Кәсіпкердің құқығы — бизнес климаттың өзегі

Oinet.kz 03-12-2025 1

     Қазіргі жаһандану кезеңінде мемлекеттің экономикалық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі көрсеткіштерінің бірі – бизнес ортасының ашықтығы мен қауіпсіздігі. Кәсіпкерлік саланы қолдау, олардың құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді шаралар қабылдау – экономикалық өсімнің, жаңа жұмыс орындарының құрылуының, инвестициялық климаттың жақсаруына ықпал ететін стратегиялық міндет. Кәсіпкер – ел экономикасының қозғаушы күші. Өнім өндіру, қызмет көрсету, салық төлеп, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы кәсіпкерлер әлеуметтік тұрақтылықты нығайтады. Сондықтан мемлекет тарапынан бизнестің заңды мүдделерін қорғау – экономикалық саясаттың басты бағыты.

image.png

   Соңғы жылдары кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар жүйелі реформалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда бизнесті тіркеу мен рұқсат беру процестері жеңілдетілді; жоспардан тыс тексерулер қысқарды; «бір терезе» қағидасы арқылы мемлекеттік қызметтерді алу қолжетімді болды; әкімшілік кедергілерді азайту бойынша кешенді шаралар қабылданды. Бұл өзгерістер кәсіпкерлердің мемлекетке деген сенімін арттырып, шағын және орта бизнес субъектілерінің санын көбейтуге мүмкіндік берді. Шымкенттік кәсіпкерлердің де соңғы жылдары құқықтары барынша қорғалып, бизнес өкілдері қолайлы жағдай жасалып келеді. 

Осы орайда Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңесінің отырысы өтті. Кеңес төрағасы Қайрат Акеновтың модераторлығымен өткен жиынға Кеңес мүшелері, Шымкент қаласы прокуратурасының, Сәулет және қала құрылысы, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармаларының басшылығы, қалалық мәслихат депутаттары және жарнама саласындағы кәсіпкерлер қатысты.

Жиында мәслихаттың «Шымкент қаласының аумағында ғимараттардан тыс, ашық кеңістікте сыртқы (көрнекі) жарнама орналастыру үшін ай сайынғы мөлшерлемелер туралы» шешімінің жобасы талқыланды.

«Кәсіпкерлер палатасына мәслихаттың сыртқы жарнама орналастыру мөлшерлемесін көтеру туралы шешім жобасы түсті. Ұсынылған жоба сыртқы (көрнекі) жарнама орналастыру үшін ай сайынғы базалық мөлшерлемені 200 пайызға арттыруды көздейді. Сонымен қатар, Шымкент қаласына кірмейтін аумақтардағы сыртқы жарнама мөлшерлемесін 50 пайызға төмендету қарастырылған. Шешім жобасын талдау нәтижесінде құқықтық және реттеушілік бағыттағы кемшіліктер, сондай-ақ, бизнеске тәуекелдер анықталды. Жобада мөлшерлемені 200 пайызға көтеру, яғни екі есе ұлғайту ұсынылған, ал бұл кәсіпкерлер үшін қосымша қаржылық қиындық тудырады. Біздің пікірімізше, шағын және орта бизнес үшін мұндай өзгерістер жарнама мен өнімді, қызметті сату шығындарының күрт артуына, сыртқы жарнаманың бәсекелестік құралы ретінде қолжетімділігінің төмендеуіне, сонымен қатар жаңа мөлшерлемені төлей алмау салдарынан бизнестің жабылуына немесе құрылғыларды бұзуға әкелуі мүмкін», - деді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Майя Исаева.

Бүгінде кәсіпкерлердің шағымы мен ұсыныстарын тікелей қабылдайтын бірнеше тиімді алаң жұмыс істейді. Олар Кәсіпкерлер палатасы; Бизнестің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл институты; «Ашық әкімдік» және қоғамдық қабылдаулар; Электронды үкімет порталы және мобильді қосымшалар. Цифрландыру – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың ең сенімді тәсілі. Қызметтерді автоматтандыру, құжат айналымын онлайн форматқа ауыстыру, әрбір әрекеттің электронды түрде бақылауда болуы – адам факторын азайтып, бизнес үшін қолайлы жағдай қалыптастырады.

Кәсіпкерлікке жасалған жағдай қаншалықты жақсы болса, соғұрлым инвестиция тарту мүмкіндігі де жоғары. Ашықтық, заңның үстемдігі, кәсіпкердің мүддесін қорғау – халықаралық сенімді арттыратын басты фактор. Сондықтан мемлекет пен бизнес қауымдастығының бірлескен жұмысы инвестициялық орта мен экономикалық белсенділікті күшейтуге бағытталған.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – бір-бірімен тығыз байланысты, қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды бағыттар. Заң үстемдігі, ашықтық, адалдық қағидаттары сақталған ортада ғана кәсіпкерлік еркін дамып, экономикалық қуат артады. Елдегі әрбір кәсіпкердің өз ісін қауіпсіз әрі кедергісіз жүргізуі – мемлекеттің өркендеуінің кепілі.

Шымкентте медициналық қызметтер бағасын тұрақтандыру бойынша меморандумдар жасалды
Еуропалық Одақ пен Қазақстан сын-қатерлерді ортақ мүмкіндіктерге айналдырып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу