Әділетті, Таза, Қуатты Қазақстан – меритократиядан басталады
Астана қаласында өткен ұстаздардың республикалық тамыз конференциясына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, білім саласына қатысты нақты ұстанымдарын білдірді.
Биылғы Тамыз конференциясында айтылған бастамалар ұстаздардың кәсіби мәртебесін арттыру мен білім сапасын жаңғыртуға бағытталған нақты шаралар ретінде ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың конференция жұмысына осымен екінші рет арнайы қатысуы білім саласына деген терең назардың, тұрақты қамқорлықтың айқын дәлелі. Бұл білім мен ғылымды дамытпай ел ілгерілемейді деген нақты ұстанымның көрінісі.
«Біз бір ел, бір халық болып, Әділетті, Таза әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін нақты реформаларды қолға алдық. Бұл – ауқымды әрі күрделі жұмыс. Бүгінге дейін біраз шаруа атқарылды. Елдегі саяси жүйе толық жаңғырды. Ұлттық экономиканың жаңа бағдары айқындалды. Қоғамымыз дамып, азаматтардың сана-сезімі өзгеруде. Мемлекеттік қызметте меритократия қағидаты басты орынға шықты. Билікте де «отбасылық жүйе» жоқ. Азаматтарды қызметке тағайындау кезінде ең алдымен олардың білімі мен кәсіби білігі ескеріледі.
Сонымен елімізде Президент айтқандай қазір елімізде рухы азат, ойы еркін ұрпақ өсіп келеді. Заңды сыйлау, тәртіпке бағыну қоғамның мызғымас қағидасына айнала бастады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан жаңа сипатты ел болу жолына бет бұрды. Бірақ өзгерістерді жасау – бір бөлек болса, оны біржола орнықтыру – бір басқа мәселе. Ол үшін, ең алдымен, қоғам санасы түбегейлі жаңғыруы қажет. Осы ретте сіздерге, яғни ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Себебі, нағыз «Адал азамат» мектеп қабырғасында қалыптасады», - деді Президен.
Әділетті, таза және қуатты Қазақстанды құру – бәріміздің ортақ мақсатымыз. Бұл жолда білім беру жүйесі ерекше рөл атқарады. Себебі, ел болашағы – мектеп қабырғасынан басталады. Ұстаздар жаңа ұрпақтың бойына адалдық пен әділдікті сіңіріп, елге қызмет ететін азаматтарды тәрбиелеуде басты тұлға. Қоғамдық сананы жаңғырту да дәл осы білім ордаларынан бастау алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметтің басты қағидаты ретінде меритократияны атап өтті. Бұл – қызметке туыстық не таныстық арқылы емес, білім мен кәсіби білік арқылы келу деген сөз. «Билікте «отбасылық жүйе» жоқ» дегені – қоғамға берілген айқын сигнал: жаңа Қазақстанда әділет пен тең мүмкіндік басым болмақ.
Мұндай өзгерістер – тек мемлекеттік басқаруда ғана емес, бүкіл қоғамда әділдік мәдениетін қалыптастырады. Заңға бағыну, тәртіпке мойынсұну, өз күшіне сену – осының бәрі азаматтық сананы өсіреді. Президент атап өткендей, бұл құндылықтар мектеп қабырғасынан басталады. Өйткені, адал, білімді, принципшіл азаматтарды қалыптастыру – ұстаздың қолында. Мұғалім – болашақ меритократиялық қоғамның алғашқы «іргетасын қалаушы». Жаңа сапалы ұлт қалыптастыру – бір күннің ісі емес, бірақ әрқайсымыздың үлесімізбен бұл жол айқын әрі берік болмақ.