Рухани-танымдық бағыттағы іс-шара

Oinet.kz 20-08-2025 15

Ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген сазгер Шәмші Қалдаяқов халқымыздың рухани өмірі мен музыкалық мәдениетіндегі алатын орны орасан.

Screenshot_52.jpg

Оның әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Композитор шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік – Шәмші шығармаларының басты тақырыбы. 

Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты №2 кітапхана бөлімшесінде Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның қазіргі әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған кеш ұйымдастырылды. Ол кеш қазақ вальсінің королі атанған әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби-әуенді кешке ұласты. Рухани-танымдық бағыттағы іс-шараның мақсаты – сазгердің мәдени мұрасын кеңінен насихаттап, жас буынға ұлттың өнер қайраткерлері туралы терең мағлұмат беру.

Кешке қаланың зиялы қауымы мен ардагерлері, атап айтқанда Славян этномәдени бірлестігінің мүшелері, Шәмші Қалдаяқовтың туған қарындасы Райхан Қалдаяқова, Қазақстан Қарулы күштерінің ардагері, полковник С.Мещанов, Оралхан Қожамжаров, И.Аманқұлов, Қ.Тұранов және көпшілік оқырмандар қатысты. Кеш шымылдығы Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы бейнероликпен ашылды. Кітапхана қызметкерлері композитордың жастық шағынан бастап, оның қазақ музыкасына сіңірген еңбегіне дейінгі өмір жолын баяндап берді. Шәмшінің авторлығымен жазылған 300-ден астам әннің ішінде «Менің Қазақстаным», «Ана туралы жыр», «Ақ бантик», «Сүйген қалам – Шымкентім» сынды туындылардың тарихына тоқталды. Жалпы қазақ вальсінің королі атанған әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың азаматтық лирикаға тұнған, республикамыздың кең байтақ жерін жырға қосатын «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Теріскей», «Қарқаралы», «Өмір өзен», ағы басқа туындыларын жұртшылық ерекше ықыласпен қабылдады. Композитордың марш екпінді, жігерлі, шаттықпен шырқалатын «Менің Қазақстаным», «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу» сияқты әндері халық арасына кеңінен тарады. 

Шара барысында композитордың өмір жолы мен шығармашылығын қамтитын тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме аясында оқырмандар назарына сирек кездесетін фотоматериалдар мен басылымдар, сондай-ақ өнер иесіне арналған естеліктер ұсынылды.

Кештің көркін Шымкент қаласының этномәдени бірлестігі «Светоч» хорының орындауындағы Шәмші әндері қыздырды. Халықпен бірге орындалған «Әнім сен едің» және «Қазақ вальсі» сынды әуендер жүректі тербеп, залды ерекше атмосфераға бөледі. Сөз алған қатысушылар Шәмшінің қазақ мәдениеті мен өнеріндегі орны, оның әндерінің ұрпақтан-ұрпаққа жететін мәңгілік құндылығы жайында жылы лебіздерін білдірді. Кеш соңында жиналғандар ұлы сазгердің рухына тағзым етіп, оның әндерін бірге шырқады.

Жұлдыз және Жалын тұрғын алаптары көгілдір отынға қосылды
Ұлт рухын көтерген фестиваль
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу