Шымкенттің энергетикалық инфрақұрылымы: Жаңа қосалқы станциялар мен желілер
Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы – инженерлік инфрақұрылымның сапасына тікелей байланысты. Қаладағы электр энергиясын сапалы қамтамасыз ету тұрғындардың тұрмысы мен шағын, орта және ірі кәсіпкерліктің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Қаладағы 81 елді мекен толық электр қуатымен қамтылған. Бұл – мегаполистің дамуының басты көрсеткіштерінің бірі.
Шымкент аумағында 6 966 км электр желісі, 46 қосалқы станция, 2 438 трансформатор жұмыс істейді. Коммуналдық меншіктегі желілер – 3 832,4 км, ал «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-де – 3 133,6 км.
Электр қуатының негізгі көзі – «Энергоорталық-3» АҚ (121 МВт), ал сыртқы көздерден тасымалданатын қуат: Екібастұз МАЭС (221 МВт), Шардара СЭС (13 МВт), Жамбыл МАЭС (40 МВт). Қаланың тұтынуы – 400–450 МВт, яғни қуат жеткілікті резервпен қамтамасыз етілген.
Қала әкімдігі және энергетикалық басқарма жаңа құрылыс аумақтары мен кәсіпкерлік объектілерді сапалы электрмен қамтуға бағытталған 8 жобаны іске асыруда. Бұл жобалар нәтижесінде 11 мыңнан астам тұрғын сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі.
«ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС желілерінің тозуы – 57%. 2024 жылы 100,5 км электр желісі, 36 трансформатор және 1 қосалқы станция жаңартылды. 2025 жылдың соңына дейін жоспарланған жұмыстар:
• 90,5 км желі жаңарту
• 33 трансформатор орнату
• 4 қосалқы станция салу
• 3 км ВЛ-35кВ желісін тарту
Нәтижесінде тозу деңгейі 56,4%-ға төмендейді, бұл электр қуатының сенімділігін арттырады.
Электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету – шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа қосалқы станциялар мен инфрақұрылымды жаңарту жобалары – қаланың тұрақты дамуы мен әлеуметтік экономикалық көрсеткіштерінің өсуінің кепілі.
Бұдан бөлек, жаңа және ескі аудандардағы электр жүйесін жаңарту арқылы қаладағы жарықтың сөну проблемалары азайып, тұрғындарға тұрақты және сапалы қызмет ұсынылады.


