Айкөл тұрғын алабы сапалы ауыз сумен қамтылды

Oinet.kz 02-12-2025 1

Шымкент қаласы – халық саны жыл сайын өсіп келе жатқан мегаполис. Қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырудың маңызды факторларының бірі – тұрақты және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Соңғы жылдары қалада бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп, инфрақұрылым жаңғыртылып, сумен жабдықтау жүйесі тұрақтандырылуда. 

image.png

Бүгін Шымкент қаласының әкімі тұрғындармен бірге Айкөл тұрғын алабындағы ауыз су жүйесінің іске қосылуына қатысты.  Жаңа инфрақұрылымның іске қосылуы қаладағы сумен қамтамасыз ету сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Бұған дейін әкіммен болған кездесуде тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің маңызды екенін атап өтіп, нәтижесінде осы жобаны жүзеге асыру туралы шешім қабылданған болатын.

Жоба аясында 14,7 шақырым су құбыры жүргізілді. Енді жеке үйлер мен әлеуметтік нысандар – жалпы 38 нысан толық ауызсумен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл санитарлық-гигиеналық жағдайды айтарлықтай жақсартып, қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Назым Қалыбекова Айкөл тұрғын алабында 40 жылдан астам уақыт тұрады. Көптеген жылдар бойы тіршілік нәрін құдықтан тасып күн көрген, соңғы үш жылда кесте бойынша уақытша жеткізілетін суды пайдалануға мәжбүр болды. Ал бүгін ол ұзақ күткен сапалы және тұрақты ауызсуға қол жеткізді.

Қала әкімі демеушілерге және мердігер ұйымға жұмысты уақытында және сапалы аяқтағаны үшін алғысын білдірді. Әкімдіктің, кәсіпкерлердің және аудан тұрғындарының бірлескен жұмысының нәтижесінде жоба қысқа мерзімде іске қосылып отыр.

Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұловтың айтуынша 17 желтоқсанда  Құрсай елді мекенінің тұрғындарына да сапалы ауыз су берілмек.  

Айкөл тұрғын алабында су жүйесінің іске қосылуы – тұрғындармен ашық диалогтың және өмір сапасын жақсартуға бағытталған жедел шаралардың нәтижесі. Жаңа жобаның іске қосылуы қала тұрғындары үшін сапалы ауыз суға қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңызды кепілі болып отыр.

Алдағы уақытта қаладағы коммуналды инфрақұрылымды дамыту жұмысы жалғасып, тұрғындарға барлық қажет жағдай жасалатын болады.

Айта кетейік, қалада 2024 жылы ауыз су жүргізу бойынша  10 нысанның құрылысы жүргізілді, олардың ішінде Сайрам, Бозарық, Қайтпас-1 елді мекендеріндегі ауыз су жүйелерінің құрылысы бар. Шымкентте ауызсумен қамту деңгейі жыл соңына дейін 99,9 пайызға жетеді дейді сала мамандары. Жалпы қалада инфрақұрылымды жаңарту кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Жыл соңына дейін газбен қамту 98 пайызға, электрмен - 100 пайызға, кәріз жүйесі 65 пайызға жетеді. Ал 2027–2028 жылдарға жоспарланған АГРС-5 пен 220 кВ «Қызылсу» қосалқы станциясы Шымкенттің инженерлік қуатын арттырып, тұрақты қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.

Аппарат отырысында өзекті мәселелер қаралды
Құқық қорғау органы өкілдері үйлестіру кеңесін өткізді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу