Шымкент қаласында көпфункциялы қызмет орталығы кәсіпкерлерге көмек беруде

Oinet.kz 27-09-2023 249

Шымкент қаласында кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдау көп. Соның бірі қалалық кәсіпкерлер палатасының жанынан ашылған көпфункциялы қызмет көрсету орталығы арқылы жүзеге асырылуда. Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Айдана Бейсебекованың айтуынша, жұмысын биылғы 16 маусымынан бастаған орталықта бүгінге дейін 1817 қызмет көрсетілген.

Screenshot_20.jpg

Яғни, үш айда – екі мыңға жуық қызмет.  Оның ішінде қаржылай емес қолдау көрсету бойынша 355 қызмет, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының жұмысы аясында 205, «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы аясында 15, «Кәсіпке бағыт» құралы бойынша  46, халыққа қызмет көрсету орталығында  988, инвесторлар мен кәсіпкерлерді сүйемелдеу фронт-кеңсесінде 198 қызмет көрсетіліпті. 

- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсету керектігін көтеріп келеді. Біздің орталық кәсібін жаңа бастағандарға қолдау көрсетумен айналысуда. Жалпы бұл жоба жұмыс істеп тұрған бизнес пен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындарға кәсіп жүргізудің барлық кезеңінде кешендік қолдау көрсетуге бағытталған. Мамандар бизнес-идея туындаған сәттен бастап жобаны қаржыландыру мен жүзеге асыруға дейін сүйемелдейді. Мемлекеттік, банк, сервистік және қаржы институттарының қызметі, жалпы, заңды тұлғаларға арналған 800-ден астам қызмет бір орында –  осы көпфункциялы қызмет көрсету орталығында көрсетіледі, - дейді ол.

Орталық жұмысы кәсіпкерлердің көңілдерінен шығып отыр. Іскер азаматтар «бір терезе» қағидаты нәтижесінде құжаттар рәсімдеу жеңілдегенін айтады.

– Барлық қызмет бір ғимаратта болғаны өте қолайлы. Палатаға әдетте CT-KZ сертификатын рәсімдеуге келемін. Кезегімді күтіп отырғанда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барып, салық есебі туралы біле аламын, анықтама алуыма болады. Алдағы уақытта заңды тұлғаларға көрсетілетін қызмет аясы кеңейіп жатса, қуанамыз, – дейді кәсіпкер Камила Абдикеримова.

Орталық мамандарының айтуынша, негізінен есеп тапсыру, заңды тұлғаны тіркеу, жылжымайтын мүліктің құжаттарын заңдастыру секілді қызметтер кең қолданылып жатыр.

– Жалпы, Шымкент елімізде шағын және орта кәсіпкерлер саны бойынша алдыңғы қатарда келеді. 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша қаладағы шағын және орта бизнес саны 130 104-ті құрап, 2022 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 36,2 пайызға артқан, – дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Айдана Бейсебекова.

Шымкент қаласына қарасты Сайрам ауданы таза ауызсумен қамтылуда
Шымкент қаласында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі халықпен кездесті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу