«Мерейлі отбасы – 2025» байқауының жеңімпазы республикалық кезеңге жолдама алды

Oinet.kz 20-08-2025 9

Шымкент қаласында «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық байқауының қалалық кезеңі мәресіне жетті.

Screenshot_46.jpg

Қалалық Жастар ресурстық орталығында дәстүрлі түрде жылда ұйымдастырылып келген байқаудың кешегі күні жеңімпаздары мен лауреаттарын марапатталды. Ол марапаттау рәсіміне қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек те қатысты. 

Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Ақбота Бекхожақызының айтуынша, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы республикамызда 2013 жылдан бері жыл сайын тұрақты өткізіліп келеді. Былтыр «Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық байқауы конкурсының қалалық кезеңіне 183 отбасы өтініш білдіріп, іріктелген 20 отбасы ақтық сынға өткен болатын. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан Сыдықовтар отбасы жеңімпаз атанып, Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алып, ол жақтан олжалы оралған еді. Ал биыл 150 өтініш түсіп, 20 отбасы байқауға қатысқан. 

– Бұл ұлттық байқау отбасылық құндылықтардың жандануына, дәстүрлердің жаңғыруына, түрлі буын өкілдерінің арасындағы сыйластықтың нығаюына, ұрпақ тәрбиесіне жаңаша дем беріп, өнегелі әулеттердің өрісін кеңейтуге ықпал етіп келеді. Соңғы жылдары ұлттық салт-дәстүр мен отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында өткізіліп жүрген іс-шараға қатысуға ниет етушілердің қатарының көбейгені көңіл қуантады. Биыл Шымкент қаласында өтінім қабылдау 15 мамыр мен 15 маусым аралығында жүргізіліп, 150-ден астам өтініш түсті. Үздіктер арасынан қалалық кезеңге 20 отбасы іріктелініп, олар отбасы мүшелерінің қоғамға қосқан үлесі, балалардың жетістігі, еңбек дәстүрін сақтау және ұрпақ сабақтастығын қалыптастыру бойынша бағаланды, – деді Ақбота Бекхожақызы. 

Сондай-ақ бөлім басшысы биылғы байқауда еңбек династияларына ерекше мән берілгенін және іріктеу жұмыстарының аудандық кезеңнен бастап жүйелі жүргізілгенін айтты. Жалпы байқаудың негізгі мақсаттары – отбасы институтын, адамгершілікті нығайту, жауапты некенің маңыздылығын мойындау; ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру; отбасылық құндылықтарды, кәмелетке толған балалардың еңбекке жарамсыз және қарт ата-аналарға қамқорлығын насихаттау; қазақстандық отбасының оң имиджін насихаттау.

Ал байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде Сәрсен Абайұлы дәстүрлі отбасылардың ел бірлігін сақтаудағы рөлін атап өтіп, қазақ қоғамында ер азаматтың, ананың, қыз-келіннің өзіндік орны ғасырлар бойы қалыптасқанын және бұл жүйені сақтау, жас ұрпаққа жеткізу маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, бұрынғы жылдардағы жеңімпаздардың өмір жолы арнайы кітап ретінде жарық көретінін айтты. 

Жиында 20 қатысушы отбасының барлығына қала әкімінің алғыс хаттары мен теледидар сыйлыққа берілді. Ал бас жүлде иегері – Әл-Фараби ауданынан қатысқан теміржолшылар әулеті Нұртаевтар 1 миллион теңге көлеміндегі сертификатқа ие болып, 12 қыркүйекте Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.

Ұлттығымыздың басты міндеті – бірлігімізді бекемдеп, татулығымызды сақтау
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу