Жасыл энергия және транзиттік әлеует – ел дамуының жаңа бағыты
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауынан: әлемде транзиттік бағыттар үшін бәсекелестік күшейіп келеді.
Арзан балама жолдар мен жаңа бағыттар ұсынылуда. Қазақстан бұл жағдайда алдын ала әрекет етіп, әрдайым бір қадам алда болуы қажет. Бұл еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға және халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін күшейтуге ықпал етеді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қуат көздерін жан-жақты жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен ауқымды жобалар іске асырылуда. Алдағы бес жыл ішінде қуаты 6,3 гигаватт болатын “жасыл” энергия нысандарын пайдалануға беру жоспарланған.
Бұл бастамалар Қазақстанның орнықты дамуына, энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, қазіргі заманда мемлекеттердің даму бағыты тек экономикалық өсіммен ғана емес, табиғатқа деген көзқарасымен және геостратегиялық артықшылықтарын тиімді пайдалануымен де өлшенеді. Қазақстан үшін жасыл энергияны дамыту мен транзиттік әлеуетті арттыру – елдің болашағын айқындайтын екі басты стратегиялық бағыт.
Жасыл энергия – бұл таза табиғи көздерден алынатын энергия. Күн, жел, су, биомасса сияқты экологиялық қауіпсіз қуат көздері бүкіл әлемде сұранысқа ие болып отыр. Өйткені көмір мен мұнайға тәуелділік экологиялық тепе-теңдікті бұзып қана қоймай, адамзаттың денсаулығына да зиян тигізеді. Қазақстан осы тұрғыда орасан зор мүмкіндіктерге ие: еліміздің кең байтақ даласында күннің шуағы мол, желі күшті, су ресурстары жеткілікті. Жасыл энергияны игеру – табиғатты қорғап қана қоймай, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді әрі болашақта жаңа жұмыс орындарын ашып, инновациялық технологиялардың дамуына жол ашады.
Сонымен қатар, Қазақстанның географиялық орналасуы – үлкен артықшылық. Еуразия құрлығының қақ ортасында жатқан еліміз Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын алтын көпір іспетті. Транзиттік әлеуетті тиімді пайдалану арқылы Қазақстан халықаралық сауда жолдарының маңызды торабына айнала алады. Теміржол, автокөлік, әуе және теңіз бағыттарын үйлестіріп, логистикалық инфрақұрылымды дамыту – ел экономикасына қосымша табыс әкеліп, сыртқы байланыстарды нығайтады.
Жасыл энергия мен транзиттік әлеует – бір-бірін толықтыратын бағыттар. Таза энергия өндірісі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз көлік жүйесін дамытуға мүмкіндік береді. Ал заманауи транзиттік жолдар жасыл технологияларды енгізуге қолайлы жағдай туғызады. Бұл – Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясындағы басты басымдықтардың бірі.