«Қыздарымыз ибалы болса – ұрпағымыз иманды»
Қыз баланың тәрбиесі – ұлт болашағының негізі. Себебі болашақ ана – бүгінгі қыз, ал ана тәрбиесі – ұрпақ тәрбиесі. Қазақ халқы ежелден қыз баланы ерекше құрметтеп, нәзіктік пен ибалықтың, тәрбиелілік пен тазалықтың символы ретінде қадірлеген.

Қыз тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау – қоғамның, отбасының, әсіресе ананың басты міндеті. Бұл бағыттағы тәрбие – қыздың ішкі жан-дүниесін қалыптастырып, оны болашақ өмірге, отбасылық міндеттерге, қоғам алдындағы жауапкершілікке дайындайды. Қыз тәрбиесі – тек әдеп пен ибалылық емес, ол ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, білімді, табанды, парасатты азамат тәрбиелеу жолы. Сондықтан да ұлттың ұйытқысы – әйел десек, сол ұйытқының негізі – дұрыс берілген қыз тәрбиесінде жатыр. М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар
колледжінде «Қыздарымыз ибалы болса – ұрпағымыз иманды болады» және «Қызды қымтап ұстаған – ұятқа қалмайды» тақырыптарында ақпараттық-түсіндіру жұмысы өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – жас қыздардың бойында ұлттық құндылықтарды, әдептілік пен инабаттылық қасиеттерін қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, ерте жүктіліктің денсаулыққа, психологияға және әлеуметтік жағдайға әсерін түсіндіру. Осы мәселелер бойынша дұрыс түсінік беріп, оларды қорғау және олардың өміріндегі қиындықтарға төтеп беру жолдарын көрсету. Қыздардың психологиялық жағдайын жақсарту, қауіпсіз өмір сүру үшін қажетті білім мен дағдыларды беру, оларға өз құқықтарын қорғауды үйрету — осы іс-шараның маңызды міндеті.
Кездесуге психологтар – Сатибалдиева Гүлчехра Алимжановна, Еркинбекова Ақзада Оралбековна, гинеколог – Муратова Мария Сапарбаевна, «Аналар клубының» төрайымы – Аширбекова Дина Бахтиярқызы, «Сырғалым қыздар клубының» төрайымы – Темірғали Дәмелі Абайқызы және колледж медбикесі Набатова Жамиля Кенжебековна қатысты. Олар
жастар тәрбиесі, қыз баланың психологиялық және физиологиялық саулығы, ұлттық құндылықтарды сақтау сынды маңызды тақырыптар төңірегінде пайдалы кеңестер беріп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар студенттерге тұлғалық дамуға бағытталған ойларымен, өмірлік тәжірибелерімен әсерлі әрі шынайы сыр бөлісіп, қыз тәрбиесінің қоғамдағы маңызын ерекше атап өтті. Іс-шара жастардың саналы көзқарасын қалыптастыруға және тәрбиелік бағытта ой салуға ықпал етті. Кездесу сұрақ-жауап түрінде жалғасып, студент қыздар мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.
Іс-шара соңында қатысушыларға алғыс білдіріліп, қыз баланың ар-намысы мен инабаты – ұлттың ұяты мен болашағы екені ерекше атап өтілді.


