Әскери сала қызметкерлері мемлекеттік тіл байқауында бақ сынады

Oinet.kz 09-11-2025 5

Шымкентте Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты республикалық байқау өтті.

Screenshot_14.jpg

Әуезов университетінің базасында өткен іс-шараға еліміздің әскери салада қызмет ететін 11 өңірінен келген, қазақ тілін еркін меңгерген этнос өкілдері қатысты.

Байқау мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, қазақ тілінің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін арттыруға бағытталды. Сондай-ақ, ана тілімізді жетік меңгерген, қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген азаматтарды ынталандырып, жастар арасында тілге деген құрмет пен қызығушылықты ояту – негізгі мақсаты болды. Бұл – тіл саясатын ілгерілетудің тиімді жолдарының бірі, дейді ұйымдастырушылар. 

Іс-шара барысында университеттің қоғаммен байланыс және мәдениет жөніндегі проректоры Садыбек Қалмаханұлы құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік тіл – ата-бабамыздан қалған қасиетті аманат, ұлттың рухы мен елдіктің негізі екенін атап өтті. Сондай-ақ тілдің мәртебесін көтеруге үлес қосып жүрген қатысушыларға сәттілік тіледі.

Төрт кезеңнен тұратын байқау барысында қатысушылар шығармашылық таныстыру, ой толғау, мақал-мәтел сайысы сияқты тапсырмалар арқылы өз білімдері мен өнерлерін көрсетті. Филолог ғалымдар, қоғам қайраткерлері және әскери сала мамандарынан құралған қазылар алқасы қатысушылардың тілдік дайындық деңгейін бағалап, жеңімпаздарды анықтады. Қатысушыларға алғыс айта отырып, жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Кудратилла Утепов лайық деп танылды. Жамбыл облысынан келген Кудратилла Утепов байқауда өз дарыны мен белсенділігі арқылы көзге түсіп, лайықты жеңімпаз атанды. Ол өз өнерімен көпшілікті тәнті етіп, ерекше әсер қалдырды.

- І орын – Ильгар Ахметов (Шымкент қаласы);

- ІІ орын – Александр Сон (Жетісу облысы);

- ІІІ орын – Владислав Шегай (Қызылорда облысы);

- ІІІ орын – Зульяр Асматулаевқа (Солтүстік Қазақстан облысы) бұйырды.

«Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты республикалық байқау мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, оның қоғамдық өмірдегі маңызын арттыруға және қазақ тілін меңгерген азаматтарды қолдауға бағытталған. Байқау аясында қатысушылар тіл білудегі деңгейін көрсетіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге де өз үлесін қосады. Бұл – мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлін айқындайтын маңызды шара.

«Қыздарымыз ибалы болса – ұрпағымыз иманды»
Студенттер халқымыздың бай рухани мұрасымен танысты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу