Экономиканы әртараптандыру: Шымкент өндірістік әлеуетін арттыруда

Oinet.kz 21-11-2025 12

Шымкент қаласында өнеркәсіптік өндіріс тұрақты өсім көрсетіп, өңір экономикасының негізгі тірегіне айналып отыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, өндіріс көлемі мен инвестициялар айтарлықтай артқан, бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құруға және экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік беріп отыр.

Screenshot_7.jpg

Биылғы жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша, қалада 816 белсенді өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді, олардың 704-і өңдеу өнеркәсібі саласында қызмет атқарады. 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында өндіріс көлемі 309,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,9 пайызға артқан.

Шымкенттің өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсім көрсетуде — 2025 жылдың алғашқы үш айында 262,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Өнеркәсіптік өндіріс индексі 120,8 пайызға жетіп, саладағы оң динамиканы айқындады.

Кейбір бағыттарда айрықша өсім байқалады. Машина жасау – 3,2 есеге. Жиһаз өндірісі – 2,3 есеге, резеңке және пластмасса бұйымдары – 43,9%-ға, дайын металл бұйымдары – 69%-ға, тамақ өнімдері өндірісі – 28,6%-ға артқан. 

Бұл көрсеткіштер қала экономикасының құрылымдық жаңаруын және жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылғанын дәлелдейді.

Шымкентте бүгінде 7 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Жалпы сомасы 670,1 млрд теңгені құрайтын 427 жоба жүзеге асырылуда. Тек 2024 жылы 847 млн теңгеге 3 инвестициялық жоба іске қосылып, 68 жаңа жұмыс орны құрылған.

Атап айтқанда, «Easy Pack» ЖШС – полиэтилен өнімдерін өндіру, «Бумпром» ЖШС – картон шығару, «БЕРЕКЕ ИНВЕСТ-5» ЖШС – өнеркәсіптік электр жабдықтарын өндіру жобалары табысты іске қосылды.

«ОҢТҮСТІК» индустриялық аймағы

Бұл аймақ Шымкенттің негізгі өндірістік орталығы саналады. Мұнда 130 млрд теңге көлеміндегі 96 жоба жүзеге асырылып, 3 064 жұмыс орны ашылуда. Соңғы жылы «Balabi textile», «Cleans Fabric» және «Nappa.kz» сияқты кәсіпорындар іске қосылып, тоқыма және тұрмыстық тауарлар өндірісін кеңейтті.

«ОҢТҮСТІК» арнайы экономикалық аймағы

Арнайы экономикалық аймақта жалпы инвестиция көлемі 67,9 млрд теңгені құрайтын 41 жоба жүзеге асырылып, 1 847 адам жұмыспен қамтылған. 2024 жылы 7,8 млрд теңгеге 4 жаңа инвестициялық жоба іске асырылды. Оның ішінде «Hayat cosmetics» ЖШС мен «Cleans Fabric» ЖШС ылғалды майлықтар өндірісін, ал «Nappa.kz» ЖШС аяқ киім шығару ісін жолға қойды.

«ЖҰЛДЫЗ» индустриялық аймағы

Мұнда 179 млрд теңге көлеміндегі 59 жоба жүзеге асырылуда. Жоба аясында 4 174 жаңа жұмыс орны ашылған. Биылдың өзінде 39 млрд теңгеге 7 жаңа жоба іске қосылып, 951 жұмыс орны құрылды. Олардың қатарында «Wan Sheng Ceramic» ЖШС-нің керамикалық тақталар өндірісі мен «Юг Oil Pro» ЖШС-нің битум және асфальт өндірісі бар.

«ТАССАЙ» индустриялық аймағы

Бұл аймақта 95,3 млрд теңге көлемінде 42 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 33 жобасы аяқталып, 2 195 адамға жұмыс берілді. Соның ішінде «Shymkent-Reklama» ЖШС жарнамалық құрылымдар өндірісін іске қосты.

2025–2029 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы құны 541,2 млрд теңге болатын 115 инвестициялық жоба іске асырылып, 8,8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Тек 2025 жылдың өзінде 79,7 млрд теңге инвестиция көлеміндегі 22 жоба жүзеге асып, 1,2 мың жұмыс орны құрылмақ.

Шымкент қаласы бүгінде өңдеу өнеркәсібінің жаңа деңгейіне көтеріліп, республикадағы өндірістік өсімнің маңызды орталығына айналуда. Инвестициялар көлемінің ұлғаюы, жаңа технологиялардың енгізілуі және кәсіпкерлік белсенділіктің артуы қаланың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, Шымкентті Орталық Азиядағы ірі өнеркәсіптік хабтардың біріне айналдыруда.

Ұлттық жоба аясында энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту мәселелері талқыланды
Шымкентке тартылатын инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден аспақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу