Құқық қорғау органы өкілдері үйлестіру кеңесін өткізді

Oinet.kz 01-12-2025 2

Жақында арнайы және құқық қорғау органдары мен өзге де мемлекеттік орган өкілдерімен «есіркті қылмысына қарсы іс-қимыл және қабылданып жатқан шаралар» мен «кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу» жөнінде Үйлестіру кеңесі өтті. Жиынға құқық қорғау және мемлекеттік органдардан бөлек, мәслихат депутаттары, діни ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, қоғамдық ұйымдар, бизнес қауымдастығы, мектеп басшылары, оқушылар және олардың ата-аналары қатысты.

image.png

    Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықпен күрес мәселелері қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуда әрқашан жетекші орындардың бірін алып келеді. Жас құқық бұзушылардың саны еліміздің қазіргі және болашақтағы әлеуметтік жағдайының көрсеткіші болып табылады.  Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары - бұл жасөспірімдердің заңға қарсы әрекеттерге баруын болдырмауға бағытталған кешенді жүйе, ол тәрбие, превентивтік бақылау, әлеуметтік қолдау, білім беру және ата-аналармен жұмысты қамтиды, мақсаты - оларды қоғамға бейімдеу, құқықтық санасын арттыру және дұрыс жолға бағыттау. Қазіргі таңда жастар арасында құқық бұзушылық жағдайларының өсуі алаңдатарлық жағдай. Сол себепті де аталған мәселелер Үйлестіру кеңесінің күн тәртібіне енгізіліп отыр.

    Жасөспірімдер арасында есірткі қылмысының таралуы – қоғамның қауіпсіздігіне, ұрпақ денсаулығына және әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей қауіп төндіретін өзекті мәселе. Осыған байланысты білім беру ұйымдары, құқық қорғау органдары және жергілікті атқарушы құрылымдар бірлесіп, жасөспірімдер арасында есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды күшейту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіп келеді.

    Мамандардың дерегінше биылдың өзінде Қазақстанда жасөспірімдер тарапынан 1600-ге жуық қылмыс тіркелгенін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді. Бұл көрсеткіш былтырғыдан жоғары. Өткен жылы барлығы 1161 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, 2025 жылы (қазан айының ортасына дейін) бұл сан 1600-ге жеткен. Алайда, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің сараптамасына жүгінсек, былтыр 1988 қылмыстық заңбұзушылық тіркелген. Ал биыл 14 қазанға дейін 1161 жағдай тіркелді.  Осы жыл басынан бері жасөспірімдер қылмысының ең көп тіркелген өңірлер -Шымкент пен Астана қалалары, Түркістан облысы.

    Жиында Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында аталған екі мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Прокуратураның мәліметінше, биыл кәмелетке толмаған 5 жасөспірімнің есірткі сату дерегі тіркелген. Шымкент қаласында есірткімен байланысты қылмыстар 3,2 пайызға өскен. Бұл ретте, прокуратураның үйлестіруімен нашақорлықтың алдын алу және есірткі бизнесіне қарсы күресте ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Қала прокуроры есірткімен күрес әрбір мемлекеттік органның тікелей міндеті екенін айтты.

Қала прокуратурасының бастамасымен бүгінде «Құқықтық тәртіп және тазалық» жобасы аясында қалалық коммуналдық қызметтер – «Тазалық сақшылары» - құқық бұзушылықпен күресте белсенді көмек көрсетіп келеді. Олардың қырағылығының нәтижесінде қала көшелеріне есірткі заттарын сататын интернет-дүкендердің жарнамасын жазып жүрген азаматтар қолға түскен. Өткен кезеңде 3000 коммуналдық қызметкер нашақорлық туралы 6000-нан астам хабарландырулар мен граффити суреттерін жойған, полицияға 2000-ға жуық хабарлама түсіп, 1451 факті ақпараттық есепке алу кітабына тіркелді. Есірткі жарнамасы мен заңсыз электронды (вейптерді) темекіні сатуға қатысты 8 қылмыстық іс қозғалған.  1 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылды (ҚР ҚК 301-1-бабының 1-бөлігі бойынша 30 АЕК айыппұл). Түрлі құқық бұзушылықтар бойынша 1555 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылыпты. «Нашақорлықпен күресу – бүкіл қоғамның алдында тұрған міндет. Біз күшімізді біріктіру арқылы ғана балаларымыздың салауатты және қауіпсіз болашағын қамтамасыз ете аламыз» дейді мамандар.

   Шымкент қаласының Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құрманбек Сахов 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның мәлімдеуінше, 10 айда кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс 136 пайызға өскен. Оның басым бөлігі – ұрлық жағдайлары.

Полиция қызметкерлері қазіргі таңда құқық бұзушылықты анықтауда дрон техникаларын қолданып жатыр. Кезекті рейд барысында арнайы техниканың көмегімен есірткіні жарнамалап жүрген көрші елдің азаматы ұсталыпты. Департамент тарапынан 1713 интернет сайт бұғатталған.

     Басқосуда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жастардың бос уақытын тиімді өткізу, қосымша білім беруде жұмысты жандандыру қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ, іс-шарада мектеп оқушылары да жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуда бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

     Жасөспірімдер арасында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл — тек құқық қорғау органдарының емес, мектептің, ата-ананың, қоғамның бірлескен міндеті. Алдын алу шараларының күшеюі жастардың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, жауапкершілікті арттыруға, зиянды әрекеттерден алшақ ұстауға ықпал етеді.

    Шымкент қаласында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, ұрпақ денсаулығын қорғауға арналған жаңа жобалар мен бағдарламалар одан әрі іске асырылуда.

Айкөл тұрғын алабы сапалы ауыз сумен қамтылды
Шымкент қаласы мәслихатының XXX сессиясы өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу