Ұлт рухын көтерген фестиваль
Халқымыздың рухани өмірі мен ұлттық музыкалық мәдениетіндегі Шәмші Қалдаяқовтың алатын орны орасан екені – ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Биыл қазақ вальсінің падишасы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы кең көлемде аталып өтуде.
Шымкент қаласында ұлы композитордың туған күніне арналған «Бақыт құшағында» республикалық фестивалі Шымкенттің аспанын әуезді әуенге бөледі.
Қала халқы мен қонақтары Шәмші әндерінің құшағында қалықтап, ұмытылмас кештің куәсі болды. Мерекелік іс-шара ұлы композитор ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Салтанатты жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қалалық мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов бастаған зиялы қауым, белгілі өнер майталмандары мен жұлдыздар қатысты.
Шәмші Қалдаяқов – аты алты алашқа әйгілі, қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған ұлы композитор. Ол – бүкіл ел мойындаған, жалпы халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленген, қалың жұрттың қайнаған ортасынан шыққан дара дарын, тума талант, аты көзі тірі кездің өзінде аңыз болып кеткен бірегей өнер иесі. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Шәмші шығармашылығының бағы жаңаша жанды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Ш.Қалдаяқовтың ересен еңбегіне үлкен жанашырлық танытып, кеңестік қызыл империя кезіндегі әділетсіздіктерді қалпына келтірді. Бүгінде дара дарынның әндерінің республикалық, халықаралық байқаулары мен ән фестивальдарын өткізу дәстүрге айналды.
Шымкент қаласында қазақ вальсінің падишасы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Бақыт құшағында» республикалық фестивалі соның жалғасы. Фестиваль сахнасында республикаға танымал әншілер – Светлана Айтбаева, Жеңіс Ысқақова, Айжан Нұрмағанбетова және жергілікті өнер жұлдыздары, оның ішінде Заттыбек Көпбосынұлы Шәмші әндерін әуелете шырқады. Әнші «Дүнген қызы» әуенін бастай бергенде, сахна алды толқып, бүкіл халық орындарынан тұрып, шаттана би биледі.
Бар ғұмырын ән әлеміне арнап, 300-ге жуық туынды қалдырған Шәмшінің «Қазақстаным» әні бүгінде мемлекеттік Әнұранның негізіне айналып, ел мерейін асыруда. Шәмшінің осы әнін алып қарайтын болсақ, Халықтың тарихымен, елімен, жерімен, тыныс-тіршілігімен тікелей байланысты. Осыларды таратып, мән бере байқасаңыз, сонда барып автордың адами бейнесі, кісілік келбеті, бітім-болмысы жан-жақты көрінеді. Мұнда Шәкеңнің өзі айтатын «әннің жазылуына себеп болған жайлар», идея авторы – Шәмшінің Жұмекен ақынға ұсыныс айтуы секілді ойлар ойға оралады, сөйтіп, оның көркем бейнесі таныла түседі.
Кеш бойы «Арыс жағасында», «Қайықта», «Менің Қазақстаным» секілді туындылар шырқалып, қала тұрғындарын әсем әуеннің сиқырына жетеледі.