Үлкенді құрметтеу әдебі - қоғамда сыйластық пен тәртіптің орнауына ықпал етеді
Үлкенді құрметтеу әдебі — қазақ халқының салт-дәстүрінде терең орын алған, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиенің негізгі қағидаларының бірі.
Бұл — отбасында берілетін тәрбие негізі болып, қоғамда сыйластық пен тәртіптің орнауына ықпал етеді. Үлкенге құрмет көрсету — адамгершілік пен әдептіліктің көрінісі, ол әрбір жастың бойына кішіпейілділік, сабырлылық, ізет пен инабаттылық сияқты асыл қасиеттерді сіңіреді. Жаһандану заманында асыл қасиетті сақтап қала алдық па? Қоғамдағы кейбір орын алған жағдайларға қарап, әдепті жоғалтып алмадық ба деген ой да мазалайды. Халықтық дәстүрлерімізді зерттеуші шымкенттік ғалым, М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің профессоры А.Ахметқызы қазақ өзінің қоғамдағы беделін әрдайым жоғары санаған. Халықтық әдептілік кодексінде үлкенді сыйлау деген ұғым өте маңызды орын алған, дейді.
– Үлкенге құрмет жоғары қағида ретінде санаға сіңіріледі, соны ұстану арқылы өмірдегі табысқа жетуге және халық адында беделді атануға болады. «Кәрінің сөзі - бал», «Кәрінің сөзі - дәрі», «Кәрі ағаш жас ағашқа сүйеніп тұрады», «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді». Бұл мақалдар егде адамдардың даналық белгісі екенін, тұрмыстық тәжірибе мен әдептілік ережелерінің сақтаушылары екенін дәлелдейді.
Жас ұрпақты қартайған ата-анасына қамқор болуға жауапкершілк сезіміне тәрбелеу идеясы «қара шаңырақ», «кенже ұл» ұғымдарына негіз болған. Балалардың үлкендер алдында орындауы тиіс ережелері бар: үлкеннің жолын кеспе, өскенде елге қадірсіз боласың; үлкендердің әңгімесіне араласпа және тың тыңдама, бөгет жасамай шығып кет, әйтпесе керең боласың; үлкендерге үнемі «сіз» деп сөйле және тағы сондайлар. Үлкендер де өз кезегінде, балаларға қамқорлық жасайды, оларды жақсы көріп, тиісінше көңіл бөледі, өз білімін балалармен қарым-қатынас жасағанда, мәжбүрлемей-ақ үйретеді. Отбасындағы бірде-бір салтанат олардың қатысуынсыз өтпейді, жастар олардан ақыл сұрайды, пікірлерін сыйлайды, қартық өмірін алаңсыз өткізуіне жағдай жасауға тырысады, - дейді профессор А.Ахметқызы.
Шымкент қалалық №66 мектептің ұстазы Роза Жарасбаев «бұл – тек әдеп сақтау ғана емес, ұрпақ бойына адамгершілік, кішіпейілділік, сабыр мен ізеттілік қасиеттерін сіңірудің негізгі жолы. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген нақыл сөздің өзі осы дәстүрдің маңыздылығын көрсетеді»», - дейді.
«Үлкенді сыйлау – отбасынан басталатын тәрбиенің алғашқы баспалдағы. Балалар ата-анасын құрметтеп, олардың айтқанын тыңдаса, кейін ол қасиет үлкенге деген жалпы сыйластыққа ұласады. Мұны өмірлік тәжірибемізден де көріп жүрміз. Үлкен кісінің жолын кеспеу, сөзін бөлмеу, алдымен сәлем беру, орын ұсыну, ақыл-кеңесін тыңдау – осының бәрі үлкенге деген құрметтің белгісі. Мұндай тәрбие көрген ұрпақ ешқашан қатыгез не өзімшіл болмайды, керісінше, елін, жерін сүйетін, адамға мейірімді азамат болып қалыптасады» - дейді ұлағатты ұстаз.
Қазіргі заманда жастардың бойында осы қасиетті тәрбиені сақтау – өте маңызды. Әлемдік жаһандану, технология мен ақпарат ағынында ұлттық құндылықтарды жоғалтып алмау үшін осындай дәстүрлерімізді насихаттау қажет.