Ізгілік пен қолдаудың күші: ерекше балаларға жағдай жасау — қоғам дамуының көрсеткіші

Oinet.kz 10-12-2025 4

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы қыркүйектегі халыққа Жолдауында мемлекеттік саясаттың басым бағыттары айқын көрсетіліп, «отбасы мен балалық шақ институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру, баланың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жағдай жасау» қажеттігіне баса назар аударылған боатын. Қазір еліміздің барлық өңірлерінде ерекше жандарды қолдауға арналған жұмыстар жүргізілуде.

image.png

Ерекше күтімді қажет ететін балалар – қоғамның ең сезімтал, ең нәзік тобы. Олар өздерінің физикалық немесе психологиялық ерекшеліктеріне байланысты күнделікті өмірде қосымша қолдауды, түсіністі және мейірімге толы ортаны қажет етеді. Мұндай балаларға қолдау көрсету – тек ата-ананың міндеті емес, ол – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Ерекше балалардың әрқайсысы – қабілетті, сезімтал, жан дүниесі бай тұлға. Оларға уақтылы көрсетілген көңіл, дұрыс ұйымдастырылған тәрбие мен мамандардың көмегі олардың әлеуетін ашуға және қоғамға толыққанды араласуына жол ашады. Әсіресе ерте жастағы қолдау – сөйлеу, ойлау, моторика, әлеуметтік дағдылардың қалыптасуында шешуші рөл атқарады.

Ерекше күтімді қажет ететін баласы бар отбасының алдында екі есе жауапкершілік тұрады. Ата-аналар мұндай жағдайда психологиялық қысымға, ақпараттың тапшылығына, материалдық қиындықтарға жиі тап болады. Сондықтан психологиялық қолдау орталықтары, ата-аналарға арналған кеңес беру қызметі, оңалту бағдарламалары туралы ақпараттық ресурстар, отбасының жүгін жеңілдетуге зор ықпал етеді. Көптеген өңірлерде, соның ішінде Шымкент қаласында да, ата-аналарға арналған тренингтер мен қолдау орталықтары жұмыс істей бастады. Мұндай алаңдарда ата-аналар бір-бірімен тәжірибе бөлісіп, мамандардан кәсіби кеңес ала алады. Сондай-ақ ерекше балаларға медициналық әрі психологиялық көмек көрсететін мекемелер де ата-аналар мен балаларға медеу болуда. 

Солардың бірі Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» мекемесі. Бұл орталық 1967 жылдан бері психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді. Қазіргі таңда мекеме 240 орынға арналған. Соның ішінде 140 орын стационарлық, ал 100 орын жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсетеді. Мұнда балалар тек күтім мен ем алып қана қоймай, өмірге деген сенімін қайта табады, өз мүмкіндіктерін ашуға талпынады.

Орталықта қазір балаларға 8 бағыт бойынша әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі. Соның ішінде ең маңызды бағыттардың бірі – әлеуметтік-медициналық қызмет. Бағыт айрықша күшейтіліп, заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған «Механотерапия» кабинеті ашылды. Бұл кабинет қозғалыс қабілеті шектеулі балалардың қимыл-қозғалысын дамытуға, жүру дағдыларын қалыптастыруға зор мүмкіндік береді. Мұнда ДЦП, бұлшықет атрофиясы, парез, эпилепсия, аяқтың параличі және басқа да диагнозы бар балалардың оңалту ем-шаралары өткізіледі. Балалардың физикалық дамуына көмектесетін жеті бірдей жаңа құрылғы алынып, бүгінде толық қуатта жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, «ROBACTIV» locomotor жүйесі – бұлшықет дистрофиясы бар балалардың аяқтарын тік ұстауға, қозғалысын реттеуге және бұлшықеттерін нығайтуға арналған ерекше құрылғы. Ол автоматтандырылған жүйемен жабдықталған, баланы оңай бекітіп, тік тұрғызуға мүмкіндік береді. Ем кезінде балалар жалықпас үшін, құрылғы орнатылған бөлме үлкен экранмен жабдықталған – балалар өздерінің сүйікті мультфильмдерін тамашалай отырып, ем қабылдайды.

Сонымен қатар, «STEP» модульді сатысы, «Шагун» жүруді имитациялайтын аппарат, «Reha» салмақты компенсациялайтын аспалы жүйе, «Кенгуру» мобильді вертикализаторы, «Ванька-встанька» вертикализаторы, HC-TM-C9000-2700 қауіпсіз жүгіру жолы, сондай-ақ FISIOTEK HP2 иық, шынтақ және білезік буынын дамытатын аппарат сынды құралдар жүйелі түрде қолданылуда. Бұл құрылғылардың арқасында балалардың қозғалыс белсенділігі артып, оң өзгерістер күн сайын байқалуда.

Өткен жылы қала әкімінің бастамасымен аталған орталық ғимаратына  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толық аяқталған. 1,3 миллиард теңге бөлінген бұл жұмыс нәтижесінде ғимарат жаңаша кейіпке еніп, заманауи талаптарға сай жұмысын бастап кетті. 

Ал №5 «Аялы Алақан» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында да айтарлықтай жаңару бар. Мұнда 116 балаға жартылай стационарлық қызмет көрсетіледі. Қала әкімінің 2024 жылғы қаулысына сәйкес, іргелес жатқан 0,14 га  бос жер меншікке алынды, демеушілердің қолдауымен ойын алаңының шатыры жабылды. Мекеме алдындағы ерекше балаларға арналған ойын алаңшасы қала әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес, жөнделіп, шатыр жабылды. Ерекше балалардың арманын орындаған демеуші – «Югстройсервис-Н» ЖШС-і директоры Арман Бекенов.  

     Айта кетейік, орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы бар 18 жасқа дейінгі балаларға толық стационарлық жағдайда әлеуметтік, тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқықтық қызмет көрсетіледі. Медициналық-әлеуметтік мекеме ем-шаралық, спорттық және өзге де қызмет көрсететін бөлмелермен жабдықталған. Жаңа орталық Самал-3 шағын ауданы № 928/1 мекенжайында орналасқан.

Ең бастысы – қоғамның көзқарасы. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға түсіністікпен қарау, оларды күнделікті өмірден шеттетпеу, мектеп, балабақша, ойын-сауық орталықтарында теңдей мүмкіндік беру – шынайы өркениеттіліктің белгісі.

Әрбір баланың бақытты өмір сүруге құқығы бар. Олардың арманын қолдау, мүмкіндігін ашу – біз бәріміздің ортақ парызымыз.

Ерекше күтімді қажет ететін балаларға қамқорлық – тек әлеуметтік міндет емес, әр адамның жүрегіндегі мейірім мен адамгершіліктен басталатын игі іс. Отбасына қолдау көрсету, сапалы білім беру, медициналық оңалту қызметтері мен қоғамдық түсіністі қалыптастыру арқылы ғана біз инклюзивті қоғам құра аламыз.

Әр баланың тағдыры – қоғамның айнасы. Сондықтан ерекше күтімді қажет ететін балаларға қамқор болу – болашаққа сенімді қадам.

Шымкент теміржол вокзалында жаңа туристік ақпараттық дүңгіршек ашылды
Қарттарға қамқорлық – қоғамның парызы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу