«TEN QOGAM - қамқорлық пен теңдікті қамтамасыз етудің жарқын үлгісі

Oinet.kz 11-12-2025 11

Қоғамның өркениеттілігі мен дамуы ең алдымен оның әлеуметтік саясатынан, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін қолдаудың деңгейінен көрінеді. Әлеуметтік әділдік пен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету – тек мемлекеттік міндет емес, бүкіл қоғамның ортақ борышы.

image.png

 Инклюзивті қоғам құру – адам құқықтарын құрметтеуге бағытталған маңызды қадам. Мүгедектігі бар адамдар сапалы білім алуға, еңбек етуге, медициналық және әлеуметтік қызметтерді, инфрақұрылымды еркін пайдалануға, қоғамдық өмірге толыққанды қатысуға құқылы. Бұл құқықтарды қорғау – ұлттық заңнама мен халықаралық нормалардың басты талабы.

     Инклюзивті қоғам әр адамның қадір-қасиетін құрметтейді, баршаға тең мүмкіндік береді, азаматтардың әлеуетін толық пайдаланады, әлеуметтік әділдікті нығайтады, қоғамдағы үйлесімділікті арттырады. Мүгедектігі бар адамдар – қоғамнан бөлек емес, оның толыққанды мүшесі.

      Шымкент – халқы ең қарқынды өсіп келе жатқан қала. Сондықтан да әлеуметтік мәселелердің ішінде ерекше жандарды қолдау, инклюзивті білім беруді дамыту және жұмыспен қамту бағдарламалары күн тәртібінен түскен емес.   Ресми статистикалық деректерге сүйенсек бүгінде Шымкент қаласында 42 мыңнан астам мүгедектігі бар аазамат  тіркелген. Қалада мұндай ерекше жандар үшін қолайлы орта қалыптасқан. Шаһарда мүмкіндігі шектеулі жандар кедергісіз білім алып, мемлекеттік қызметтерді пайдаланып жән ебос уақытын тиімді өткізіп жүр. Әрі мұндай жандарға әлеуметтік, психологиялық, медициналық қызметтер үздіксіз көрсетіліп келеді. Осындай бірнеше қызметті тоғыстырып, ерекше жандарға ерекше күтім жасайтын  мекеменің бірі - Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығы.  Орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ақпараттық қолдаудан бастап, медициналық оңалтуды, әлеуметтік интеграцияны, жұмысқа орналастыруды қамтитын кешенді қолдау мекені.  «TEN QOGAM»–ның жұмысы — жай жәрдем беру емес, мүгедектігі бар азаматтарды қоғамға толыққанды қосуды қамтамасыз ету. Бірегей орталықтың мамандары жыл басынан бері 15 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетіпті.  

«Біздің орталықта  4 бөлім жұмыс істейді. Оның біріншісі – ақпараттық кеңес беру бөлімі, екіншісі – құқықтық қызметтер көрсету бөлімі, үшіншісі – әлеуметтік психологиялық кеңестер берілетін бөлім, ал төртіншісі – жұмыспен қамтуға орналасуға жәрдем көрсетуге кеңес беру қызметтері көрсетілетін бөлім. Орталықта мүгедектігі бар азаматтар үшін түрлі арнайы тренингтер өткізіледі. Бұл ретте психологтар бар мүмкіндігін пайдаланып, олардың психологиялық мәселелерін шешуге ұдайы көмектесіп отырады. Бізді қуантатын нәрсе – мүгедектігі бар азаматтар орталыққа келгенді ұнатады және қалап тұрады. Тек келіп қана қоймай, бір нәрсе білмекке, үйренбекке деген қызығушылықтары басым.  Әлеуметтік психологиялық қызметтер көрсету бөлімінде мүгедектігі бар азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береміз. Олар еңбек терапиясмен айналысады. Қолдың моторикасын жақсарту мақсатында түрлі дәнді-дақылдармен жұмыс жасайды. Сурет салады. Әртүрлі моншақтардан түрлі бұйымдар жасайды, тоқыма тоқиды, ән айтады. Кітапханамыз да бар»,- дейді орталық директорының міндеті уақытша атқарушы Гүлия Белгібаева.

Жұмыс табудың бірден-бір жолы – бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі. Орталық мамандарының  айтуынша, мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыруда бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің көмегі көп болған. «Еңбек» мобильді орнталығымен бірлесе, мүгедектігі бар азаматарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып тұрады дейді жауаптылар. Нәтижесінде бүгінгі таңда 143 мүгедектігі бар азамат жұмысқа орналасқан. Ал өткен жылы инклюзивті қоғам құруды мақсат еткен орталық  18 304 мүгедектігі бар тұрғынға ақпараттық, әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қызметтер ұсынған. Осы кезеңде барлығы 92 іс-шара ұйымдастырылып, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, мәдени және әлеуметтік қолдау бағыттары қамтылды. Орталықтан 8 308 азамат ақпараттық-консультациялық қызмет алды. Egov.kz және Әлеуметтік қызметтер порталдары арқылы мыңдаған тұрғын санаторий-курорттық емделуге, техникалық көмекші құралдарға және басқа да электронды қызметтерге қол жеткізді. 735 азаматқа құқықтық кеңестер беріліп, 502 тұрғын инватакси қызметіне өтінім тапсырған. Инватакси қызметі ерекше қажеттілігі бар адамдардың қозғалысын жеңілдетуге бағытталған. Өткен жылы Еңбек мобильділігі орталығымен бірлесе отырып, орталықта 5 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараларға 300-ге жуық адам қатысып, 13 мүгедектігі бар азамат тұрақты жұмысқа орналасты дейді қызметкерлер.

 «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығынан тиісті көмегін алып, тіпті осында тұрақты жұмысқа орналасқан жандар да бар.  Олар Еңбек кодексіне сәйкес 8 сағат жұмыс істемейді, тек 6-7 сағат қана рұқсат етіледі. Қазір мұнда «Қоғамдық жұмыс» бағдарламасы аясында  еңбек етіп жүргенн 3 азамат бар. Оның екеуі – I топ, үшіншісі – II топ мүгедегі. Орталықта  өзіне-өзі қызмет көрсету  бұрышы да бар.   Жұмыс істейтін азаматтар  орталыққа келген мүгедектігі бар жандарға eGov.kz порталын пайдалану кезінде көмек береді.

    Гүлжан Сыздық орталықта нұсқаушы болып жұмыс істейді. Ол бұған дейін параолимпиадаға қатысып, ауыр атлетикадан жүлделі орындардан көрініп келген. Соңғы чемпионатта иығынан жарақат алып, жарыс жолынан шығып қалған көрінеді. Ал қазір өзі секілді ерекше жандарға қол ұшын беріп, өмірге деген құлшынысып оятуға күш салып жүр.  «Біз мүмкіндігі шектеулі емес шексіз жандармыз. Көп адам  сіздердің қолдарыңыздан келген нәрсені біз істей алмаймыз деп айтады. Төсекке таңылып, өмірге деген құлшынысын жоғалтқан жандардың көбісін өзім жылы сөзбен мотивация беріп,  аяққа тұрғыздым десем де болады. Көп адамның осы орталыққа келуіне түрткі болдым»,- дейді ол. 

   «TEN QOGAM» орталығы мүгедектігі бар азаматтардың өмір сапасын жақсартуға, оларды қоғамға интеграциялауға және әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған жұмысты жалғастыруда. Орталықтың бастамалары алдағы уақытта да халық игілігі үшін қызмет ете береді. Бұл орталық – инклюзияны ілгерілетудің, қамқорлық пен теңдікті қамтамасыз етудің жарқын үлгісі.

Жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі өтті
Шымкент – мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы қала
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу