Елді ел ететін – бірлік, халықты ұйыстыратын – құндылық
Қазақстан – жүздеген ұлт пен ұлыстың, түрлі дін мен мәдениет өкілдерінің тату өмір сүріп келе жатқан ерекше мекені.
Бұл – тарихтың жай ғана тоғысы емес, ата-бабамыздың ғасырлар бойы қалыптастырған кең пейілі мен төзімділігінің, парасатты саясатының жемісі. Татулық – бейбіт өмірдің тірегі ғана емес, әрбір азаматтың ертеңіне сеніммен қарауының негізі.
Тарих дәлелдегендей, елдің тұрақтылығы мен дамуы – халықтың бірлігі мен татулығына тікелей байланысты. Бірлігі бұзылған мемлекеттер ұзаққа бармайды, ал ынтымағы жарасқан елдер өркениет көшінде алдыңғы қатарда болады.
«Қазақстан – ортақ үйіміз» қағидасы бүгінде жай ұран емес, шынайы өмір салтына айналды. Әртүрлі этнос өкілдері мемлекеттің дамуына тең дәрежеде үлес қосып, ғылым, білім, өнер, бизнес және мемлекеттік басқару саласында иық тірестіріп еңбек етуде. Халық бір-бірінің тіліне, салт-дәстүріне құрметпен қарап, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу қағидасын ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келеді. Бірлік – тек моральдық құндылық емес, ол әлеуметтік келісім, азаматтық теңдік, заң үстемдігі және қоғамдық диалог арқылы бекітілген жүйе. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы бағыттағы басты алаң болып отыр.
Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап, қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты ұлттық қауіпсіздік пен дамудың басты тірегі етті. Бұл – ғасырлар бойғы тәжірибеден туған ұстаным. Ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс, тың игеру сияқты тарихи сындар елдің этникалық құрамын байытты, бірақ алауыздық емес, мәдениеттер тоғысы мен өзара түсіністіктің негізін қалады.
Әрбір қазақстандық үшін «Отан» ұғымы туған жермен ғана шектелмейді. Ол – бейбітшілік пен келісімнің, достық пен бірліктің символына айналған ел. Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Бұл – көпұлтты мемлекет үшін үлкен жетістік. Қазақстанның бұл жетістігі кездейсоқ емес. Оның негізінде терең саяси көрегендік, дұрыс ұстанымдар мен салиқалы ішкі саясат жатыр. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі ерекше. Ол – еліміздегі ұлттар арасындағы ынтымақ пен бірліктің алтын көпіріне айналған бірегей институт.
Бірлік – ұлттың берік қалқаны, татулық – елдің баянды бақыты. Қоғамда өзара түсіністік пен сыйластық салтанат құрған жерде тұрақтылық орнығады. Ал тұрақтылық – дамудың, өркендеудің және болашаққа сеніммен қадам басудың кепілі. Жаһандану дәуірінде сыртқы және ішкі сын-қатерлер көбейген шақта, ең басты қорғанымыз – бірлігіміз. Ынтымақ пен татулық сақталған жерде мемлекет мызғымайды, болашаққа сенім де берік болады.