Шымкент қаласында үш мың кәсіпкерге қолдау ұлттық жоба аясында көрсетілді
Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерлік жақсы дамып келеді. Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаевтың айтуынша, шаһарда кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде 3 378 жобаға қолдау көрсетілген. Мемлекеттік қолдаудың жалпы соммасы 11 миллиард 861,1 миллион теңгені құрап отыр.
Сондай-ақ Ұлттық жобада шағын кәсіпкерлер, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері алатын несиелердің сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау көзделген. Мұндай кәсіпкерлерге берілетін несиенің шекті соммасы 3 миллиард теңгеден, ал, несиелеу мерзімі 5 жылдан аспауы шарт. Несиенің сыйақы мөлшерлемесі ҚР Ұлттық банкі белгілеген базалық ставкаға 5 пайыз қосқандағы көрсеткіштен аспауы тиіс. Оның 13,75 пайызын мемлекет субсидиялайды, ал айырмасын кәсіпкердің өзі төлейді. Оған қоса ұлттық жоба шеңберінде екінші деңгейлі банк несиелері бойынша ішінара кепілдендіру тетігі де қарастырылған.
Банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлеменінің бір бөлігін субсидиялау бағыты бойынша 3 021 жобаға 10 миллиард 921,9 миллион теңге қолдау көрсетілген. Ал, банк несиелерін ішінара кепілдендіру бағыты бойынша 357 жобаға 939,2 миллион теңге қолдау көрсетілген.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауларында кәсіпкерлік және қайта өңдеу саласын дамытуға басымдық берілген. Сонымен қатар кәсіпкерлерді қолдау шаралары, несиелендіру, өнімін субсидиялау мен дамыту жолдары да айқын көрсетілген. Бұл бағыт бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында берілетін несиенің ең жоғары мөлшері 20 миллион теңге, ал, айналым қаражатын толықтыру мақсатында берілетін несие үшін бұл шек 5 миллион теңгені құрайды. Несиенің сыйақы мөлшерлемесі ҚР Ұлттық банкі белгілеген базалық ставкаға 7 пайыз қосқандағы көрсеткіштен аспауы тиіс. Оның 15,75 пайызын мемлекет субсидиялайды, ал, айырмасын кәсіпкердің өзі төлейді. Сонда шағын кәсіпкерлер ұлттық жоба аясында қаржы нарығындағыға қарағанда әлдеқайда арзан несиеге қол жеткізеді, – дейді Үсен Исаев.
Айта кетейік, ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік гранттар ұсыну қаржылық жоспарға сәйкес қазан айында өткізу жоспарлануда.