау.

     Айта кетейік, Шымкент қаласындағы 150 орынға арналған мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда  нысан бойынша біріңғай жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың (оң) қорытындысы алынған. Жоба құны — 14 244,2 млн теңге. Оңалту орталығының құрылысына республикалық бюджеттің нысаналы трансферт есебінен 2025 жылға 5 375 млн теңге қарастырылды. 2026 жылға құрылысын жалғастыруға 4 625 млн теңге қарастыру болжануда.

     Шымкент қаласы кедергісіз, қолайлы, қамқорлы ортаны қалыптастырудағы нақты жобалар мен нәтижелері бар мегаполис ретінде бағалануда. 

«TEN QOGAM - қамқорлық пен теңдікті қамтамасыз етудің жарқын үлгісі
В Шымкенте состоялась очередная акция в рамках акции «Таза Қазақстан»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу