Биыл 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылады
Шымкентте индустриялық-инновациялық дамуға ерекше көңіл бөлінуде. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, мегаполистің ірі сауда-логистикалық хабқа айналуға толық мүмкіндігі бар. Осы мақсатқа жету үшін мамандар инвесторлармен белсенді жұмыс істеп, индустриялық аймақтардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа өндіріс орындарын іске қосуда.
Шымкент қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, жалпы құны 1,7 триллион теңгені құрайтын 227 инвестициялық жобаның базасы қалыптастырылған. оларды бес жыл ішінде яғни 2027 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланған.
Ал биыл 29 миллиард теңгені құрайтын 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Соның арқасында 2,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің айтуынша, мегаполис жыл сайын инвесторлар үшін тартымды бола түсуде.
– Инвестициялық жобаларға ерекше назар аудару керек. Өңірімізде жұмыс істеуге ниетті инвесторларға барлық жағдайды жасау қажет. Бұл Шымкенттің экономикалық дамуына да, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатына да оң әсерін тигізеді, өйткені жаңа өндіріс орындары қосымша жұмыс орындарының ашылуын білдіреді. Индустриалды аймақтардың басшылығына жобаларға тұрақты мониторинг жүргізіп, инвесторлардың мәселелерін шешуде мемлекеттік қолдау көрсетуді тапсырамын», — деді М.Әйтенов.
2023 жылдың бірінші тоқсанында Шымкентке 84,8 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жыл соңына дейін олардың көлемі 722 миллиард теңгеге дейін артады деп жоспарлануда.
Шымкент қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков атап өткендей, жаңа индустриялық жобаларды жүзеге асыру өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім түрін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мегаполис импортты алмастыру бағытын белгілеп, шетелден әкелінетін тауарларды өндіру жобаларына ерекше көңіл бөлуде.