Қолдау көп
Өткен жылы облыс орталығы атанған Түркістан қаласында қазіргі таңда қызу құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде жаңа жұмыс орындары мен тұрғын-үй құрылыстары көп үлесті алып отыр. Бұл – алдағы уақытта қалада тұрғындар саны артып, тұтынушылар көбейеді деген сөз. Экономика заңына салсақ, олар сапалы қызметке мұқтаж болады. Осыған орай, дәл қазір Түркістанда кәсіпкерлерге зор мүмкіндік туып отыр. Кәсіптерінің іргесін алғаш болып қалғандар жетістікке оңай әрі тез жетеді.
Бүгінде Түркістанда кәсібін бастап жатқандар аз емес. Оларға мемлекет тарапынан лайықты деңгейде қаржылай көмек көрсетілуде. Мысалы, кәсіпкерлерді төмендетілген пайызбен несиелендіру бойынша биыл алғашқы 4 айда «Оңтүстік» АИО» ЖШС арқылы 9,5 млн.теңгені құрайтын 1 жобаны, «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-і 306,7 млн.теңгені құрайтын 51 жобаны қаржыландырған. Ал, «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша 12 жобаның қаржыландырылуын ұйымдастыру жоспарланған.
Бүгінгі таңда аталмыш бағдарлама аясында субсидиялау және кепілдендіру бойынша «Қарапайым экономика заттары» жобалық офиске Түркістан қаласынан 23 жоба ұсынылған. Оның: 5 туризм, 5 тамақ өндіру, 2 жеңіл өнеркәсіп, 1 жиһаз жасау, 1 жоба білім саласы және 9 жоба ауыл шаруашылық саласындағы жобалар. Олардың ішінен туризм бағытындағы «Түркістан нұры» ЖШС-ның қонақ үйі құрылысы жобасының құжаттары «Цесна банктың» қарауына жолданды. Қажетті инфрақұрылыммен жыл басынан 9 жоба қамтамасыз етілген. Жалпы құны 5410,0 мнл.теңгені құрайтын жобалар 670 жаңа жұмыс орнын ашып, қаланың өнеркәсіп саласындағы өнім көлеміне 4700,0 млн. теңгеге үлес қосады деп жоспарланып отыр.