Медицина мекемелерінде алты полиция бекеті ашылды

Oinet.kz 20-08-2025 10

Медицина қызметкерлерін құқықтық тұрғыдан қорғауды күшейту және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау мақсатында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы Полиция департаментімен бірлесіп тәулік бойы күзет бекеттері ұйымдастырды. 

Screenshot_50.jpg

Полиция қызметкерлері оқыс оқиғалар жиі болатын қабылдау бөлмелерінде кезекшілік қызметін атқаратын болады. Азаматтардың құқыққа қайшы келетін әрекеттері туындаған жағдайда полиция қызметкерлері олардың алдын алу үшін заң аясында әрекет етуге құқылы. 

Соңғы кездері дәрігерлерге қатысты негізсіз сипаттағы агрессиялық жағдайлар жиы орын алуда. Дәрігер ауыр жарақат алған жағдайлар да жоқ емес. Енді, міне Шымкент қаласында алты медициналық мекемеде полиция бекеттері жұмыс істей бастады. Олардың қатарында №1 клиникалық аурухана, №2 және №3 қалалық ауруханалар, Перинаталдық орталық, Қалалық перзентхана және Балалар ауруханасы бар. 

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, бұл шара медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау жағдайларының көбеюіне байланысты қабылданыпты. Жалпы денсаулық сақтау министрлігі аумақтық полиция департаменттерімен бірлесіп республика бойынша медициналық ұйымдарда тәулік бойы жұмыс істейтін 152 полиция бекетін ашса, соның алтауы Шымкент қаласында ашылған. Ендігі кезекте Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы «Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы», «Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығы» және «Хадиша» емханасында тәуліктік кезекшілік ұйымдастырып, медициналық мекемелердегі тәртіпті сақтау мақсатында Шымкент қаласы полиция департаментіне бақылауға алу туралы хат жолдапты. 

Медицина қызметкерлері бұл бастаманы қолдап, оның қауіпсіз және тұрақты жұмыс ортасын құруға ықпал ететінін айтып отыр. «Қауіпсіздік бекеттері – біздің іс жүзінде қорғалғанымыздың белгісі. Қабылдау бөлімінде тәулігіне түрлі жарақаттары бар, әртүрлі жағдайды басынан өткерген бірнеше жүзге жуық адам жүгінеді. Біз пациенттердің ғана емес, сонымен қатар олардың туыстарының да агрессиясына тап боламыз. Барлығы шұғыл көмекті қажет етеді, ал медициналық көмек Triage сұрыптау жүйесі бойынша жүзеге асырылатыны ескерілмейді. Әр пациенттің өзіндік «басымдық дәрежесі» бар. Бірақ, өкінішке орай, дәрігерге деген құрмет жоқ», – деді медицина өкілі. 

Полиция бекеттерін ұйымдастыру оқиғаларға жедел жауап беруге, шиеленістердің алдын алуға, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Елді ел ететін – бірлік, халықты ұйыстыратын – құндылық
Медицина мекемелерінде алты полиция бекеті ашылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу