Ұлттығымыздың басты міндеті – бірлігімізді бекемдеп, татулығымызды сақтау

Oinet.kz 19-08-2025 5

Бүгінгі күні Қазақстанда 130-дан астам этнос, 18 конфессия өкілдері өмір сүреді. Әрқайсысының мәдениеті, дәстүрі, тілі – ұлттық байлығымыздың ажырамас бөлігі.

Screenshot_45.jpg

Осы алуандықты бір арнаға тоғыстыра білген ел ғана болашақта бәсекеге қабілетті бола алады. Қоғамдық келісім ұғымы тек этносаралық татулықпен шектелмейді. Бұл – әр азаматтың ел дамуына жауапкершілікпен қарауы, заңға құрметпен қарауы, әділеттілік пен өзара сыйластықты басты ұстаным етуі. Қазақстанның дамуы үшін әрбір тұрғынның бейбіт өмір мен тұрақтылықтың құнын түсінуі маңызды.

Қазақ жері миллиондаған тағдырларды тоғыстырды, пана болды. Кеңес дәуірінде қазақ халқы тоталитарлық саясаттың салқынын сезген талай жанға қайырымдылығы мен кеңпейілдігін, даналығы мен қонақжайлығын көрсетті. Ұлтымыз паш еткен асқақ адамгершіліктің, адал ниеттің, шынайы жанашырлықтың арқасында талай этнос өкілдері қиын-қыстау шақтың ауыртпалығын еңсерді, қазақ жерінде өнді-өсті, бақытын тапты. Міне, осындай өрелі істің нәтижесінде елімізде 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясының негізі қаланды. Қазақстанда Ассамблеяның ресми туған күні 2016 жылы «Алғыс айту» күнімен белгіленіп бекітілген болатын. Осы күннен бастап түрлі этнос өкілдері депортация кезінде өз жақынындай қабылдаған қазақтарға ыстық ықыласын, жылы лебіздерін білдіретін болған. Ал биыл осы бірегей институттың 30 жылдығы жыл бойына мерекеленіп, тойлануда. Қоғамда адами құндылықтарды мейірімділікті, достықты, ризашылықты, азаматтардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін ілгерілету арқылы қазақстандық бірегейлік пен халық бірлігін нығайту және дамытуға басты назар аударылып отыр. Құрылғанына 30 жыл толған конституциялық институт Тәуелсіздік жылдарындағы толағай табыстардың бастауынан табылып, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқын берекелі еңбекпен ел ырысын арттыруға жұмылдырып келеді.

 Бүгінде білім беру, ғылым, мәдениет, экономика, спорт салаларындағы жетістіктеріміздің артында да осы бірлік тұр. Себебі тек татулық орнаған елде ғана шығармашылық ой мен жаңа бастамаларға жол ашылады. XXI ғасыр – жаһандық өзгерістер, жаңа технологиялар, ақпараттық ағын дәуірі. Бұл заман мемлекеттерге жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа қауіптер де әкелуде. Экономикалық дағдарыстар, экологиялық мәселелер, ақпараттық манипуляциялар мен әлеуметтік желідегі араздық тудыру әрекеттері – осының бәріне төтеп беру үшін мықты бірлік қажет.

Қазақстан үшін ең бастысы – кез келген жағдайда ішкі тұрақтылықты сақтап, халықтың сенімін нығайту. Бұл – мемлекеттік саясаттың ғана емес, әрбір қазақстандықтың ортақ міндеті. Бірлік пен татулық – мемлекеттің дамуы мен өркендеуінің алтын діңгегі. Біз бүгін осы құндылықтарды сақтау арқылы келер ұрпаққа бейбіт әрі гүлденген Қазақстанды аманаттай аламыз. Әр азамат өз бойында толеранттылықты, сыйластықты, әділеттілікті қалыптастыра білсе, еліміз кез келген сын-қатерге төтеп береді. 

Ұлтжандылық отанға деген сүйіспеншіліктен басталады
«Мерейлі отбасы – 2025» байқауының жеңімпазы республикалық кезеңге жолдама алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу