Ұлттық идеологияның негізі және түп қазығы – Ата Заң

Oinet.kz 19-08-2025 7

Шымкент қалалық Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында ұлт тарихнамасынан сыр шерткен «Ата заңым – айбыным» атты кітап көрмесі өтті. 

Screenshot_37.jpg

Ұйымдастырушылардың айтуынша, кітап көрмесі Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған. Ол көрмеге қала тұрғындарымен қатар жастар және жоғары оқу орнының студенттері қатысты. 

Көрмеде қазақ тарихындағы азаматтық құқық, жауапкершілік, жаза қолдану аясында жазылған Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» заңдар жинағы туралы кітапханашылар студенттерге баяндады. Конституцияның рөлі, халық пен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас, қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелері түсіндірілді. Мерзімді басылымдар мен құқық жайлы кітаптарға шолу жасалды.

«Тоғыз бөлім мен тоқсан сегіз баптан тұратын Ата заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп басталады. Бұл мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі», – дей келіп, кітапханашылар көрмеге «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген қойылған  «Қазақтың ата заңдары» 10 томдығы, Әз Тәукенің «Жеті жарғы» заңдар жинағы, Ә.Қопабаевтың «Ата заң – мемлекет дамуының іргетасы», М.Нәрікбаевтың «Ақиқаттың ақ жолы», М.Матаеваның «Конституционная история Казахстана и стран Центральной Азии XX века» еңбектеріне шолу жасады.  ⠀

– Байқап отырғандарыңыздай еліміздің Ата заңы халқымыздың дербес ел болуды армандаған, мүддесін заң тілінде айшықтаған, жер шарына, адамзат ғаламына «Қазақстан» деген мемлекет бар екенін паш еткен ерекше құжат. Ата заңымыздың өзгешелігі Қазақстан Республикасының тәуелсіз дамуының мемлекеттік тұғырын, басқару тәсілін, билік тармақтарын бекітіп, «байырғы қазақ жерінде мемлекет құрылғанын» жария етті. Конституция бізге, адамдық қадір-қасиетімізге қол сұғылмауына, тіліміз бен дініміздің дамуына, ар-ождан бостандығын қорғауға, адал еңбегімізбен тапқан мүлкіміз бен меншігімізді сақтауға кепілдік береді. Сондықтан құқықтық мемлекет, заңның жоғарғы мәртебелілігі, Конституцияның мызғымас беріктігі, ұлттық идеологияның негізі және түп қазығы екенін мойындауымыз керек, – дейді кітапхана қызметкерлері.

Сонымен, Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ата заңым – айбыным» атты кітап көрмесінде жастарға еліміздің Ата заңын, өзге де құқықтық құжаттарын таныстырып, қоғам алдындағы жоғары жауапкершілік пен патриотизмді, Қазақстан азаматтарының бірлігін таныту мақсатының мән мазмұны насихатталды.

Абай мұрасы жастардың ұлттық рухани мұраға деген құрметін арттырды
Салт-дәстүр мен заманауи құқықтық мәдениетті бейнелейтін көрме
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу