Шымкент қаласында жастарға жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие берілуде
Шымкент қаласында жастарға кәсіп ашып, өз бизнестерін жүргізуге барынша қолдау көрсетілуде. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, биыл жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беру жобасы аясында 300-ден астам азаматтан өтініш түсіпті. Оның ішінде бүгінгі таңға 164 жас оң қорытындысын алған. Олардың 129-ына шағын несие беріліп, басым көпшілігі өз кәсіптерін ашып, жұмыс істеуде.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауларында елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ылайықты көңіл бөліп отыр. Бүгінде қала әкімдігі тарапынан кәсіп ашамын дегендерге жан-жақты қолдау бар. Сол қолдаудың арқасында қаламызда кәсіпкерлер саны арта түскен. Мәселен, кезекті комиссия отырысында жас кәсіпкерлердің бизнес-жоспарлары қаралды. Жиында шағын несие алуға үміткер 40 азаматтың бизнес-жобалары тыңдалды. Нәтижесі бойынша хаттама түзілуде. Жастардың басым көпшілігі ауыр жүк көлік тасымалы, мүйізді ірі қара мал бағу мен сауда-саттық дүкендерін ашу идеяларын ұсынуда, - дейді қала әкімі.
Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау 21 мен 35 жас аралығындағы азаматтарды қамтиды. Жас кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейінгі несиені мал шаруашылығы жобалары үшін 7 жылға дейін, кәсіптің басқа түрлері үшін 5 жылға дейінгі мерзіммен ала алады. Кепілзат ретінде арнайы техника, жылжымайтын мүлік және жер учаскелері қабылданады. Кепілге қоятын мүлік болмаса кепіл берушіні тартуға болады.
- Жаңа шарттарға сәйкес, кепілді мүлік түрлерінің тізбесі де кеңейтілді. Қосымша екінші деңгейлі банк шоттарындағы қаражаты, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда, аудан орталықтарында, облыстық және аудандық бағыныстағы қалаларда, сондай-ақ ауылдарда және ауылдық елді мекендерде жылжымайтын мүлік, жеке меншік құқығындағы /бастапқы ұзақ мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалға алу) (егістік) құқығындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы, жайылымдарды суландыру және қоршау инфрақұрылымы бар және бау-бақша өсіруге арналған жер телімдері, мамандандырылған техникалар қабылданады. Туындаған сұрақтар бойынша https://www.agrocredit.kz сайты арқылы ақпарат алуға болады. Құжаттар «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы Шымкент қаласындағы филиалында қабылданады. Ол Қонаев даңғылы, 3/3 мекенжайда орналасқан, - дейді қала әкімі.