Шымкентте қытайлық жобалау институтымен кездесу өтті
Шымкент қаласында Қытайдың Hunan Architectural Design Institute Group Co., Ltd. компаниясы өкілдерімен қаланың жобалау саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне арналған кездесу өтті. Тараптар урбанистика, инженерлік инфрақұрылым және бірлескен жобаларды іске асыруға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Кездесуде HD компаниясының жұмысы мен халықаралық тәжірибесі туралы ақпарат ұсынылды. Институт Қытайдағы ірі жобалау ұйымдарының қатарында. Компания қызметі архитектуралық жобалар әзірлеу, қалалық жоспарлау, инженерлік жүйелерді жобалау, техникалық консалтинг, жобаларды басқару және құрылыс процесін сүйемелдеу бағыттарын қамтиды.
HD институты Қытайдың 29 провинциясында және 48-ге жуық елде жүзеге асқан 17 900-ден астам жобаның авторы. Делегация мүшелері компанияның бірқатар маңызды жұмыстарына тоқталды. Атап айтқанда, Чанша халықаралық әуежайы, Хунань мұражайы, Хэ Лун стадионы және Чанша IFS кешені институттың күрделі әрі көп функциялы нысандарды жобалаудағы тәжірибесін көрсететін мысалдар ретінде ұсынылды.
Шымкент қаласы тарапынан урбанистикалық жоспарлаудың өзекті мәселелері, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту қажеттілігі және қала аудандарының ұзақ мерзімді даму концепциясы сөз болды. Қытайлық мамандар өңірдегі демографиялық өсім мен құрылыс қарқыны жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай қалыптастыратынын атап өтті.
Кездесу барысында тараптар жобалау стандарттарын жетілдіру, жаңа технологиялар енгізу және кәсіби тәжірибе алмасу бағытында жұмысты бастау мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар қаланың құрылыс саласына халықаралық практиканы бейімдеу, энергия тиімділігі талаптарын көтеру және техникалық бақылау сапасын арттыру мәселелері де қозғалды.
HD өкілдері әлеуметтік нысандардың жобалануы, көлік жүйесін жоспарлау, жаңа тұрғын аудандардың инфрақұрылымын қалыптастыру және көпқабатты кешендерді жобалау секілді бағыттарда ынтымақтастық орнатуға дайын екендерін жеткізді.
Тараптар келіссөз соңында нақты жобаларды зерделеу үшін жұмыс тобы құрылатынын айтты. Алдағы кезеңде институт мамандары қаладағы бірнеше аумақты алдын ала талдаудан өткізіп, ұсыныстар дайындамақ.
Кездесу жобалау саласындағы тәжірибе алмасу, бірлескен инфрақұрылымдық бастамалар және жаңа жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырумен аяқталды. Бұл келіссөз Шымкенттің халықаралық жобалау ұйымдарымен әріптестігін кеңейтуге және қаланың инфрақұрылымдық даму сапасын арттыруға бағытталған қадамдардың бірі ретінде бағаланды.


