Әжелер мектебі – ұлттық құндылықтың көзі
Қазақ – басынан қандай қиын замандар өтсе де ұрпағына ұлағатты тәрбие бере алған халық.
Ұлтжанды ұл, қылықты қыз тәрбиелеген. Әсіресе, көпті көрген қарт ата мен әженің тәрбиесі қазақ қоғамында үлкен рөл атқарған. «Ел болам десең, бесігіңді түзе»,- дейді Мүхтар Әуезов. Ал бұл сөздің өз мәнінде жүзеге асуының түп негізін әжелер өнегесінен алып қарауымыз да заңды секілді. Бұл ұлағатты сөз кез келген адамды, ең алдымен, өз елінің салт дәстүріне деген жанашырлыққа, ұлттың ұлы мұратына деген адалдыққа, Отанға деген шынайы тазалыққа үйретері һәм имани нұрға жетелері хақ. Осыдан-ақ, әжелер мектебі – бұл ұғымды бойға тереңнен сіңіретін бірден-бір жол десек, еш қателеспеспіз.
Осыған орай Шымкент қаласында ел Конституциясының 30 жылдығына орай «Мерейлі 30 күн» жобасы аясында «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Отбасы құндылығы: кеше және бүгін» тақырыбында ашық есік күні өтті. Оған Салт-дәстүр орталығының мүшелері, Әжелер кеңесі, Әкелер кеңесі, Әділет басқармасы, Жас отбасылар кеңесі, медиаторлар, орталықтың заңгерлері, «Аманат» партиясының өкілдері, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мамандары мен Полиция департаменті бөлімшесінің қызметкерлері қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – отбасы институтын нығайту, ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты арттыру, сондай-ақ қоғамда отбасы құндылықтарын кеңінен дәріптеу болды. Кездесу барысында қатысушыларға отбасылық құқық, әлеуметтік қолдау шаралары, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері және тұрмыстық жанжалдарды шешу жолдары бойынша жан-жақты кеңестер берілді. Мамандар құқықтық, әлеуметтік және психологиялық бағытта көмек көрсетіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ отбасының қоғамдағы орны, ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар өзара пікір алмасып, тәжірибе бөлісті.
Сонымен қатар іс-шара барысында «Әжелер мектебінің» шеберлік сағатын тамашалаумен жалғасын тапты. Ақ жаулықты аналарымыз тоқыма, ұршық иіру өнерін көрсете отырып, жасаған еңбектерімен бөлісті. «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» – демекші, ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің атқарар еңбегі ерекше. Осы тұста әкелер мектебі өкілдері салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты байланыстыра отырып көрініс қойды.
Адамның адами болмысы мен асыл қасиеттері отбасында қалыптасады. Ал, отбасындағы басты құндылық ұлттық тәрбие деуге болады. Ал кездесу соңында барлық қатысушылар бір-біріне алғыс айтып, отбасы – қоғамның берік іргетасы екендігін тағы бір мәрте атап өтті.