Жұлдыз және Жалын тұрғын алаптары көгілдір отынға қосылды
Шымкентте қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жалғасын тауып келеді.
Бүгінгі күні қалаға қарасты Жұлдыз және Жалын шағынаудандарында барлығы 144 абонент табиғи ғазға қосылып, көгілдір отынның игілігін көруге мүмкіндік алды.
Бұл мәселе бұған дейін қос шағын аудан тұрғындары тарапынан бірнеше рет көтерілген болатын. Ондағы тұрғындармен қала әкімі Ғабит Сыздықбековте арнайы кездесу өткізген. Кездесу барысында Жұлдыз бен Жалын шағын ауданының тұрғындары табиғи газға қосылу мәселесін айтқан еді. Бұл шағын ауданда көп үйдің әлі күнге дейін көгілдір отынға қосылмағанын білген шаһар басшысы тұрғындардың өтінішін ескерусіз қалдырмай, жауапты басқарма мен тиісті аудан әкімдігіне мәселені егжей-тегжейлі зерделеуді және тиісті шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Қала әкімінің тапсырмасынан кейін мұндағы шағын ауданға магистралды газ құбыры желісі жүргізіліп, бүгінгі күні 1400 тұрғын үй табиғи газ жүйесіне қосылған. Қалған азаматтар үшін де ішкі газ жүйесіне қосылуға мүмкіндіктер қарастырылуда.
Шағын аудан тұрғындардың қуанышына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысты. Сөйтіп, Жұлдыз және Жалын тұрғын алаптарында табиғи газ салтанатты түрде берілді. Атап өтерлігі, газ құбырларының құрылысы өткен жылдың тамыз айында тұрғындармен көшпелі кездесулер кезінде айтылған өтініштері бойынша басталған болатын. Бүгін Жұлдыз шағынауданында 834 абонент, ал Жалын шағынауданында 566 абонент көгілдір отынға қол жеткізді. Жалпы 33 шақырымнан астам газ құбыры салынды. Осының арқасында екі тұрғын алабы да орталықтандырылған газ жүйесіне қосылды.
Қала әкімі тұрғындардың көптен күткен қуанышына ортақтасып, мердігерлерге жұмыстарды сапалы және уақтылы орындағаны үшін алғыс айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі – халықтың жайлылығын қамтамасыз ету. Соның бірі осы, яғни халықты кедергісіз көгілдір отынмен қамту. Бұл талап біздің қаламызда жоспарлы жүзеге асырылуда. Оған бүгін өздеріңіз де куә болып отырсыздар, - дей келіп, қала әкімі алдағы атқарылатынжұмыс барысымен таныстырып өтті.
Айта кету керек, әлі де көгілдір отынға қосылмаған тұрғындар бар. Газға қосылу үшін тұрғындар техникалық шарттарды алуға өтініш беруі керек. Мұны «eGov Mobile» қосымшасы немесе электрондық үкіметтің веб-сайты egov.kz. арқылы жасауға болады.