Шымкентке тартылатын инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден аспақ

Oinet.kz 21-11-2025 12

Шымкент қаласының экономикасы соңғы жылдары тұрақты өсім траекториясына шықты. Бұл табыстың негізгі себебі – қала әкімдігі жүргізіп отырған тиімді инвестициялық саясат пен инвесторларға жасалған қолайлы жағдайлар.

Screenshot_8.jpg

2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында Шымкентке 233 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54 пайызға жоғары. Ел Үкіметі бекіткен жоспарға сәйкес, биылғы жылы қала экономикасына 1 триллион 54 миллиард теңге инвестиция тарту көзделіп отыр.

Қала экономикасын әртараптандыру және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында 2025–2029 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібі саласында 112 жаңа кәсіпорын ашу жоспарланған. Бұл жобаларға жалпы сомасы 406 млрд теңге инвестиция тартылып, 8,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Биылдың өзінде 73 млрд теңгеге 22 жаңа кәсіпорын іске қосу көзделген. Солардың бірі — «QazAlPack» ЖШС алюминий қаптамасын өндіретін зауыт биыл наурыз айында жұмысын бастады.

Аталған жобалар іске қосылған соң, Шымкенттің өнеркәсіптік өнім көлемі 50 млрд теңгеге артып, экспорт 18 млн АҚШ долларына дейін ұлғаяды деп күтілуде.

Қала әкімдігі инвесторларға толыққанды қолдау көрсетіп отыр. Өнеркәсіптік алаңдарда инфрақұрылымы дайын, ұзақ мерзімге жалға берілетін жер телімдері ұсынылады. Сонымен қатар, кәсіпорындар коммуналдық қызметтерді жеңілдетілген тарифпен пайдалана алады.

Ал арнайы экономикалық аймаққа қатысушылар салықтық жеңілдіктерге ие. Бұл шаралар өндіріс шығындарын азайтып, бизнестің тұрақты дамуына жағдай жасайды.

Қазіргі уақытта қалада жалпы аумағы 1 276 гектарды қамтитын жеті өндірістік аймақ жұмыс істеп тұр. Олардың ішінде 306 гектарлық «Жұлдыз» және 132 гектарлық «Бозарық» индустриялық аймақтары 2024 жылы іске қосылған болатын. Бұл аймақтар жаңа зауыттар мен өндіріс орындарын орналастыруда шешуші рөл атқарып отыр.

Шымкентте инвесторлармен тиімді байланыс орнатуға арналған «Shymkent Invest – Front Office» инвестицияларды тарту және инвесторларды қолдау орталығы құрылды. Аталған ұйым 2025 жылғы 24 қаңтардағы қала әкімдігінің №248 қаулысымен ашылған.

«Front Office» негізгі бағыттары, қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру, инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және сараптамалық қолдау көрсету, инвестициялық мүмкіндіктер туралы ақпараттық база қалыптастыру.

Инвесторларға арналған мемлекеттік қолдаудың басты құралы — инвестициялық келісімшарттар. Мұндай келісімдер шеңберінде кәсіпкерлер кедендік төлемдерден босатылады, мемлекеттік заттай гранттар алуға мүмкіндігі бар, шикізат пен материалдарды импорттауда 5 жылға дейін ҚҚС төлеуден босатылады.

Басым бағыттағы жобаларға корпоративтік табыс салығы, жер және мүлік салығы бойынша да жеңілдіктер қарастырылған. Бұл тетіктер жаңа өндірістерді құруға және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңартуға ынталандырады.

Қалада бүгінде инвестициялық капиталды тартудың ашық әрі болжамды шарттарын қамтамасыз ететін көпдеңгейлі жүйе қалыптасқан. Шымкент әкімдігі мен бизнес қауымдастық арасындағы сындарлы диалог ел және шетел инвесторларының сенімін нығайтып келеді.

Сарапшылардың пікірінше, жоспарланған 1 триллион теңгелік инвестиция Шымкенттің өндірістік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, қаланы Орталық Азиядағы ірі индустриялық және логистикалық орталықтардың біріне айналдыруға жол ашады.

Экономиканы әртараптандыру: Шымкент өндірістік әлеуетін арттыруда
Баспанамен қамтуда әлеуметтік осал топтарға басымдық беріледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу