Бас дәрігер медициналық ұйымдарды аралады
Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков «Қаратау» шағын ауданына қарасты медициналық ұйымдарды аралап, қала шетіндегі халыққа қол жетімді медициналық қызметті арттыру мәселелерін талқылады.
Қаланың бас дәрігері қала тұрғындарынан жиі шағым түсетін «Отау мед» ЖШС- гіне қарасты Достық, Тұран шағын ауданындағы клиникаларды аралап шықты.
«Отау мед» клиникасына қарасты Тұранда орналасқан медициналық ұйымда тіркелген халық саны – 11 150, оның басым бөлігі балалар. Алғашқы медициналық санитариялық көмек көрсететін ұйымда жалпы практикалық дәрігерлер, учаскелік мейіргерлер, және бейінді маман дәрігерлері жұмыс істейді.
Ал Достық шағын ауданында орналасқан емханада тіркелген халық саны 14 мыңнан аса. Медициналыұ ұйымда толықтай аралап шыққан басқарма басшысы клиниканың бас дәрігері Қайрат Джахаевқа халықтан түскен арыз шағым бойынша күндізгі стационар жұмысын күшейіп, төсек санын көбейтуді тапсырды.
Кездесу соңында басқарма басшысы «Отау мед» клиникасының бас дәрігеріне халыққа сапалы медициналық қызметті көрсету үшін дамыту жоспарын қайта даярлап, халыққа қажетті жағдай жасау қажеттігін тапсырды.
Айта кетейік, Шымкентте 5 жылда денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасымен жарақтандыруға 19 млрд.теңге бағытталып, қамту деңгейі 67 пайыздан 79 пайызға артты. Соңғы 4 жылда 12 жеке емханалар ашылып, мемлекеттік емханалардың жүктемесі 30 пайызға азайды.
Өткен жылы қалада жеке инвестор есебінен ПЭТ/КТ сәулелі терапия орталығы ашылып, қатерлі ісік ауруын бастапқы сатысында анықтап, алдын ала емдеуге мүмкіндік беруде. Биыл жеке инвесторлар есебінен 3 жаңа емхана ашылды.
Осы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан жалпы өлім көрсеткіші 8%-ға (2022ж. – 1741; 2023ж. – 1604), нәресте өлімі 20,6% - ға төмендеді (2022ж. – 122; 2023ж. – 97). Ана өлімі тіркелмеген (2022ж. – 7,9; 2023ж. - 0). Сонымен бірге 2025 жылға дейін жаңа заманауи перзентхана мен жеке инвесторлардың есебінен 800 орындық клиниканың құрылысы және 6 медициналық орталық ашу жоспарлануда.